Пәкістан жасыл желек жамылып, жетістікке жетуді ойлайды...
Пәкістан жасыл желек жамылып, жетістікке жетуді ойлайды...
4 жыл бұрын 3313 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жер-көкті жайлап, жолындағысан жайпап бара жатқан жұқпалы індетке байланысты Пәкістанда да жалпы ұлттық карантин жарияланды. Пандемияның кесірінен жүз мыңдаған адам жұмыссыз сенделіп қалды. Олардың барлығына жәрдемақы беруге мемлекеттің қауқары шамалы. Пәкістан билігі кенеттен келген бұл тығырықтан шығар жол іздеп, жұмыссыз қалғандарға жұмыс тауып беріп отыр: ел аумағындағы орман-тоғайды қалпына келтірмек. «10 миллиард ағаш цунамиі» деп аталатын ұлттық науқан аясында аса ауқымды экологиялық жобаны қолға алып жатыр. Аталмыш жоба аясында 63 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. 2018 жылы аталған ел премьер-министрі Имран Ханның бастамасымен қолға алынған бес жылдық жоба наурыз айының орта шенінде карантин жариялануына байланысты уақытша тоқтап қалған болатын. Алайда, белең алып кеткен ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыссыздық пен реурс жетіспеушілігінен бұл бағдарлама қайта жаңғыртылды. Бұл жобаға тартылған жұмысшылар карантин талаптарын (тұмылдырық тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау, т.б.) сақтай отырып, көшет отырғызып жатыр. Бұдан бөлек олар орман-тоғайды өрттен қорғау, заңсыз оталуына жол бермеу міндеттерін де орындайды. Негізінен ауылдық жерлердегі тұрмысы төмен азаматтар тартылған аталмыш жобаға. Пәкістанның қоршаған ортаны қорғау министрі мәлімдегендей, осы жылдың аяғына дейін кем дегенде 20 млн көшет отырғызуды жоспралап отыр. 2017 жылы Имран Ханның бастамасымен осы мақсатта 300 мыңға тарта жұмыс орны ашылып, нәтижесінде 1 млн-ға жуық ағаш отырғызылған еді. Осылайша Пәкістан пандемияның экономикалық ауыр салдарымен күресіп, екінші жағынан, жаһандық жылынуға, климат өзгерісіне қарсы қайрат қылып жатыр.

0 пікір
Мұрағат