Электронды қоқыс
Электронды қоқыс
6 жыл бұрын 6317 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Электронды қоқыс – пайдалану мерзімі өтіп кеткен электрмен жұмыс істейтін құралдар мен құрылғылар. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, оған компьютер, теледидар, монитор, ноутбук, қалта телефоны, видеомагнитофон, музыкалық орталық, көшіру құрылғысы, факс аппараты, сондай-ақ, электр тогымен жұмыс істейтін тұрмыстық заттар мен бұйымдар (тоңазытқыш, кір жуғыш машина, желдеткіш, шаш кептіргіш, ұнтақтаушы, бұлғауыш, т.б.) және батарейка жатады. Бүгінгі таңда электронды қоқыс өз алдына бір төбе – пайдаланылған, яғни, залалсыздандырылмаған медициналық қоқыс секілді ең қауіпті қоқысқа жатады. 

Еуропада жүргізілген арнайы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, электронды қоқыс тұрмыстық қоқысқа қарағанда үш есе артық жиналады. Қоқыстардың тау-төбе болып жиналу жылдамдығына келгенде электронды қоқыстың 75%-ы ескерілмейді. Өйткені, электронды қоқыстың дені кейін бір кәдеге жарайды-ау деген көзқараспен үйде, үйдің жертөлесінде, т.б. жерлерде сақталады. Бір жыл ішінде күллі әлемде 50 млн-ға тарта электронды қоқыс жиналады екен. Электронды қоқыстың дені АҚШ пен Қытай аумағында шоғырланған. Мәселен, АҚШ-та апта сайын он мыңнан аса электронды қоқыс жойылады екен. Олардың қақ жартысын істен шыққан тоңазытқыш, кір жуатын машина, секілді тұрмыста жиі пайдаланылатын заттар құрайды. Ал екінші жартысын монитор, теледидар, компьютер, плеер, т.б. құрап отыр. 

Сарапшылардың есебінше, алдағы бес жыл ішінде элекронды қоқыс мөлшері 30 пайызға артпақ. Бұған көбіне қазір пайдаланылып жүрген электронды заттардың істен шығуы емес, жаңа технологиялардың пайда болатыны себеп болмақ. 

Жылына 1,7 млрд қалта телефоны сатылады шамамен. Қалта телефоны электронды қоқыстың 10%-дан асады. Бір ғана Түркияда жыл сайын 700 мыңнан аса электронды қоқыс жиналады. Оның тек 3,5%-ы ғана, яғни, 25 мың тоннасы ғана қайта өңдеуден өтеді. Қалғаны қоршаған оттаны ластайтын үйіндіге айналады. Қытайда жыл сайын электронды қоқыс мөлшері миллион тоннадан асып жығылады. Десе де Қытай электронды қоқысты әлем бойынша ең көп импорттайтын ел. Дәлірегі, әлемде электронды қоқыстың 70%-ын импорттайды. Қайта өңдеп, кәдеге жарату үшін. 

Ғылыми дәлелденген: бір ғана компьютер дисплейіндегі улы заттар 80 тонна суды ластай алады. 80 тонна су бір адамның ғұмыр бойы тұтынатын мөлшері. 

2003 жылдан бері Қытайда жыл сайын 5 млн теледидар, 4 млн тоңазытқыш, 5 млн кір жуатын амшина, 5 млн компьютер, 10 млн қалта телефоны залалсыздандырылады.

Десе де мынаны қаперлеріңізге сала кетсек деп едік: жоғары технологиялы электронды қоқыс тегінде қоқыс болп табылмайды. Өйткені, оның қандай да бір тетігі екінші мәрте пайдалануға жарамды болып шығады.

Бұдан бөлек, электронды заттар мен бұйымдарда сирек кездесетін аса құнды металдар мен элементтер көп. Мәселен, алтын, күміс, жез, палладий, т.б. Қоқысқа тасталған телефондардың құрамындағы мұндай элементтер жылына 60 млн долларға бағаланады.

Осы таяуда Қытайдың электронды құрал-жабдықтардың технологиясын әзірлеу әрі пайдалану жөніндегі қауымдастық пен экологиялық ұйымдардың сарапшылары электронды құрылғыларды залалсыздандыру деңгейіне бағалау жүргізіп, арнайы есебін жасады. Сарапшылардың есебінше, смартфондар залалсыздандырылғаннан кейін алынатын металдардың тек екі пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл ысырапшылдық. Осыған байланысты электронды өнеркәсіптегі қытай мамандары электронды құрылғыларды қайта өңдеу коэффициентін көтеруге мүмкіндік беретін тиісті шараларды қолға алатын болып шешті.

0 пікір
Мұрағат