Әлемдегі миллиардерлер саны қанша?
Әлемдегі миллиардерлер саны қанша?
6 жыл бұрын 3464 7kun.kz Қания Табыс

Әлемдегі миллиардерлер саны 2017 жылы 437 адамға артып, 2694 адамға жетті. Бұл жайлы жыл сайын әлемдегі ең бай адамдардың тізімін жасайтын «Хужунь» (Hurun Research Institute) ғылыми-зерттеу ұйымының сәрсенбі күні жарияланған есебінде баяндалды, деп хабарлады korrespendent.net.

Amazon.com интернет- компаниясының негізін қалаушысы әрі басшысы Джефф Безос 123 млрд доллар байлығымен әлемдегі ең бай адам болып танылды.

Екінші орында – американдық бизнесмен, Berkshire Hathaway компаниясының басшысы Уоррен Баффетт. Оның дәулеті 102 млрд долларды құрайды.

Ал үшінші орында Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс (90 млрд доллар). Оның артынан Facebook әлеуметтік желісінің негізін салушы Марк Цукерберг 79 млрд доллармен орналасқан. Алғашқы ондыққа Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, Bloomberg агенттігінің негізін қалаушы және иесі Майкл Блумбергте енген. Оның байлығы 49 млрд доллар.

Миллиардерлер ең көп тұратын ел – Қытай. Институт мәліметтері бойынша, АҚШ-та 571 миллиардер тұрса, ал ҚХР-да (Гонконг, Макао және Тайванды қосқанда) 819 миллиардер өмір сүреді.

Әлемдегі барлық миллиардерлердің жартысынан астамы Қытай мен Америкада тұрады. Миллиардерлер астанасы деп аталатын Пекинде ең бай адамдар саны 131 болса, Нью-Иоркте 92.

Қытай мен Азияның ең бай тұрғыны Tencent телекоммуникациялық компаниясының негізін қалаушы  Пони Ма (Ma Huaten). Оның байлығы 47 млрд долларға жеткен.

Миллиардер саны бойынша үштікті Қытай мен АҚШ-тан кейін Индия толықтырады. Онда 131 миллиардер тұрады. Ал төртінші орында Ұлыбритания – 118 миллиардер. Бесінші орында Германия – 114 миллиардер.

Ғаламшардағы барлық миллиардерлердің ішінде әйелдердің үлесі 15 пайызды құрайды. Олардың саны 152-ден 184-ке артқан. Әлемдегі ең бай әйел –  Wal-Mart компаниясының негізін қалаушының қызы және ең ірі сауда корпорациясының мұрагері 68-жастағы Элис Уолтон. Байлығы 48 млрд доллар. 85 миллиардердің жасы 40-тан аспайды, яғни жас кәсіпкерлер. Олардың 47-і өз еңбегімен байығандар. Тізімдегі жасы ең кіші миллиардер норвегиялық Александра Андерсен, жасы 21-де. Оның байлығы 1,3 млрд долларды құрайды. Ол бұл байлықты әкесінен мұраға алғандықтан, ең жас миллиардер ретінде саналмады. Ал, өз күшімен ең жас миллиардер атанған Stripe төлем жүйесінің негізін салушы ирландиялық кәсіпкер Джон Коллисон. Ол 1,2 млрд долларды өз еңбегімен тапқан.

0 пікір
Мұрағат