Кәсіпкерлер құқығын аяққа таптаған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмай отыр
Кәсіпкерлер құқығын аяққа таптаған лауазымды тұлғалар жауапқа тартылмай отыр
7 жыл бұрын 2606 Baq.kz Дәурен ЕРБОЛАТ

2015 жылы заңды және жеке тұлғалардан 17,5 мың шағым түсіп, 8 азамат қана тәртіпке жауапкершілікке тартылған. Ал 2016 жылдың 9 айы бойынша бұл шағымдардың саны 2 есеге өсіп, 32 мыңды құрапты. Тәртіптік жазаға 3 азамат тартылған. Кәсіпкерлердің құқығын аяққа таптаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмай отыр. Бұл туралы Астанада өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» республикалық кәсіпкерлер форумында «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов мәлімдеді.

«Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі саясат жүргізілуде. Алайда жемқорлықтың деңгейін төмендету мақсатында шаралар қолға алынып жатқанына қарамастан бірсыпыра шешілмеген мәселелер бар. Қазірті таңда бизнеске қысым көрсету шағымдары мен заңды бұзған лауазымды тұлғалардың арасында үйлесімсіздік бар. Тіпті, лауазымды тұлғалар қылмыс жасауға дейін барып жатады. 2016 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 5,5 мың шағым келіп түсті. Ал прокуратура органдары тексеру барысында 20 мыңға жуық заң бұзу деректерін анықтады. Прокурордың қадағалауымен 3 мыңнан астам заңсыз шешім өзгертілді. Бұл сандар қазақстандық бизнеске жасалып жатқан қысымның кішкентай бір бөлігін көрсетеді», - деді орынбасар.

Сондай-ақ, Рустам Жүрсінов кәсіпкерлердің құқығы бұзылса да лауазымды тұлғалар заң алдында тиісті жазасын алмайтынын қынжылы айтты.

«Кәсіпкерлердің құқығын аяққа таптаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмайды. Құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша 2015 жыл мен 2016 жылдың 9 айы қорытындысы «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру» бабы («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңы – ред.) бойынша тіркелген 16 істе 2 азаматқа ғана айыптау үкімі шыққан. «Қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша 2 жылдағы статистика жоқ. Ал әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жағдай да мәз емес. Жоғары аталған мерзім ішінде ӘҚБК-нің 173 бабы «Заңсыз араласу» бойынша тек 4 әкімшілік іс қозғалған. Оның екеуіне жазаға тарту қаулысы шығарылған. Ал 175 бап – «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу» бойынша 2 жылдың ішінде 27 азамат жауапкершілікке тартылған», - деді ол.

Сөз соңында «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары статистикалық деректерге тоқталды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша 2015 жылы заңды және жеке тұлғалардан 17,5 мың шағым түсіп, 8 азамат қана жауапкершілікке тартылған. 2016 жылдың 9 айы бойынша бұл шағымдардың саны 2 есеге өсіп, 32 мыңға жетіпті. Тәртіптік жазаға 3 азамат тартылған.

«Жоғарыда аталған сандар жүйенің дұрыс жұмыс істемейтіндігін көрсетеді. Өз жұмысына атүсті қарайтын мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылмай келеді», - деп түйіндеді сөзін Рустам Жүрсінов.

0 пікір
Мұрағат