Америкалық ғалымның Таяу шығыстағы қатерлі ісікке қатысты зерттеуі ораза туралы ойға итермелейді (видео)
Америкалық ғалымның Таяу шығыстағы қатерлі ісікке қатысты зерттеуі ораза туралы ойға итермелейді (видео)
2 жыл бұрын 2081 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Ерік Берг (Еric Berg) есімді танымал америкалық дәрігер қант пен қант қосылған тәтті тағамдар ең көп тұтынылса да қатерлі ісікке шалдыққандар қарасы аз Таяу шығыстағы бұл феноменнің сырына үңіліп көрген екен. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сонымен бұл тараптағы зерттеуінде мынадай дерек келтіріпті: «Таяу Шығыста мынадай қайшылық пен кереғарлық бар: оларда қатерлі ісік ауруы өте төмен, бірақ, қатерлі ісікпен қоректенетін қантты тұтыну деңгейі өте жоғары. Бұл аймақ тұрғындары планетаның кез келген басқа өңірлеріне қарағанда қантты көбірек жейді. Егер әлем бойынша онкологиялық аурулардың орташа көрсеткіштерін алатын болсақ, онда әрбір 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісікпен ауыратын 198 науқастан келеді. Егер Таяу Шығыстың жекелеген елдерін алатын болсақ, Сауд Арабиясында 100 мың халыққа шаққанда 96 адам қатерлі ісікке шалдығады, Йеменде - 97, Оманда - 104, Катарда - 107, Біріккен Араб Әмірлігінде - 107. Салыстыру үшін Австралияда - 468 адам. 100 мың, Ирландияда – 375, Венгрияда – 368, АҚШ-та – 352 адам». «Таяу Шығыстың ерекшелігі неде?» деген ғалым сауалдың жауабын қасиетті Рамазан айымен және құрмамен байланыстырған. Дәлірегі, Қатерлі ісік ауруының аз болуының маңызды факторларының қатарында Рамазан айы мен құрманың қолданылуын ерекше атап өтеді. «Рамазан, - деп түсіндіреді ол, - бір айға созылатын діни ораза. Оразаның таң атқаннан басталып, күн батқанға дейін созылатыны мені таң қалдырады. Бұл тек бір айға созылады, бірақ, қатерлі ісік ауруының қатерін айтарлықтай төмендетеді»,- деп сөзін жалғады ол.  «Неге ораза қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі?» деген сауалға: «Біріншіден, ораза қатерлі ісікті қорек көзінен айырады. Қатерлі ісік жасушасында инсулин рецепторларының саны қалыпты жасушаға қарағанда 10-50 есе көп. Рак жасушалары өте аш, глюкозаға ашкөз келеді, өйткені, оларда рецепторлар көп. Ал сіз ораза ұстаған кезде қантты тұтынбайсыз. Екіншіден, ораза аутофагияны ынталандырады, яғни,  зақымдалған митохондриялар секілді тозған ақуыздарды қайта өңдеуге көмектеседі. Егер сіз қатерлі ісіктің не екенін білгіңіз келсе, ол - митохондриялардың зақымдалуынан өзге ештеңе емес. Митохондрия зақымдалған кезде ол өзінің метаболизмін глюкозаны ашытатын энергия өндірудің басқа түріне бейімдейді. Зақымдалған митохондрияларды қайта өңдеуге көмектесетін аутофагия қатерлі ісік қаупін азайтады. Үшіншіден, адам ашыққан кезінде жаңа иммундық жасушалар пайда болады, осылайша адамның иммундық жүйесі нығайып, иммунитеті күшейеді, вирустармен және қатерлі ісікті тікелей жоюға атсалысаатын Т-киллер жасушалар көптеп өндіріледі. Бұдан бөлек, ашығу обырды еңсеруге көмектесетін Т-хелперлердің көбеюіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, қатерлі ісік қабыну аймақтарына ауысады, ал ораза - ең күшті қабынуға қарсы «дәрілердің» бірі - ол қатерлі ісіктің таралу қаупін азайтады. Сондай-ақ, ораза кезінде ағзаның антиоксиданттық желісі артады – бос радикалдардан, митохондрияларды радикалдармен зақымдаудан қорғайтын факторлар ораза кезінде жақсарады». Америкалық ғалым бұл бағыттағы тұжырымында құрманың нақты пайдасына да тоқтала кеткен екен. Оныңң айтуынша, құрманың құрамында ісікке қарсы фитонутриенттер кездеседі.

Ерік Берг - Висконсин университетінің медициналық мектебінің түлегі. Ол химиялық қсындылары көп дәрі-дәрмек пен зиянды, кері әсерлері болуы мүмкін басқа әдістерді қолданбай денені жақсартудың табиғи жолдарын зерттеп, кеңінен танымал болды. Оның әдістерінің бірі – ашығу.

0 пікір
Мұрағат