Өзін жарып жіберген жеткіншек 5 адамның өмірін қиды
Өзін жарып жіберген жеткіншек 5 адамның өмірін қиды
2 жыл бұрын 682

Нигерияда жеті жастағы жанкешті террорист қыз өз-өзін жарып жіберіп, бес адамның қазасына себепкер болды. Осы жарылыстан 19 адам жарақат алған. Бұл қайғылы әрі оқыс оқиға елдің солтүстік-шығысында орын тепкен Потискум қаласының қақ ортасындағы базарда орын алды. Әзірге бұл терактіні ұйымдастырғандар белгісіз күйінде қалып отыр. Әдеттегіше бұл жолы да билік пен халық «Боко Харам» радикалды тобынан көріп отыр. Мектеп жасындағы қыздарды арам мақсаттарына пайдалану биліктің де, халықтың да мазасын қашырып, алаңдаушылығын тудырып отыр. Неге десеңіз, қыздардың қолымен от көсеу бұл елде тым жиілеп кетті. Бұл бірінші рет қайталанып отырған жоқ: үстіміздегі жылдың қаңтар айының 11-і күні 10 жастағы қыз Нигерияның Майдугури қаласындағы базарда да жарылыс жасап, 19 адамның қазасына себепші болып еді. Сол жолғы жарылыстан 20-ға жуық адам жарақат алған болатын. Дәл сол күні Потискум қаласында 15 жастағы жанкешті қыз өз-өзін жарып жіберген еді. Нәтижесінде алты адам қаза тауып, 37 адам жарақат алған болатын.

0 пікір