Шартарап: Германияда қымыз күні аталып өтті (видео)
Шартарап: Германияда қымыз күні аталып өтті (видео)
8 жыл бұрын 3738 24.kz xn--j1aidcn.org Ф.Шәмші, Ш.Найманбаева, М.Лавриновский, Ж.Біркенов, Д.Бектұрова, Я.Ясаев

Германияда неміс халқы үшін таңсық та, ерекше мереке қымыз күні аталып өтті. Аса пайдалы сусынмен шөл басқан жергілікті тұрғындар қазақтың ұлттық тағамынан да ауыз тиді, күмбірлеген күй де тыңдап қайтты. Күмбірлеген қасиетті домбыраның қоңыр үні, ұлттық би, ойын осының барлығы Қазақстандағыдай көрінеді. Германияда өткен қымыз мерекесіне қазақ та, неміс те, тіпті Германияны паналаған жандар да келген. Қымыздың жанға дәру екенін неміс халқы бұрынынан жақсы түсінген. Кристиане Эльфнер, Франкфурт тұрғыны: - Осы мерекедегі атмосфера, келушілердің көтеріңкі көңіл-күйі, барлығы ұнады. Мұнда қазақтармен таныстым. Ұлттық аспапта орындаған әуезді тыңдасаң, бойыңды балқытып әкетеді екен. Келесі жолы достарымды ерте келем деп шештім. Мен үшін танымды да қызық фестиваль болды. Еуропа елінде қазақтың ұлттық сусынынан ауыз тиігісі келетіндер көп. Енді бірі отанын сағынғаннан қымыз фестивалін асыға күтеді. Вальдемар Адам, Қазақстаннан келген азамат: - Мұнда 1997 жылы Қазақстаннан көшіп келген едік. Осы кезге дейін шыққан жерімізді ұмытқанымыз жоқ. Қазақстанды еске алғанда бауырларымызбен өзара қазақша сөйлесеміз. Етті де ұмытқанымыз жоқ. Реті келсе, ет асып жеп, шүйіркелесіп әңгіме-дүкен құрамыз. Мен – осы мерекенің тұрақты қатысушыларының біріміз. Бүгін де қымыз ішу үшін 170 шақырымды артқа тастап келдік. Раиса Штоц, қоныс аударушы: - Біздің ғұрпымызға кенеттен енген мереке болды. Дегенмен, жақсы жиынға себеп. Көңіл-күй де тамаша. Қымыздың дәмділігі соншалық, қанша ішкенімізді тіпті айта алмаймын. Еуропада жүрсең де, қазақтың қонақжайлығын осы мерекеге қарап-ақ, білуге болады деп ойлаймын. Майндағы Франкфурт қаласының тұрғындары жылына екі рет қымыз күнінде осы жерге жиналады екен. Сусынның дәмі біздікінен өзгешелеу. Арнайы технологиямен дайындалатын көрінеді. Германияда ең ірі жылқы фермасы осы Цольмандарда бар. Сондықтан болар, мұнда қымызды бұрыннан дайындайды. Қазақтың ұлттық сусынын 1959 жылы Цольманның әкесі Рудольф алып келген. Сол жылдары көкжөтелмен сырқаттанған Рудольф мырза қымыздың шипалы қасиетінің арқасында ауруынан айыққан. Содан бері биоөнім Греманияда үздіксіз дайындалады. Қазір Цольмандардың 400 бас жылқысы, 500 гектар жайылымдық жері бар. Гудрун Цольман, шаруашылық иесі: - Жыл сайын қожалықта қымыз фестивалін өткіземіз. Әрі Германия бойынша мұндай арнаулы мерекені біз ғана жасаймыз. Себебі, аса пайдалы сусынды еуропалықтар да сүйсініп ішеді. Бір жағынан халықтың көңіл-күйі көтеріліп, жанына дәру болатын астан ауыз тиеді. Сондықтан осындай игі шара ұйымдастыратынымызға өзіміз де қуанамыз әрі мақтанамыз. Биылғы қымыз фестивалінде сусынды ішуден рекорд жасалды. Бір жарым мың литр ішілсе, дәл сондай көлемде қымызды келушілер үйлеріне ала кеткен.

