Түркияда өлім жазасы енгізілуі мүмкін
Түркияда өлім жазасы енгізілуі мүмкін
6 жыл бұрын 3313 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел аумағында өлім жазасының қайта енгізілгенін қалайды. Ол ең ауыр жазаның ел аумағында қолданысқа енгізілуін парламент мақұлдайтын болса, тиісті заң жобасына бірден қол қоюға дайын екенін жеткізді. Бұл жайында түріктердің Anadolu ақпарат агенттігі хабар таратты. Оның айтуынша, кісі өлтірген адамға "қанға - қан, жанға - жан" принципі бойынша ең ауыр жаза лайық болмақ. Сөз орайы келгенде айта кету керек, түрік басшысы өлім жазасы туралы мұндай мәлімдемені бірінші рет жасап тұрған жоқ. Осы уақытқа дейін талай рет жасаған болатын. Мәселен, 2016 жылдың жаз мезгілінде күллі Түркияны дүр сілкіндірген мемлекеттік төңкерістен соң осындай мәлімдеме жасаған еді. Өз дегеніне біртіндеп болса да аз уақыттың ішінде қол жеткізе білген қазіргі түрік басшысының алған бетінен қайтпайтын райына қарағанда аталған елде ең ауыр жазаның енгізілуі күмән тудырмайды. Осылайша, Түркияны "ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында" ұстап, бір бишікпен өргізітіп-жусататын болады. Мұны неге айтып отырмыз? Адамның өмірі мен бостандығы, еркі мен қалауы басты орынға қойылатын қазіргі демократиялық құндылықтар өркен жайған батыс елдерінде мұндай жаза "орта ғасырға тән" - авторитарлы елдерге тән көрініс ретінде қабылданады. Десе де өлім жазасына қатысты түсінік әр елде әрқалай қабылданады. Мәселен, өлім жазасы Қытайдың экономикалық өркендеуіне алып келген маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отырғанын да жасырауға болмайды. Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда өлім жазасының көмегі көп көрінеді. Біздің айтқымыз келгені, өлім жазасының қаншалықты дұрыстығы я болмаса бұрыстығы емес, кейінгі кезде ең ауыр жазаны қайты енгізуге мүдделі елдердің бір ғана Түркиямен шектелмейтіндігінде болып отыр. Мәселен, естеріңізде болса, Шри-Ланкада өлім жазасының енгізілуі мүмкін екені турасында жуырда хабардар еттік. Қолына ресурсты шоғырландырған батыс елдерінің қас-қабағынан қаймығып, өлім жазасына мораторий жариялаған елдердің өзі біршама. Ал Түркиядағы жағдай басқаша. Мұнда ең ауыр жаза ең алдымен қазіргі түрік басшысының өз билігін нығайтуымен байланысты енгізілуі мүмкін. Бұл жаза расымен де Түркияның алға басқан қадамын кейін тартатын, "орта ғасырға" оралып, кері кетудің көрінісі болып қалмақ. Ең өкінішстісі - осы.

0 пікір
Мұрағат