"Көксерек" мультфилімі жарыққа шықты (видео)
"Көксерек" мультфилімі жарыққа шықты (видео)
8 жыл бұрын 5304 bag.kz

Барлығымыздың балалық шағымыздағы сүйікті киномыз «Көксерек» фильмі болғаны жасырын емес. Одан бұрын қазақтың дара, даңқты жазушысы Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған бірегей туындының да талай жас оқырманды баурап алғаны сөзсіз. Енді міне, өз оқырманы мен көрерменіне сүйкімі артқан туындының мультфильмдік нұсқасы жарыққа шықты.

"KADAM" студиясы түсірген 15 минуттық мультфильм көрерменнің көзайымына айналар бірегей еңбек екенін байқауға болады. Осы балалар фильмінің трейлерін жариялаған Сұлтан Сайранұлының жазуына қарағанда фильмді жасап шыққандар әлі студент жастар екен.

«Байқоңыр» атты жас кинематографистердің қысқа метражды фильмдері кинофестиваліне «Көксеректі» алып келдік, ертең «Көктөбеде» көрсетеді, сізге билетіміз бар, келіңіз» деп көңілімді көкке бір көтеріп тастады. Қуана-қуана бардым.

Мультипликациялық фильмдердің шымылдығы осы «Көксерекпен» түрілді. Сөз жоқ, мультфильм керемет шыққан. Жігіттердің «Warner bros», «Walt Disney Pictures», «Pixar» секілді студиялардың ізін басып келе жатқан жас буындар екеніне көзім жетті. Өте талантты, шебер, өнерлі. Бұл жігіттер әлі университет студенттері. Бірақ шығармалары қаншама жылдық тәжірибесі бар шеберлерден асып түспесе, кем түспейді» - дейді Сұлтан Сайранұлы.

Сұлтан Жұмабекұлы, Мейіржан Сандыбай және Әділбек Баян есімді жігіттердің қолынан шыққан туындыға 21600 картина сызылыпты. 2D форматымен жасалған кішкентай «Көксерек» балалар үшін таптырмайтын мультик болары сөзсіз.

«Бүгінде мұхиттың ар жағындағы Америка мен Батыс балаларымызды өздерінің арсыз, мәнсіз мультфильмдері арқылы улауда. Ал біз оған қарсы иммунитетке әлі ақша аяудамыз. Көрсететініміз еңбексіз жұртты алдап жүрген алаяқ «Алдаркөсе». Одан қалса, менталитетімізге бес қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдік өнімдер. Бұлардың қасында «Көксерек» әлдеқайда артық» - дейді Сұлтан Сайранұлы.

Расымен біздің дүниетанымымызға, ұлттық болмысымызға мүлде кереғар батыстық атыс-шабыс, қырып-жоюға құрылған, баланы тек қатыгездікке тәрбиелейтін мултьфильмдерден гөрі, табиғатымызға жақын, менталитетімізге үйлесетін дүниелерді көрсету арқылы балаларымызды жақсылыққа тәрбиелеуге не кедергі?!

Мультфильмнің соңы да өте әдемі аяқталады. Өмір бойы адамдар арасында тірлік кешкен Көксерек: «Енді түсіндім... Сонау түннен бері мені еліртіп шақырып жүрген ғажайып үн – кіршіксіз таза табиғатымның, қайтпас қайсар айбатымның, ешнәрсеге тең келмес еркіндігімнің үні» - дейді.

Бұдан ұлттық болмысты, рухты, намысты, тиғатпен біте қайнасқан қазақы еркіндікті байқауға болады.

0 пікір
Мұрағат