Түркия мен Израил ешуақытта ат құйрығын кесіспейді
Түркия мен Израил ешуақытта ат құйрығын кесіспейді
6 жыл бұрын 3536 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Таяу Шығыстағы екі алып держава саналатын Түркия мен Израил арасында тағы дипломатиялық дағдарыс орын алды. Айта кетеріміз, соңғы жылдары екі елдің арасында түрлі саяси себептер мен аймақтағы мүдде қақтығысына байланысты мұндай жанжыл жиі тұтанатын болып жүр. Бір-бірін тілдеу, қыр көрсету, аты-шулы мәлімдемелер жасау екі елдің де жоғары лауазымды тұлғаларының қалыпты тірлігіне айналып барады. Десе де екі ел де 2010 жылғы жағдайдың қайталанғанын қаламайды. Естеріңізде болса, Ириал әлемнен оқшаулап тастаған Газа секторына гуманитарлық жүк жөнелткен Түркияның "Газаға арналған бостандық флотилиясы" деп аталатын кеме керуеніне израилдіктердің арнайы жасағы (10 мың тонна жүк, дәлірегі, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары, азық-түлік, киім-кешек тиелген, 700 белсенді мінген) шабуыл жасап, бірнеше адам қаза тауып, бірнеше ондаған адам жарақат алған еді. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, халықаралық жанжалға ұласқан бұл оқиғаның соңы екі елдің дипломатиялық қатынасының үзілуімен аяқталған еді. Израил алғашқы мемлекет болып қалыптасқан жылдардан бастап Түркияны аймақтағы ең маңызды серіктес мемлекет санап келген болатын. Екі елдің "периферилік альянсы" барлық салада көрініс тапты: азаматтық, экономикалық, әскери, т.б. Екі елге де бұл ынтымақтастық пайдалы еді. 2017 жылы аталған екі елдің тауар айналымы 4,3 млрд долларға жеткен болатын. Шам жерінде соғыс өртінің тұтануына байланысты Израил түріктердің Иорданияға аттандыратын жүк маршрутының көлік дәлізіне айналды. Яғни, транзиттік маңызы артты. Ал израилдіктер авиатасымалдауда Ыстамбұл әуежайында арзан тарифке ие болып отыр. Алайда, соңғы аталған аймақтағы соңғы саяси оқиғалар (АҚШ-тың елшілігін Құдысқа көшіруі, Газа секторындағы шеру кезінде палестиналықтардың көптеп қырылуы) екі елдің дипломатиялық қатынасына сына қағып, сызат түсіріп кетті. Сарапшылар 2010 жылғы жағдай қайталанатынына, яғни, дипломатиялық қатынастың үзілетініне сенбейді. Десе де Түркия Израилдегі елшілерін кері шақырып алды. Бұл қадамды Режеп Тайып Ердоғанның жақын қалған Түркиядағы президенттік сайлау науқанында бедел жинап қалуымен байланыстырады. 

 

0 пікір
Мұрағат