Қытай пластик қалдықтар импортынан бас тартты. Енді не болады?
Қытай пластик қалдықтар импортынан бас тартты. Енді не болады?
6 жыл бұрын 4304 Алтынай Қуанышбек

Қытайдағы пластик қалдықтардың импортына салынған тыйымнан АҚШ-та мұндай қоқыс көлемі 111 миллион тоннаға жетуі мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Verge басылымына сілтеме жасап.

Осыншама көп қоқысты Қытай қайда жұмсап, не істемек?

Ғалымдар жүргізген жаңа зерттеулерге сенсек, Қытайдың пластик қалдықтарын импорттамауы жиналмаған миллиондаған пластик қалдықтарына әкелуі мүмкін. Әсіресе, АҚШ секілді мемлекетке салынған тыйым оларға өз қоқыстарымен күресті күшейтуге итермелемек.

2017 жылдың 31 желтоқсанында Қытай көп көлемді пластик қалдықтар импортына тыйым салған болатын. Бұл уақытқа дейін әсіресе АҚШ секілді ірі мемлекеттер мұндай қалдықтарды утилизацияға Қытайға жіберетін еді. Джорджия университетінің зерттеушілері аталған тыйымның қандай әсері барын зерттеп көрді. Мамандар зерттеу барысында Қытайдың 1988-2016 жылдар аралығында импорттаған пластик қалдықтары туралы мәліметтерді басты назарға алған. Олардың айтуынша, 2030 жылға қарай бұл тыйымнан 111 миллион тонна пластик қалдықтары далада қалуы мүмкін. Зерттеу туралы мақала Science Advances журналында жарияланды.

1988 жылдан бастап АҚШ мемлекеттегі пластик қалдықтарының тең жартысына жуығын Қытайға жіберетін еді. Оның ішінде бөтелке, тамақ ыдыстары, полиэтилен пакеттері қоқыс контейнеріне арнайы жиналып, Қытайға экспортталатын. Қытай импортпен келген бұл қалдықтарды пластик өнімдерін өндіру үшін қайта өңдеп, өндірісте пайдаланатын. Бірақ 2017 жылдың соңында Қытайдың импортқа тыйым салуы артық пластик қалдықтарымен оларды экспортқа жіберу арқылы күрескен АҚШ секілді ірі мемлекеттерді тығырыққа тіреді. The New York Times мәліметтеріне сенсек, қазіргі күннің өзінде пластик қалдықтар полигондарда көптеп жиналып қалған. Ал ғылыми журналда жарияланған мақалада Қытай тыйымының әсері туралы жүргізілген алғашқы зерттеу нәтижелері айтылған. Онда бұрын пластик қалдықтарын экспортқа жіберіп жүрген мемлекеттер енді осы салаға қатысты саясатын өзгертіп, қайта қарастырулары керек.

«Бұл тыйым жаһандық сауда жүйесін өзгертіп, қоқыстың жойылуына қатысты процесті тоқтатты», дейді Онтарио технологиялық университетініңядролық ғылым және энергетикалық жүйелер доценті Дэниел Хорнвег.

Маман зерттеуге қатыспаса да, біздің қоғамның басты проблемасы пластик қалдықтары екеніне баса назар аудару керектігін айтты.

Соңғы отыз жылда АҚШ секілді ірі мемлекеттер Қытайға 10 миллион тонна пластик қалдықтарын экспорттаған. Кей жағдайда мұндай қоқыс сұрыпталмай, қағазбен, шынымен бірге өндіріс орнына да жіберіліп кеткен жағдайлар болған.

«Әрине, қоқыс қалдықтарын сұрыптау үлкен энергияны талап етеді. Бұл энергия – ақша. Ал АҚШ секілді мемлекеттер оған ақша кетіргісі келмейді. Сондықтан, оларға қалдықты бір жерге жинап, шетелге жібере салған жеңіл», дейді зерттеудің авторы, Джорджия университетінің экологы Эми Брукс.

Бірнеше жыл бойы пластик қалдықтарын импорттаған Қытай жақында бұл ойынан бас тартты. «Бұл күтпеген жерден болған шешім емес деп ойлаймын. Себебі, Қытайдың экономикасы күннен күнге қарыштап дамып жатыр», дейді Хорнвег.

Өмір сүру сапасы өзгеріп жатқандықтан, Қытай енді өз ішіндегі қалдықтарды азайту туралы шешімге келіп отыр. Осы жолмен мемлекет пластмасс қалдықтарды жойып, қайта өңдеп отыра алады.

Бұл тыйым Қытайдың қоршаған ортаның ластануына қарсы күресуіне көп септігін тигізе алады. Ал басқа әлем үшін бұл нені білдіреді? Бұл сұраққа жауап беру үшін зерттеу авторлары Брукс пен оның командасы Біріккен Ұлттар Ұйымдарының 1962 жылдан бергі шикізат тауарларының саудасы туралы мәліметтеріне жүгінген. Бұл мәліметтер ішінде пластик қалдықтары туралы да ақпарат бар. Зерттеушілер 1988 жылдан бастап Қытайдың қанша пластмасс қоқысты импортқа алғанын ескерді. БҰҰ-да дәл осы жылдан астап қана пластик қалдықтарс аудасы туралы мәліметтер енгізіле бастапты.

Мамандардың айтуынша, 1992 жылдан бастап Қытай әлемдік пластик қалдықтарының 45 пайызын алыпты. Тек 2016 жылы Қытай 7 миллион тонна қоқысты импортқа алған. Ал өз ішінде 61 миллион тонна қоқысты қайта өңдеген. Осы мәліметтердің барлығын ескере отырып ғалымдар 2030 жылға қарай 111 миллион тонна пластик қалдықтарының қараусыз қалатынын болжап отыр. Ал осынша көлемдегі қоқыс Қытайға жіберілмесе, ол қайда барады? Оған не болады?

АҚШ, Ұлыбритания мен Германия енді артық қоқыспен күресудің жаңа жолдарын қарастырулары керек. Мұндай қалдықты жергілікті қоқыс полигондарына тастау, өртеу – ауаның ластануына әкелетін әрі экологияға кері әсерін тигізетін жолдар. Бұл әсіресе халық денсаулығына зиян болып, басқа проблемалардың тууына себеп болуы мүмкін.

«Тағы бір жол – артық қоқысты Оңтүстік-Шығыс Азияның Филиппин мен Вьетнам секілді басқа мемлекеттеріне жіберу», дейді Хорнвег.

Бірақ бұл мемлекеттерде өздерінің пластик қалдықтары көп көлемде екені белгілі. Тіпті, бұл елдерде қалдықтарды басқаратын инфрақұрылым да жетпей жатады. Сондай-ақ олар да Қытай секілді шешім қабылдау мәселесін қарастырып жатыр.

Брукстің айтуынша, ең жақсы шешім – бір реттік заттарды пайдаланудан қашу. Әсіресе, оның ішінде пластик ыдыстар мен пакеттерді пайдаланбауға тырысу. Бөтелкелер мен пакеттерді қайта пайдалану жыл сайынғы пластик қалдықтарының көлемін азайтуға септігін тигізуі мүмкін.

«Бұлрасымен кез келген адамның қолынан келетін қарапайым ғана әрекеттер. Адамдар қазір осындай әрекеттердің өзі қаншалықты маңызды екенін түсіне бермейді. Бірақ миллиондаған адам осыны істей бастаса, жағдай өзгереді», дейді Брукс.

0 пікір
Мұрағат