Ғаламторда аноним пікір қалдыратындар жауапқа тартылады
Ғаламторда аноним пікір қалдыратындар жауапқа тартылады
8 жыл бұрын 3354

Соңғы жылдары ұлттық қауіпсіздік, тұрақтылық пен тыныштық тұрғысында қазақстандық сайттардағы пікір жазатын азаматтардың жауапкершілігін арттыру мәселесі де жиі сөз болуда. Дәл осы мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы аясында анонимді «жатып-атарлардың» пікірлерін барынша азайту көзделген, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кез келген интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралына жатады. Ал оған жарияланған ақпарат сол БАҚ-тың өнімі болып саналады. Сол себепті, интернет-ресурстың тұтынушылары жазған пікірлер де, әлеуметтік желілер де қоғамдық сананы қалыптастыратын құралдарға кіреді.

«Қазақстанда әркім өз пікірін ашық білдіруге құқылы. Алайда, мұндай  құқық нақты бір адамға тиесілі. Демек, оның аты-жөні болуы керек. Ал ондай пікірлер интернет-ресурста жарияланып, ғаламтор пайдаланушылары өз ойларын ашық білдірсе, мұндай әрекеттер интернет-ресурсты пайдалану туралы келісімде көрсетілуі шарт. Аталған құжаттар нақты заң нормаларына негізделген жөн. Мәселен, Азаматтық кодекстің 15-бабы, 1-2 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы өз құқықтары мен міндеттемелерін жеке атымен іске асыра алады. Бұдан бөлек, 7-ші тармақ бойынша өзге біреудің атымен құқықтар мен міндеттемелерді орындауға болмайды. Алайда, бүркеншек атқа рұқсат бар. Осыған байланысты сайт пайдаланушыларының өз ақпаратын жеке атымен, я болмаса, бүркеншек атпен жариялау мәселесін нақты ережемен реттеуге қатысты ұсыныстар бар», — деп түсіндіреді тұжырымдаманы әзірлеуші тарап.

Осы құжаттың аясында кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, интернет-ресурсы мен оны пайдаланушы азамат арасындағы қарым-қатынасты нақты бір келісімнің негізінде жүргізу көзделген.

0 пікір
Мұрағат