Тұрғын үй нарығында қандай өзгеріс болды?
Тұрғын үй нарығында қандай өзгеріс болды?
8 жыл бұрын 2635 7kun.kz/ Фото: krisha.kz

Осы жылы жылжымайтын мүлік нарығында қандай жаңалықтар болды? Жыл соңына дейін баға қаншалықты өзгеріске ұшырады? 7kun.kz-тің сұрауы бойынша Homsters.kz онлайн-сервисінің жетекшісі Олеся Мельникованың пікірін ұсынамыз. 

 2016 жылы нарықтағы баға қалай өзгерді?

Осы жылдың алғашқы 10 айында қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы  барлық өңір бойынша төмендеді. Бірақ, бұл әрдайым бірқалыпты болған жоқ. Алматы мен Астанада баға орташа есеппен 15-16%-ға, ал өңірлерде, мысалы, Шымкенттің қайталама нарықтағы баспананың шаршы метрі 23-24%-ға арзандады. Екі мегаполистегі және өңірлердегі баға динамикасының мұндай айырмасын біз табыс деңгейіндегі елеулі айырмамен байланыстырамыз.

Сол сияқты жылдың басынан бері баспананың түрлі сегменті бойынша әртүрлі  тенденцияларды байқадық. Қолжетімді саналатын 1-2 бөлмелі пәтерлерде шаршы метр құны көп бөлмелі баспаналарға қарағанда тез төмендеді. Алматыда жылдың басынан бері 1-2 бөлмелі пәтерлердің шаршы метрі 14-15%-ға арзандады, ал 3-4 және одан көп бөлмесі бар пәтерлердегі шаршы метр құны 16,5-18%-ға құлдырады. Жаңа үйлер нарығында да баға аз-маз төмендеді.

Нарықта қандай өзгеріс болуы мүмкін? 

Соңғы айларда қайталама нарықта түрлі сегмент бойынша баға 1,5-4%-ға төмендеді. Біздің болжамымыз бойынша, алдағы бірнеше айда баға осылай арзандауы мүмкін. Айтарлықтай сыртқы факторлардың ықпалы жоқ кезде (девальвация, заңнамалардың өзгеруі, т.б.) екі ай ішінде түбегейлі өзгерістер бола салуы мүмкін емес.  Сондықтан, жылдың соңына дейін біз баға 3-5%-ға төмендейді деп ойлаймыз.

Халық қандай үйлерді таңдайды?

Бүгінде қайталама нарықта да, бастапқы нарықта да мейлінше қолжетімді 1-2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс артып келеді. Бұл ипотекалық несие берудің шектелуі деген фактормен байланысты деп айтуға болады. Дағдарысқа дейін қазақстандықтар анағұрлым кең пәтерлер сатып алған еді.

Девелоперлер сұранысқа қарай бейімделеді де, «эконом» және «комфорт» санатындағы жобаларға көп көңіл бөледі. Нарықта сол сияқты ауданы 20 шаршы метрге дейінгі, құны 5 млн теңгеге дейінгі шағын пәтерлерге де сұраныс пайда болды. Бұл жас отбасыларға, студенттерге, шалғай ауылдардан ірі қалаларға көшіп келушілерге тиімді. Бұған қоса, мұндай баспана пәтер жалдауға жақсы балама бола алады.

Алматыда қандай нарықта сатып алушылар көп: бастапқы нарықта ма, әлде қайталама нарықта ма?

Ұсыныстар, әдетте, қайталама нарықта көбірек. Екінші рет сатылатын баспаналар қаланың барлық ауданында бар. Жеке үйлер бойынша да ұсыныстар көп, сол себепті бұл нарықтағы сұраныс әралуан. Бірақ қайталама нарықтағы ұсыныстардың көбі тым қымбат, сондықтан сатып алушыға бұл қиындау соғады.

Алматыда жаңа баспаналар да жоғары сұранысқа ие. Бұған себеп – қайталама нарықтағы пәтерлердің сапасы сатып алушылардың көңілінен шықпауы. Пәтерлер жобасы ыңғайсыз, шаршы метрі тар, тұрғын үй ғимараты мен инженерлік коммуникациялары әбден тозған болып жатады.

0 пікір
Мұрағат