Депутат Ресейдің қитұрқы әрекетіне қарсы шара қолдану қажет деп санайды
Депутат Ресейдің қитұрқы әрекетіне қарсы шара қолдану қажет деп санайды
8 жыл бұрын 2275 ФОТО: m.pavon.kz

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбиновтің айтуынша, бүгінде Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінде тағы бір бақылау жүйесін енгізіп отыр. Ол арқылы Қазақстаннан келетін тауарлар тексеріледі. Онсыз Ресей территориясына кіруге рұқсат жоқ. Алайда, аталған бақылау жүйесінің жұмыс тәртібін ешкім білмейді. Соның салдарынан қазақстандық жүк тасымалдаушылар шекарадан өте алмай, шығынға батып жатыр. Өйткені, олар таситын тауарлардың ішінде тез бүлінетін өнімдер бар. Ондай шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімдерге қайшы, деп xабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәріне бірдей жағдай жасау шарттары қарастырылған. Алайда, бүгінде Ресей жағы біздің тауар өндірушілер үшін бір кедергіні енгізіп отыр. Ол – карантиннен кейінгі ескерту жүйесі. Шыны керек, қазақстандық жүк тасымалдаушылар аталған жүйенің жұмыс тәртібі туралы көп жағдайда білмей жатады. Себебі, Ресей жағы ол жайында xабардар етіп отырмайды. Түсіндіру жұмыстары да жүргізілмейді. Сосын ондай жүйе шекараның бір бекетінде болса, екіншісінде болмауы мүмкін. Содан, жүк тасымалдаушылар қайтып бұрылып, шекара бойымен бақылау жүйесі бар бекеттерді іздеуге мәжбүр. Қазақстан-Ресей шекарасының ұзындығы 7,5 мың шақырым, ал оның бойында ондаған өткізу бекетінің бар екенін ескерсек, жүк тасымалдаушылар үшін соның бәрін аралап жүру тиімді емес. Себебі, олар таситын тауарлардың ішінде тез бүлінетін өнімдер бар», - дейді депутат.+

Оның айтуынша, бұл жүйе Ресейдің қитұрқы әрекеті болуы әбден мүмкін. Осыған байланысты, Б.Дүйсенбинов бұған қарсы шара қолданып, керек болса, ресейлік тауарлар үшін тура сондай бақылау жүйесін енгізуді ұсынды. Халық қалаулысы осы мәселеге арналған депутаттық сауалын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдады.

0 пікір
Мұрағат