Ораза артериялық қан қысымын түсіреді
Ораза артериялық қан қысымын түсіреді
3 жыл бұрын 1474 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жыл сайын әлемнің әр түкпірінде мұсылмандар қасиетті рамазан айы кірісімен ауыз бекітіп жатады. Бұл бағытта таяуда жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ораза артериялық қан қысымын төмендететін болып шықты. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Journal of the American Heart Association мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы зерттеуге атсалысқан Рами әл-Жапар (Rami Al-Jafar) әріптестерімен Лондон қаласында орын тепкен мешіт жамағатынан 29-61 жас аралығындағы 85 адамдың қасиетті айға дейінгі және кейінгі денсаулығын бес жыл бойы қадағалап, систолиялық (жоғарғы көрсеткіші) және диастолиялық (төменгі көрсеткіші) артериялық қан қысымын өлшеп отырған. Бұдан бөлек, тәжірибеге қатысушылардан Рамазан айына дейінгі үш күнде және қасиетті айда немен қоректенгенін қойын дәптеріне түртіп отыруын сұраған екен. Жасы, жынысы секілді маңызды көрсеткіштерді ескере келе ғалымдар Рамазан айында олардың систолиялық артерия қан қысымының орташа есеппен сынап бағанасы бойынша 7,29 мм-ге, ал диастолиялық артерия қан қысымының сынап бағанасы бойынша орташа есеппен 3,42 мм-ге төмендегенін анықтады. «Medical Insider» ақпарат көзінің хабарлауынша, зерттеу нәтижесі денсаулығы жақсы адамдарға да, сусамырдан және гипертониядан зардап шегетін науқастарға да бірдей болып шыққан. Рами әл-Жапардың айтуынша, бұл тәжірибеге нәсілі бөлек, ас мәзірі, тұтынатын тағамы бір-бірінен өзгеше түрлі мәдениет өкілдері қатысқан, бірақ, зерттеу нәтижесі бәріне бірдей болып шыққан. Ғалымдар бұл тәжірибемен шектеліп қалмай, Иран, пәкістан және Түркия секілді мұсылман елдерінде жүргізілген, ұзын саны 3213 адам қатысқан 33 ғылыми еңбекке де сараптама жасаған екен. Бұл зерттеулердің де нәтиежесі бірлей болып шыққан.

0 пікір
Мұрағат