Түрлі ақпарат көздерінен: Еуроодақ жаһандық санкциялар режимін бекітті
Түрлі ақпарат көздерінен: Еуроодақ жаһандық санкциялар режимін бекітті
3 жыл бұрын 3632 Арай Жұматай, Естай Божан, Керімсал Жұбатқанов

Еуроодақ Кеңесі адам құқықтарын бұзғаны үшін жаһандық санкциялар режимін бекітті. Бұл жайында qazaqtimes.com порталы мәлім етті. 

Ол 10 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Режим ЕО аумағына кіруге және Еуроодақтың қаржы жүйесіне араласуға тыйым салынған адамдардың жаһандық қара тізімін құруды көздейді. Олардың барлық активтері еуропалық банктерде табылған жағдайда бұғатталады. ЕО резиденттері бұл тұлғаларға кез келген қаржылық қызметтерді ұсынуға құқылы емес.

Санкциялар режимін Министрлер талқылаусыз мақұлдады, өйткені, ол 2 желтоқсанда қоғамдастықтың барлық 27 мемлекетінің елшілері деңгейінде келісілген. Заң құрылымдық жағынан қазіргі уақытта жекелеген мемлекеттерге, мысалы, Беларусь, Мьянма, Иранға қатысты адам құқықтарын бұзған тұлғаларға бағытталады. Санкцияларға ұшырағандардың барлығы Люксембургтегі еуропалық Әділет сотында қара тізімге енгізілуі мүмкін.

Хакерлер әлемдік экономикаға 1 трлн доллар шығын келтірген

Киберқылмыстар салдарынан дүниежүзілік экономикаға келген шығын мен киберқылмыстардан сақтануға кеткен қаржы биыл 1 триллион доллардан асты, деп хабарлайды Хабар 24.

Екі жыл бұрын бұл сома шамамен 600 млрд долларды құраған. Бұл туралы McAfee вирусқа қарсы бағдарламалық жасақтама компаниясы мен Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) бірлескен есебінде айтылған. 

Әлем бойынша ел үкіметтері мен компаниялар хакерлік шабуылдардан шамамен 945 млрд доллар, ал киберқауіпсіздікке қосымша шығындар үшін тағы 145 млрд доллар жоғалтқан. Кибершабуылдың салдарынан болған жұмыстағы ең ұзақ үзіліс 18 сағатты құрап, ұйымдарға орташа есеппен жарты миллион доллардан астам шығын келген. 

Пандемия кезінде адамдардың интернеттегі белсенділіктері едәуір артты, бұл қылмыскерлерге де көп мүмкіндік берді.

Қытайдың қару-жарақ өндірушілері әлемді алаңдатты

Әлемдегі қару-жарақ саудасында таңқаларлық өзгерістер болды, деп хабарлайды qazaqtimes.com 2019 жылы қару-жарақ сату бойынша АҚШ пен Қытай әлем көшін бастады. Бұған қоса, Орта Шығыс елдері арасынан алғаш рет Біріккен Араб Әмірлігі алдынғы 25 ірі қару өндірушілердің арасына қосылған. Бұндай мәліметтерді Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) жаңа есебінде көрсетті.

Аталған институттың дерегенше, былтыр қару-жарақ саудасы 8,5 пайызға көбейген. Ең ірі 25 өндірушінің қару саудасының көлемі 361 млрд АҚШ долларына тең болған, бұл БҰҰ-ның бітімгершілік күштеріне бөлетін қаржысын 50 орайды. Бұл халықаралық қауымдастықтың әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуға дәрменсіз күйде екенін көрсетеді. Ал, АҚШ пен Қытайдың 2019 жылы сатқан қару-жарағының мөлшері өзге 23 елдің жалпы жиынтық сауда көлемінен көп.

Қару-жарақ өндіруші алдынғы он ірі компания арасында америкалық Lockheed Martin, Boeing, Northrop Grumman, Raytheon, General Dynamics және L3 Technology қатарлы 6 компания, қытайлық China Aviation Industry Corporation, China Electronics Technology Group және China North Industries Corporation қатарлылар кірген. Аталған Қытай компаниялары тізімде 6-,8-,9-шы орындарды иелеген. Үздік ондықта Еуропадан бір ғана BAE Systems компаниясы кіріп, 7-ші орынға жайғасқан. Қытайдың тағы бір China Ordnance Equipment Group деп аталатын компаниясы үздік 25 тізіміне кірген.

Есепте көрсетілгендей, әлемнің ең үздік 25 қару-жарақ өндірушілері нарығының 61 пайызы бір ғана АҚШ-қа тән. Қытай 15,7 пайызына иелік еткен, оған қоса 2019 жылы Қытайдың төрт ірі қару-жарақ өндірушілерінің сатылымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8% өсіп, 56,7 миллиард АҚШ долларын тапқан. Бірақ, 2019 жылы АҚШ-тың ең үздік 5 компаниясының өзі 166 миллиард доллар қару сатқан екен. SIPRI биыл алғаш рет Қытай компанияларын үздік 25 өндіруші тізіміне кіргізіп отыр, орталық бұған дейін сенімді деректерді ала алмай келген. Дегенмен, Қытай қару-жарақ өндірушілері 2015 жылдан бастап қомақты табыс таба бастағаны белгілі болған.

Қазір Батыс елдері Қытайдың әскери қатерінен де алаңдай бастаған. Өткен аптада НАТО жиынында да Қытайдың НАТО-ға төніп келе жатқан болашақтағы ең үлкен қатер екені сөз етілді. Оның үстіне, Еуропа қару өндірушілері жыл сайын АҚШ пен Қытай және Ресейге жол беріп келеді.

Айта кетейік, 1966 жылы құрылған Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты қақтығыстар, қару-жарақ, қаруды бақылау және қарусыздану мәселелерімен айналысатын тәуелсіз талдау орталығы. Ол, сондай-ақ, осы саладағы ең беделді институттардың бірі. 

Армения соғыста жеңіліп қалуын ресейлік қарулардан көреді

Арменияда Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарындағы жеңіліске «кінәлілерді» іздеу жалғасуда. Соғыста жеңіліске себеп болған ресейлік қаруды сатып алу болды деген пікір армян қоғамда және әскери ортада өсіп келеді. Бұл жайында kznews.kz ақпарат көзі мәлім етті.

Армян қоғамы Таулы Қарабаққа қатысты жағдайда өзінің әскери басшылығының саяси қателіктері мен әскери қате есептеулерін байқағысы келмейді. «Кінәліні» сырттан табу оңайырақ дейді «Взгляд» басылымының мамандары. Жергілікті сарапшылар ұрыс қимылдары кезінде бірде-бір рет серпіліс жасамаған ресейлік электронды соғыс пен истребительдерді сатып алуды Армения басшылығының басты қателігі деп санайды.

Сонымен қатар, мұндай әңгімелер қарапайым адамдардың асханаларында ғана емес, бұл пікірді Ресейде қару-жарақ сатып алуға жұмсалатын орасан зор қаражатты Таулы Қарабақ жағдайында тиімді пайдалану мүмкін деп санайтын жоғары дәрежелі армян әскерлері де айтады. Бірақ, елде дағдарыс тудырғаны үшін емес, ресейлік қаруды «дұрыс емес» сатып алғаны  үшін мұндай жағдай үшін Ресей немесе премьер-министр Никол Пашинянды кінәлауға болатындығымен өте ыңғайлы екен.

0 пікір
Мұрағат