Қазақстанда балаларға өндіріп алынатын алимент мөлшері қайта қаралуы мүмкін
Қазақстанда балаларға өндіріп алынатын алимент мөлшері қайта қаралуы мүмкін
8 жыл бұрын 2753 inform.kz

Алимет мөлшерін белгілеу кезінде баланың мүдделері ескерілуі тиіс.

Бұл туралы Алименттер өндіріп алу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

«Біріншіден, алимент мөлшерін белгілеу тәртібін қайта қарауды ұсынамыз. Бүгінгі күні ол борышкердің еңбекақысының үлестерінде айқындалады және балалардан гөрі әкенің мүдделері ескерілген», - дейді ол.

Оның үстіне, «айлакер» борышкерлер заңды айналып өтудің тәсілін игерген.

«Олар жалақысы төмен жұмыстарға орналасқан жағдайларды мысалға келтіріп өттім. Содан кейін заңды түрде балаларына 5-6 мың теңгеден аударып отырған. Бүгін бұл ақшаға баланы тамақтандыруға, киіндіруге бола ма? Сондықтан, баланың мүдделері басымдықты болуы тиіс деп ойлаймыз. Баланың жасына қарай алименттердің базалық мөлшеріне заңмен кепілдеме берілуі тиіс. Борышкердің табысын да ескеруді ұсынамыз. Бірақ, тек мынадай принцип бойынша - еңбекақы қаншалықты жоғары болса, алименттердің минималды мөлшері соншалықты жоғары болуы тиіс», - деп түйді сөзін И. Меркель.

Айта кетейік, бұның алдында хабарлағанымыздай, Қазақстанда алименттер бойынша қарыз 2 млрд. теңгеге жуықтаған. Бүгінде елімізде 350 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж.

0 пікір
Мұрағат