«Әзірет Сұлтан» мешіті БАҚ өкілдеріне ауызашар берді (фото)
«Әзірет Сұлтан» мешіті БАҚ өкілдеріне ауызашар берді (фото)
9 жыл бұрын 3235

Кеше «Әзірет Сұлтан» мешіті Астана қаласындағы журналисттер қауымына ауызашар дастарханын ұйымдастырды. «Төртінші билік» өкілдерін төрге шығарып құрметтеген ауызашар дастарханында қасиетті Құран Кәрім оқылып, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлының батасымен басталды.

Елордамыздан шығатын газет-журнал және телеарна тілшілерінің басын қосқан берекелі дастархан басында тағылымды термелер айтылып, ақындар жырына да кезек берілді. Келген қонақтарды қасиетті рамазан айымен құттықтап өткен ҚМДБ-ның төраға орынбасары Серікбай қажы Сатыбалдыұлы журналисттер қазіргі қоғамның айнасы екендігін атап өтті. «Еліміз егенмендік алып, кешегі күндерде кеткен есемізді біртіндеп қайтарып келеміз. Осы жолда халықты имандылыққа үндеп, жақсылық шақыруда сіздердің де қосатын үлестеріңіз өлшеусіз. Ендеше, бүгінгі берекелі рамазан дастарханында сіздермен бас қосып, біріге дұға жасағаныма қуаныштымын», – деген Серікбай қажы Сатыбалдыұлының сөзіне журналисттер қауымы да жауап қатып, өз алғыстарын білдіріп жатты. ҚМДБ-ның Баспасөз меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы да өз әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді.

Кеш соңында келген қонақтарға «Хикмет» телерадио студиясының өнімдері мен ҚМДБ-ның шығарған кітаптары тарту етілді.

0 пікір
Мұрағат