Халал сертификатын беруді мемлекет өз қадағалауына ала ма
Халал сертификатын беруді мемлекет өз қадағалауына ала ма
6 жыл бұрын 4681 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Мемлекет еліміздегі халал сертифкатын беруді өз бақылауына алмақшы. Бұл елімізден сыртқа шығарылатын шариғатқа сай дайындалған өнімдердің экспортына төнетін қауіпті азайтады. Жылдан жылға ғаламдық халал нарығы шапшаң дамып келеді. 2030 жылға қарай әлемдегі мұсылмандар қарасы 2,2 млрд адамға жетпек (қазіргі уақытта - 1,8 млрд адамды құрайды, яғни, адамзаттың төрттен бірінен асады). Шариғат талаптарына сай әзірленген өнімдердің тұтынушыларының көбісі Оңтүстік-шығыс және Оңтүстік Азияда. Мәселен, Индонезия тұрғындарының қарасы 203 млн, ал Пәкістан – 174 млн, Үндістан – 161 млн, Бангладеш – 145 млн.  Ал халал импорттаушылардың арасында мына елдер көш бастап отыр: Саудия (жылына 21,5 млрд доллар), Малайзия (жылына 15 млрд доллар). Қазақстанды өндірілетін тауарлар ислам елдері тарапынан сұранысқа ие. Халал сертификаты біреулер үшін міндетті талап етілетін құжат болса, енді біреулер үшін тауарын өткізудің қосымша мүмкіндігі. Өткен жылы Индонезия билігі сырттан әкелінетін азық-түліктің барлығы міндетті түрде шариғат талаптарына сай әзірленген болуы керек деген талап қойып отыр. Мемлекет деңгейінде. Яғни, шариғат талаптарына сай емес азық-түлік түрлері аталмыш елдің шекарасынан өткізілмейді. Заңмен бекітілген мұндай талап Малайзия мен Иранда да бар. Әлемдік ислам нарығында бәсекелестік тым жоғары. Сәл шалыс бассаң, яғни, халал атын жамылып, шариғат талаптарына жауп бере алмайтын тауар арқылы бүкіл елдің репутациясына кір келмек. Ондай елдің тауарларын импорттауға қатаң тыйым салынады. Бір ғана кәсіпкердің алаяқтығынан өзге отандастыры зиян шегеді. Бір қызығы, халал өнімдерді ұсынатын, яғни, өндіретін ең ірі жабдықтаушы елдер мұсылман емес елдер: Бразилия 16 млрд доллар табыс тауып отыр халал өнімдерді экспорттаудан, ал Үндістан 13 млрд доллар, Аргентина 8.9 млрд доллар. Қазіргі уақытта елімізде халал сертификатына ие болған 600-ге тарта компания бар екен. Олардың нарықтағы үлесі 20%-ды құрап отыр. 

0 пікір
Мұрағат