Кәрі құрлықты індет жайлап барады
Кәрі құрлықты індет жайлап барады
6 жыл бұрын 3909 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Еуропаға саяхаттағысы келетін немесе іссапармен баратындар алдын ала екі апта бұрын қызылшаға қарсы екпе алғаны дұрыс. Әрине, бұрын мұндай дертке шалдықпағандардың алғаны дұрыс. Қызылша, әсіресе, Украина, Сербия, Грекия және Грузия елдерінде өршіп тұр. Кәрі құрлықтағы жағдай осымен үшінші жыл қатарынан оңалған емес. Тек биылдың өзінде, яғни, жарты жыл ішінде Украинада 28 мыңнан аса адам қызылша жұқтырғаны анықталған. Олардың 13-і осы індеттен көз жұмған. Румыниядағы жағдай да мәз емес: 1 млн тұрғынға шаққанда індетке шалдыққандар қарасы - 70,5. Италияда - 55,9. Черногорияда - 51,1. Францияда - 42,2. Әсіресе, Украинада 1 млн тұрғынға шаққанда 606 адам осы індеттен құтылмаған. Сербияда - 643, Грекияда - 293, Грузияда - 304. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәлімет осындай. 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығында, яғни, алты айында Еуропада қызылша жұқтырғандар қарасы 41 мыңнан асып кеткен. Олардың арасында балалар да бар. Аталған мерзім аралығында аталмыш індетке шалдыққандардан 37 адам көз жұмған. Бір ғана Сербиядан 14 адам осы аурудан ажал құшқан. Аурулардың алдын алумен және бақылаумен шұғылданатын еуропалық орталық аталған індеттің өршіп кетуін әлем бойынша екпе алғандар қарасының азаюымен байланыстырып түсіндіріп отыр - 90-95% орнына адамдардың тек 78%-ы ғана тиісті екпесін алған. Яғни, екпеден бас тартқандар көбейіп келеді. Негізінен діни себептер бойынша екпе алмайды. Мұндай індет артта қалған елдерде кездеспейді. Ал Францияда осы жылы 12-15 айлық сәбилер мен алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер алуы тиіс екі екпе бойынша алғашқысын 90% алған болса, екіншісін алғандар саны 66%-дан аспайды. Қызылшамен ауырғандардың дені кезінде аталған дертке қарсы екпе алмай сақтанбағандар болып отыр - 88%. Сондай-ақ, қызылша індеті кәрі құрлықтан бөлек Венесуэла, АҚШ-та, Канадада және Колумбияда бар екенін айта кету керек. Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл басынан бері 90-нан аса адамның бойынан осы дерттің белгілері байқалған. Венесуэлада бұл көрсеткіш 1600 адамнан асып кеткен, олардың 44-і осы індеттен көз жұмған. 

Қызылша - адамның өмірі мен денсаулығына аса қауіпті әрі жұқпалы індет. Мәселен, 1980 жылы қызылшадан әлем бойынша 2,6 млн адам көз жұмған. Әдетте қызылша тікелей жанасқанда немесе ауа тамшылары арқылы жұғады. Алғашқыда кәдімгі суық тиген секілді болып басталады: дене қызуы көтеріліп, тыныс алу жолдары бітеледі, жөтел пайда болады, көз қызарады. Оның ерекше өзіне тән белгісін тек беттің ішкі жағында ақ дақтардың пайда болғанынан байқауға болады. Біраз уақыттан соң бөртіп, адам денесіне қаптайды. 
0 пікір
Мұрағат