Медициналық сақтандыру: Жұртты мазалаған 10 сұрақ
Медициналық сақтандыру: Жұртты мазалаған 10 сұрақ
7 жыл бұрын 3609 Қымбат Елтайқызы

Шілде айының 1-нен бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру енгізіледі. Түсіндіру жұмыстары республика көлемінде жүргізіліп жатқанына қарамастан тұрғындарды мазалайтын сұрақтар әлі де көп. Осыған байланысты Baq.kz тілшісі жиі қойылатын сұрақтарға жауап іздеп көрген еді. 

Елімізде сақтандыру аясында азаматтарды емханаға тiркеу жұмыстары басталып кетті. Азаматтар сақтандыру жүйесiндегi мәртебесiн 5 сәуiр мен 31 маусым аралығында анықтауы қажет.

2017 жылғы қаңтардағы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәлiметiне сәйкес, 17 млн 635 мың 937 адам базада тiркелген. Оның 6 млн жуығы – 18 жасқа дейiнгi балалар, 9,6 миллионы – 60 жасқа дейiнгi жұмысқа белсендi азаматтар, ал 2 миллионы – 60 жас және одан жоғары егде жастағы адамдар.

Сақтандыру жарнасының көлемі қандай?

Жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бастайды:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – әр жұмыскердің табысының 1%,

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 1,5%,

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2%,

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 3% көлемінде.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жеке кәсіпкерлер ең төменгі екі жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді. Қазір төменгі жалақы 24 459 теңгені құрайтынын ескерсек, кәсіпкер төлейтін ай сайынғы сома 2 828 теңгені құрамақ.

Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын (1414 теңге) құрамақ. Олар 2018 жылдың қаңтарынан бастап төлейді. Осы уақыттан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған 14 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл санатта жұмыссыздар да бар.

Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыскерлер жалақысынан 1%, 2020 жылдан бастап 2% көлемінде жарна төлейді.

Азаматтар медициналық сақтандыру шеңберінде қандай көмек түрлерін ала алады?

Бұл сұраққа «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директор Ерік Байжүнісов жауап берді.

«Сақтандырылған азаматтар келесі көмек түрлерін ала алады: емханалық-амбулаторлық көмек, емханада емделу, дәрігерлік қабылдау, зертхана қызметі, диагностика және манипуляциялар, стационарлық көмек – жоспарлы тәртіп бойынша ауруханада емделу, стационарды алмастыратын көмек – күндізгі стационарларда емделу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (емханалық-амбулаторлық көмек көрсетілген жағдайда), медбике күтімі (өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жағдайда), ауру салдарынан бөгде адамдардың көмегін немесе күтімін тұрақты қажет ететін тұлғаларға көмек көрсету, паллиативті көмек – айықпайтын, ауыр сырқаттарға шалдыққан науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың ауруын жеңілдету, денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем және медициналық оңалту», - деді Е.Байжүнісов.

Маманның айтуынша, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал, медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтар кез келген клиникадан медициналық көмек ала алады.

Жұмыссыздар жарнаны қалай төлейді?

«Егер адам жұмыссыз болса, Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссызбын деп мiндеттi түрде тіркелуі керек. Тіркелген азаматтарды мемлекет сақтандырады», - деді Е.Байжүнісов.

Маманның айтуынша, жалпы, мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлейді. Олардың саны – 10,1 млн адам. Бұл топқа жататындар: балалар; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған, жұмыс істемейтін тұлғалар; бала (балалар) туу, жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алу, үш жасқа дейін бала күтімімен айналысу үшін демалыста отырған тұлғалар; 18 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімімен айналысып отырған жұмыс істемейтін тұлғалар; зейнетақы алушылар; соның ішінде, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен ҰОС мүгедектері; сот үкімі бойынша қылмыстық-түзету (пенитенциарлық) жүйесінде (қауіпсіздігі минималды мекемелерді қоспағанда) жазасын өтеп жатқан тұлғалар; тергеу изоляторында отырған тұлғалар; жұмыссыз оралмандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар; мүгедектер; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерінде оқып жатқан тұлғалар; орта, кәсіптік және техникалық, ортадан кейінгі, жоғарғы білім, сондай-ақ ЖОО-нан кейінгі білім беру мекемелерін бітірген тұлғалар (олар оқу аяқталғаннан кейін үш ай бойы жарна төлемейді).

Сақтандыру жарнасы жұмысшылардың жалақысына әсер ете ме?

