Министр дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды
Министр дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды
8 жыл бұрын 2769 BNews.kz

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың ойынша, бүгінде дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірлеу керек. Алдағы уақытта оны кеңінен талқыға салу жоспарланып отыр. Ал осы саладағы мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейту үшін Үкімет жанындағы мекемеаралық комиссия құру туралы ұсыныс бар. 

«Біздіңше, заңдарға енгізілетін барлық профилактикалық өзгерістер мен толықтырулар дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасына негізделуі шарт. Аталған құжат дін өкілдерінің жол нұсқаушысы іспетті болуы қажет. Бүгінде қоғам ішінде, сондай-ақ дін қызметкерлері арасында жалпы жүйені, соның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын бүгінгі заман талаптарына сай етіп реттеу керек деген пікір бар. Ал дін мәселелері саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру бойынша мекемеаралық байланысты күшейткен жөн. Аталған жұмысты Үкімет жанындағы мекемеаралық комиссияны құру арқылы жүргізуге болады», - деді министр «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде.

Жиынның негізгі бөлімінен кейін жаңа министр осы бастамаға қатысты өз түсініктемесін берді. Журналистердің «Біз – зайырлы мемлекетпіз. Дін мен мемлекет бөлек емес пе?» деген сұрағына Н.Ермекбаев: «Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы мемлекет дін мәселелеріне араласты дегенді білдірмейді. Негізі, бүгінде мемлекеттік саясат барлық салаларда жүргізіледі. Құжаттың мазмұны мүлдем бөлек мәселе. Қазір біз тек тұжырымдаманы әзірлеуді ұсынып отырмыз. Артынан бәріміз жиналып, оны кеңінен талқыға салатын боламыз»,-деп атап көрсетті.

Министрдің айтуынша, бүгінде 14-29 жас аралығындағы адамдар деструктивті идеялардың құрбанына айналып жатады. Қазақстанда болған террористік актілерді талдау кезінде лаңкестердің 55 пайызы 20 жасқа дейінгі адамдар екені анықталды. 35 пайызы 30-39 жастағылар болса, 10-ақ пайызы – 40 жастан асқандар.

«Сондықтан, жастардың санасы мен болашағын сақтап қалу үшін біз мемлекеттік жастар саясатын күшейтуіміз керек. Олар мемлекеттің дамуына өз үлесін қосқанын сезінуі тиіс», - дейді Н.Ермекбаев.

0 пікір
Мұрағат