Қазақстан араб еліне бітімгершілік күштерін аттандырады
Қазақстан араб еліне бітімгершілік күштерін аттандырады
6 жыл бұрын 2647 Руслан Ғаббасов

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров бітімгершілік ротаның Ливандағы миссияға дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде біздің бөлімшені бітімгерлік миссияның біріне бағыттау үшін ауқымды дайындық жұмысын жүргізіп жатырмыз», - деп нақтылады министрдің орынбасары.

Оның атап өтуінше, Ливанға шамамен 120 адам жіберіледі.

«Біз барлық қажетті рәсімдерден өттік, енді кейбір стандартты рәсімдер ғана қалды. Бұл шараларды БҰҰ талап етіп отыр. Күзге қарай ротаны бағыттаймыз. Алдын ала жоспар бойынша олар Ливандағы миссияға барады», - деді Т. Мұхтаров.

Осы орайда елімізде бітімгерлік қызмет туралы тиісті заңнама қабылданғанын еске салып өткен Т. Мұхтаров: «Бүгінде БҰҰ-мен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Ливанға барып, қызметті атқаратын жермен танысып келдім. Бұл бітімгерлік миссия бейбітшілікті қолдауға негізделген», - деп түсіндірді. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Қазбат» сапына енуге ниеттілер қатары қалың көрінеді. Сондықтан да іріктеудің қатаң тәртібі бекітілген. Осы орайда денсаулық жағдайы, спорттық даярлығы, кәсіби дағдылары, тілдерді меңгеруі, психологиялық тұрақтылығы және басқа да жеке қасиеттері ескеріледі.

0 пікір
Мұрағат