«2019 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтардың жарнасы жалақыдан ұсталады. Оған дейін, яғни, 2017 жылдың шілдесінен бастап олар үшін жұмыс берушілер ғана төлейді. Бұл жұмысшылардың жалақысына әсер етпеуі тиіс. Егер заң талаптары бұзылған жағдайда жұмысшылар салық органдарына шағымдануына болады», - деді Е.Байжүнісов.

Оның айтуынша, мемлекет жарнаны ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті арқылы төлесе, жұмыс берушілер, жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер ЕДБ мен Қазпошта арқылы төлейді. Қаржы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, әрі қарай Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі шотына түседі. Ал, қор қаржыны медициналық қызмет көрсеткен мекемелер мен емханаларға аударып отырады. Қор қаржысы бақылауда болады.

«Төлем кезінде алынатын комиссияны жарна төлеген азаматтың (мемлекет, жұмыс беруші және т.б) өзі төлейді», - деді басқарушы директор.

Қазақстанда тұратын шетелдіктер қалай сақтандырылады?

«Міндетті медициналық сақтандыру туралы» (МӘМС) заңның 2-бабы 2-тармағына сәйкес, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ, оралмандарға да ҚР азаматтарымен бірдей құқықтар мен міндеттемелер жүктеледі. Мысалы, олар да қазақстандықтар сияқты салық, соның ішінде, МӘМС жарнасын төлеуге міндетті. Аталған заңның 26-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін мемлекет жарна төлемейді», - дейді басқарушы директор.

Маманның айтуынша, шет мемлекеттердің Қазақстанда тіркелген дипломатиялық және консулдық органдарында жұмыс істейтін азаматтар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тапқан табысының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді. Халықаралық келісімдер бойынша, салық агенті болып есептелмейтін халықаралық және мемлекеттік ұйымдарда, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар мен қорларда жұмыс істейтін тұлғалар да 1 шілдеден бастап есептелген табыстың 5 пайызы көлемінде жарна төлеуі тиіс.

«Қазіргі таңда Қазақстанда тұрақты тұратын, бірақ азаматтық алмаған 200 мыңға жуық шетелдік бар. Оның ішінде еңбек мигранттарына медициналық көмек мемлекетаралық келісімдер негізінде көрсетіледі. Мысалы, Еуразия кеңістігіндегі Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь сынды бес мемлекет аумағында жедел медициналық көмек қайтарымсыз негізде көрсетіледі. Егер мұндай келісімдер бекітілмеген болса, еңбек мигранттары ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС) қызметін пайдалана алады. Ал, біз қоршаған ортаға қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққан мигранттарға тегін көмек көрсетуге міндеттіміз», - деп қорытты Е.Байжүнісов.

Шетелге кеткен қазақстандықтар медициналық жарна төлей ме?

Сақтандыру мәселесінде жұртшылықты мазалайтын сұрақтардың бірі шетелге кеткен қазақстандықтарға қатысты. Егер олар азаматтықтан бас тартпаған жағдайда Қазақстан азаматы болып есептеледі. Ал, салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу әр азаматтың мемлекет алдындағы борышы.

«Міндетті медициналық сақтандыру да сондай, ел азаматы болған соң жарнаны төлеу қажет. Бірақ, жарна төлемесе оған өсімақы немесе айыппұл салынбайды. Дей тұрсақ та, елге оралған уақытта медициналық көмекті пайдалану үшін жарна төлеп тұрғаны абзал. Ал, шетелде көп уақыттан бері тұрақты тұратын азаматтар жарна төлеуге міндетті емес», - дейді қордың Стратегия және медициналық қызмет ақысын төлеу департаментінің директоры Тәңірбергенов.

Сақтандыру жүйесі дәрі-дәрмек бағасын реттей ме?

Ерік Байжүнісов сақтандыру жүйесі қазіргі кезде бағасы шарықтап кеткен дәрі-дәрмек проблемасын реттеуге ықпал ететінін айтады.

«Мемлекет бұрынғыдай халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімін жасайды. Тегін дәрілердің тізімі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберінде сақталып қалады және алдағы уақытта біршама кеңейтіледі. Коммерциялық клиника дәрігері жазып берген дәрі-дәрмектің құны сол клиника мен Қор арасында келісімшарт бекітілген жағдайда ғана өтеледі. Алдағы уақытта МӘМС қоры келісімшарттар бекітіп, онда дәрі-дәрмектің бағасын белгілейді. Баға барлық жерде бірдей болмақ. Осы баға негізінде дәріні дәрігердің рецепті бойынша МӘМС қорымен келісімшарт бекіткен дәріханадан сатып алуға болады. Дәрі-дәрмек бағасы оңтайландыру нәтижесінде төмендеуі тиіс. Осыдан кейін дәрілерді жекеменшік дәріханалардан алып үйренген азаматтар баға айырмашылығын айқын сезінері хақ», - деді Е.Байжүнісов.