Израиль шаруалары өнімдерін тегін таратып жатыр (видео)

Бұл – қайырымдылық шарасы емес. Осылайша шаруалар азық-түлік нарығын ырықтандыру жөніндегі үкіметтің жаңа бағдарламасына наразылығын білдіруде. Бұл құжатқа сәйкес, шетелдік тауарлар баж салығынсыз импортталатын болады. Жергілікті билік тың өзгеріс елдегі қымбатшылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деген сенімде. Шетелдік тауар өндірушілер Израильге баж салығынсыз өнімін тасымалдамақ. Бұл жаңалық жергілікті шаруалардың наразылығын тудырды. Жанын қоярға жер таппаған олар 5 тонна қияр мен баялдыны тегін таратып отыр. Хэзи Даниэль, шаруа: - Соңғы уақытта біздің қиярлар сатылмай қалды. Салдарынан біз үлкен шығынға баттық. Себебі, бұл көкөніс мереке қарсаңында бағаны төмендету үшін баж салығынсыз шетелден әкелінген. Сондықтан өніміміздің көзін жоюға тура келді. Егер осылай жалғаса берсе, ауыл шаруашылығы саласы тұралап қалады. Шетелдік бәсекелестердің пайда болатыны Авраам Джербидің көңілін суыта қойған жоқ. Қайта жаңа өзгерістерге түсіністікпен қарайды. Ал 30 жылдан бері ешкі сүтін өндірумен айналысатын шаруа нарықта тек мықтылар ғана пайда көреді деген қағидамен жұмыс істейді. Авраам Джерби, шаруа: - Фермерлікпен айналысу үшін қажырлы еңбек ету қажет. Бұл нарықтың есігі барлығына бірдей ашылса, бізге табыс табу қиын болатыны рас. Шетелден ет пен ірімшік тасымалданады. Сол себепті, әрдайым бәсекелестік болады. Бірақ бұдан қорқып отырған жоқпын. Жаңа бағдарламаны құруға жергілікті билік мәжбүр болды. Осылайша олар елде қарқын алған қымбатшылықты жоймақ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше басқа мемлекеттермен салыстырғанда Израильде қымбатшылық деңгейі 50 пайызға жоғары. Израильде 18 жылда импорт көлемі небары бір пайызға өскен. Ал дамыған басқа елдерде бұл көрсеткіш тек 2014 жылы ғана ІЖӨ-нің шамамен 50 пайызын құрады. Енді үкіметтің нарықты ырықтандыру жөніндегі жаңа бағдарламасының арқасында дүкен сөрелерінде импорттық жеміс-көкөніс, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал мен зәйтүн майы пайда болады. Сергей Поляк, профессор: - Жаңа өзгерістер шаруалар үшін ауыр тиеді деп ойламаймын. Шетелдік бәсекелестік пайда болса, қазіргідей жеңіл болмасы анық. Дегенмен, үкімет жергілікті тауар өндірушілерге қандай да бір жеңілдіктер қарастырады. Экономика болған соң, бәсекелестік те болады. Ол болмаса, экономика құлдырап қалады. Осы мәселеде үкімет пен шаруалар ортақ шешімге келе алмай отыр. Тараптар өтемақы бойынша келісім таппады. Дегенмен, билік бұл істің шешімін маусым айына дейін тауып, шілдеде бағдарламаны бекітуді жоспарлауда. Ал жыл соңында шетелдік тауарлар елге баж салығынсыз тасымалдана бастайды. Есесіне, бұдан тұтынушылар 76 млн доллар көлемінде қаражатын үнемдейді.

0 пікір
Мұрағат