Мектептегі төбелестен шықты". Пенжімде не болып жатыр?
Мектептегі төбелестен шықты". Пенжімде не болып жатыр?
3 жыл бұрын 2829

Алматы облысында қазақтар мен ұйғырлар тұратын Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы кикілжің соңы ересектердің қатысуымен тәртіпсіздікке ұласқан деген ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Облыстық полиция департаменті төбелес салдарынан зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған жасөспірімнің жағдайы қалыпты екенін, төбелеске байланысты іс қозғалғанын хабарлады. Бұл жайында azattyq.org ақпарат көзі хабарлайды. 

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы жанжал деп сипатталған видео 28 қазанға қараған түні әлеуметтік желі мен мессенжерде тарады.

Күндіз көпқабатты мектептің ішінен түсірілгенге ұқсайтын видеода ғимарат ауласында бір топ жасөспірімнің төбелесіп жатқаны, бір сәтте әлгілердің бірі жерде сұлқ жатып қалғаны, оған өзге оқушылар мен ересек адамдардың жәрдем көрсетуге тырысып жатқаны көрінеді.

Пенжім ауылында 5 мыңға жуық адам – қазақ пен ұйғыр аралас тұрады.

Әлеуметтік желіде "Пенжім ауылындағы жағдай" деп айтылған тағы бірнеше видеода түн мезгілінде көшеде топтасып айқайлап, әлдебір нысанаға кесек лақтырып жүрген адамдар, өртеніп жатқан ғимараттар, дабыл қосып, асығыс кетіп бара жатқан полиция көлігі көрсетілген. Бірақ түнгі оқиғалар мен мектеп оқушылары арасындағы төбелестің арасында қандай да бір байланыс бар-жоғы әзірге түсініксіз.

28 қазан күні Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі төбелес салдарынан зардап шеккен 16 жасар жасөспірім ауруханаға жатқызылғанын, "оның жағдайы қалыпты екенін" хабарлады. Алайда полиция ауылдағы жаппай тәртіпсіздікке мектептегі төбелестің қандай қатысы барын айтқан жоқ.

"Тексеру барысында 9-шы және 10-сыныптың екі шәкіртінің тәжікесінің арты оқушылар төбелесіне ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды" деп жазылған полиция таратқан ақпаратта.

Баспасөз қызметі облыстық полиция департаменті басшысы, Панфилов ауданы әкімі мен ауыл ақсақалдарының "Пенжімде жергілікті халықпен кездесіп, түсінік жұмысы жүргізілгенін" айтады.

Полиция Пенжім ауылы мен көрші елдімекендерге күзет қойған.

Азаттық тілшілері оқиға болған Пенжім ауылына аттанды. Әлеуметтік желіде бейсенбі күні билік өкілдері ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өткізбек деген ақпарат тарады. Облыс және аудан әкімдіктері Пенжімде болған оқиғаға байланысты Азаттыққа әзірге жауап бермей отыр.

(Ақпарат толықтырылады)

0 пікір
Мұрағат