Маманның айтуынша, сақтандыру аясында медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелер де көрсете алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында Қормен келісімшарт бекіткен медициналық ұйымдардың тізімі жарияланады. Сақтандыру жүйесі медициналық мекемелер арасында бәсекелестік тудырады, сондықтан ол керек. Қазір әр аймақта көз дәрігерлері, тіс дәрігерлері, гинеколог мамандар мен тағы басқа жеке кабинеттер көптеп ашылып жатыр. Сол көмектің барлығы халыққа қолжетімді болуы керек. Ал сақтандыру жүйесі солардың барлығына ортақ нарыққа кіруге, азаматтарға қалаған медициналық ұйымда емделуіне мүмкіндік береді. Сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін Қор әр емханаға оған тіркелген адамдардың саны бойынша қаржы бөледі. Адам тіркелмейінше, мекеме қаржы ала алмайды. Яғни, медициналық ұйымның табысы пациенттер саны мен көрсетілген қызметтің сапасына байланысты болады.

Сақтандыру жарнасын төлемегендерге қандай шара қолданылады?

«Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, елде тұратын барлық азамат медициналық сақтандыру жарнасын төлеуге міндетті. ҚР «Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінің» 92-1 бабына сәйкес, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жекеменшік сот орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар МӘМС жарнасы мен аударымдарын төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда (аудармау, дер кезінде аудармау және толық төлемеу) оларға ескерту жасалады. Мұндай заң бұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салу қарастырылған», - деді Байжүнісов.

Маманның айтуынша, жарна салық түрі саналатындықтан, оны қасақана төлемейтін азаматтарға салықты төлемегенде қарастырылған жауапкершілік артылады. Сақтандыру жарнасын бірден бір жылға немесе ай сайын төлеп отыруға болады.

Жарна төлемегендер медициналық көмектен мүлдем қағыла ма?

Жүйе шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең қарастырылған. Бұл белгілі бір жағдайлармен жарна төлеуге мүмкіндігі болмаған, сақтандырылмаған азаматтарға арнап әдейі жасалған мүмкіндік. Бұл мүмкіндікті еліміздің барлық тұрғыны пайдалана алады. Жарна төлемеген азаматтар 2020 жылдың қаңтарына дейін емханалық-амбулаторлық көмекті де, стационарлық көмекті де, шұғыл көмек түрлерін де пайдалана алады. Ал, жоспарлы стационарлық көмекті 2020 жылдан бастап пайдалана алмайды. Ол үшін өтпелі кезең тоқтатылады. Тек шұғыл көмек пен әлеуметтік маңызы бар сырқаттарға ем жасайтын кепілдендірілген емдеу, кепілдендірілген тегін медициналық көмек түрлері ғана қалады.

Қордың мәліметінше, 2020 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру пакеті шеңберіндегі көмек түрлерін толық пайдалану үшін міндетті түрде жарна төлеу керек болады.

Елімізде міндетті медициналық сақтандыру тағы да сәтсіздікке ұшырамай ма?

«Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда алғаш рет 1996-1998 жылдары енгізілген болатын. Оның сәтсіздіктерге ұшырау себебі неде?

Біріншіден, ол елде экономикалық дағдарыс әбден шегіне жетіп тұрған кезеңмен тұспа-тұс келді. Басқа төлемдерді былай қойғанда, тіпті, зейнетақының өзі дұрыс төленбеді. Сақтандыру жарнасын төлей алмаған тұтас облыстар болды. Түскен қаржы болса сол кездің өзінде денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Жарналар мен төлемдердің дер кезінде аударылмауы, ақшаның дұрыс шоғырланбауы салдарынан түсім мен шығын арасында үлкен айырма пайда болып, қор төлем қабілетінен айырылды. Десек те, сәтсіз делінген реформаның да пайдалы тұстары болды. Осы үш жылда нарықтық экономиканың негізгі принциптері медицина саласына аздап болса да енгізілді және ақсап тұрған саланы біршама дамытуға ықпал етті. Әлбетте, ол кездегі жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жылдары денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Ал, қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің көбі заманауи қондырғылармен жабдықталды. Жеке меншік клиникалар көбейді. Елімізде жүрек, бүйрек, буын алмастыру сынды күрделі операциялар жасалатын болды. Сондықтан медицина саласы да, мемлекет те міндетті сақтандыруды енгізуге дайын деп айтуға әбден болады», – деп сендірді қордың Стратегия және медициналық қызмет ақысын төлеу департаментінің директоры Серік Тәңірбергенов. 

0 пікір
Мұрағат