ФОТОРЕПОРТАЖ: Бие байлау, қазық майлау
ФОТОРЕПОРТАЖ: Бие байлау, қазық майлау
8 жыл бұрын 7894 Baq.kz

«Жылқының 3600 жыл бұрынғы алғаш қолға үйретілген жері» деп ғалымдар қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігін атайды. Ал антрополог Оразақ Смағұл: «қазақ халқы әлі күнге 8000-6000 жыл бұрын қоныстанған атамекенінде өмір сүріп келе жатыр», – дейді. Расында да бұл ғылыми дәлелді, салмақты дерек. «National Geograhic Қазақстан» фотографы Ерболат Шадрахов осынау таңғажайып дәстүрді фото тілімен егжей-тегжейлі баяндап бермек.

Жылқықұмар ұлттың салт-дәстүрінде қыл құйрықтының орны ерекше. Сондықтан ғалымдардың есебінше «бие байлау» дәстүрі қазақ халқының арасында ықылымнан жалғасып келеді.

«Бие байлау» дәстүрі – бие байлап, қымыз сауу маусымында атқарылатын салтанатқа толы шара. Әдетте, көшпелі қазақ жайлауға шығар алдында биелерді бөліп, құлындарды жекелей бастайды. Алдымен құлындар байланатын желі тарту үшін қазық қағылады. Әдетте жылқышыларда жылда қағылатын қазықтың орны да сақталады. Ал дәстүр бойынша ауылдың үлкен ақсақалдарының бірі тоқпаққа ақ мата байлап, сонымен қазық қағу жоралғысын жасайды.

Қазық қағылып, құлындар байланатын желі дайын болғаннан соң «малым құт әкелсін» деген тілекпен биебаудағы қазықтардың басына сары май жағылады. Сары майды қазықтан бөлек желі арқанының басына да, айғырдың жалына да, биенің сауырына да жағып жатады.

Желі тартқанда әр бес құлынның ортасына бір қазық қағылады. Желі маңы биебау деп аталады. Бұл әдетте құлындардың алғаш ноқта киіп, желіге алғаш байланған сәті. Құлындар шалмамен, құрықпен ұсталады. Асау құлындардың бұндай әрекетке бірден үйрене кетуі екіталай. Сол үшін олардың ноқта мен желіге еті үйренгенше балалар бақылап жүреді. Өйткені, жұлқынып, мойнын созып алуы мүмкін.

Биенің алғашқы сауымынан бұрын көк майса шөпке дастархан жайылып, ет пен қуырдақтан бастап, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік секілді тағамдар қойылады. Келген ағайын, тума-туыс, жора-жолдастарға, қонақтарға дәмнен ұсынылады. Олар үй иесіне «Байлар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» деген жақсы ырымды сөздер айтып, дастарқанға жайғасады. Бұл отырысты «биебаудың шайы» деп те жатады.

Ас алдында ауыл ақсақалы «бие бау батасын» береді. Бата былай болып келеді: «Жазың жауынды болсын, биең сауынды болсын! Жылқың көкке кенелсін, құлының сүтке бөгелсін! Сақа айғырдың кіндігінен, саба биенің пұшпағынан құт болсын! Әумин!»

Бие сауу салтанатына отбасы түгелдей дайындалады. Ер азаматтар бие тартып, жас балалар құлын байлайды. Ал әйелдер жағы саба мен көнектерді әбден жуып, желінің басына кептіреді. Сауылған бие сүтіне жақсы дәм беру үшін күбіні ыстау дәстүрі де бар. Әдетте күбіні тобылғы түтінімен, самауырынмен ыстайды. Саба мен күбіні ең кемінде жылына бір рет ыстап тұрған ләзім. Дер кезінде тазартып, ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып тұрады.

Сондықтан да, көнеден келе жатқан дәстүрді жоғалтпай сақтап, жылқышылар ауылы «Бие байлау», «Қызақ майлау», «Айғыр қосу», «Қымызмұрындық» секілді ғұрыптық шараларға берік болса, жаңғыртса деген ой келеді. Айтпақшы, қазақстандық мәдениеттанушылар «Бие байлау» мен «Айғыр қосу» дәстүрін ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізуге күш салып жүр.

Ұлытау ауданына қарасты Терісаққан ауылының негізгі кәсібі мал шаруашылығы, оның ішінде тұрғындар жылқыға көбірек көңіл бөледі. 50-ге тарта түтінге 23-25 үйір жылқы бар. Бүгінгі күні Қазақстанда Терісаққан секілді «Бие байлау» дәстүрі мен ырым-жоралғыны салтанатына сай атқарып жатқан ауыл кем де кем.

0 пікір
Мұрағат