2021 жыл - әлемдік деңгейде үш мұсылман қайраткерінің жылы деп жарияланды
2021 жыл - әлемдік деңгейде үш мұсылман қайраткерінің жылы деп жарияланды
3 жыл бұрын 5807 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

ЮНЕСКО мұсылман және бірқатар еуропалық елдердің қолдауымен 2021 жылды үш бірдей мұсылман қайраткеріне арнап отыр. Бұл жайында islam.kz порталы FIB Haber ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.ЮНЕСКО бас конференциясының 40-шы сессиясының шешімімен биыл бірқатар мұсылман қайраткерлерін адамзаттың ортақ тұлғасы ретінде насихаттамақ.

Дүние салғанына 750 жыл толған Қажы Бектас Уәлінің құрметіне 2021 жылды арнау туралы ұсынысты Әзірбайжан, Иран, Солтүстік Македония және Румыния елдері білдірген екен. Сонымен Қажы Бектас Уәлі дегеніміз кім, тарихта қандай із қалдырды, қандай еңбегімен адамзат өркениетіне үлес қосты? 1209-1271 жылдар аралығында өмір сүрген әулие ретінде танымал, тарихшылардың айтуынша, шиғалардың жетінші имамы Мұса Қазымның ұрпағы. Десе де ол туралы деректің көбісі тек ауызша жеткен аңыздарға негізділгенін айта кету керек. Ол Нишапурде туып өскен. Кіші Азияға аты шыққан Қожа Ахмет Йассауидің оң қолы атанған. Алайда, тарихшылар бл мәліметке күмәнмен қарайды, өйткені, олардың әр түрлі дәуірде өмір сүргенін алға тартады. Қажы Бектас тариқаттың негізін қалады дегенімен кейінгі ғасырлардағы оның ізін қуушылар Қажы Бектастың іліміне еш қатысы жоқ деп айтылады.

Ақи Ебран, яғни, толық аты-жөні Шейх Насыр Әбдіһайық Махмұд бин Ахмет әл-Һойи, ал халық арасында Пір Ақи Ебран Уәлі деген атпен танымал тұлға. Осы күнгі Иран аумағында дүниеге келген, дәлірегі, 1169 жылы Һой қаласында. Әзірбайжанда өскен, кейін Қайсері мен Кония шаһарларына қоныс аударған. Моңғолдардың шапқыншылығынан кейін Теңізлі мен Қыршекерге қоныс аударып, осында бақилық болған. Аңыз бойынша ол тері-терсек сатқан, Қажы Бектас Уәлінің ақыл-кеңесімен қолөнер гилдасымен (ақилық деген атау алған) шұғылданған. Мұндай бірлестікке тек қолөнермен айналысатындар ғана емес, сонымен қатар, діни тұлғалар мүше болғандықтан ақилық деген атқа ие болған. Бұл қауымдастық бара-бара Кіші Азияның саяси әрі экономикасында үлкен рөл ойнаған.

Жүніс Емре (1240-1321 ж.) – түрік әдебиетіне ықпалы зор ақын әрі сопы. Ескішаһар маңындағы Сарыкей ауылдық жерде дүниеге келген. Оған дейін поэзия тілінде тек араб және парсы тілдері саналып келген еді, Жүніс Емре Ахмет Йассауимен қатар түрік тілінде жырлаған шайыр ретінде тарихта қалды. 2021 жыл дүниеден озғанына 700 жыл толған Жүніс Емре жылы деп атауды Әзірбайжан, Өзбекстан, Солтүстік Македония және Босния-Герцеговина елдері ұсынды. 

Ал Иран мен Әзірбайжанның ұсынысымен және Солтүстік Македония мен Румынияның қолдауымен туғанына 850 жыл толуына байланысты «Ақи Ебран жылы» деп аталып отыр.

 

Түркиядағы Қажы Бектас Уәлі мүсіні. Дерек көзі: en.wikipedia.org

Вена (Австрия) қаласындағы Жүніс Емре субұрқағы / Дерек көзі: en.wikipedia.org

 

Түркияның Қыршекеріндегі Ақи Ебранның кесенесі. Дерек көзі: en.wikipedia.org

0 пікір
Мұрағат