Мигранттар саны 244 миллионға жетті
Мигранттар саны 244 миллионға жетті
8 жыл бұрын 2951 khabar.kz М.Айтқазықызы

Лаңкестік ұйымдардың зұлымдығынан талай бұқараның зардап шегіп жатқаны белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымының жыл басында таратқан мәліметінше, бүгінгі таңда әлем бойынша 244 млн мигрант жан-жақта бас сауғалап жүр.  Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2000 жылдан бері босқындар саны 71 млн-ға көбейген. Оның 20 миллионы әскери қақтығыс алаңдарынан бас сауғалаған. Басым бөлігі – Сирия, Ауғанстан мен Сомалиден.  244 миллион адамның 3-тен бірі, яғни 78 миллион халық Еуропадан пана тапқан. 12 миллионы Германияда, 9 млн босқын Ұлыбританияда тұрады.   Ал соңғы уақытта босқындарға қатысты дағдарыстың одан бетер ушығуы Еуроодақты жан жақтан тығырыққа тіреді. Шенгеннің дәуірі тоқтап, экономикаға шығын келген.  Одан қалса, Еуропа босқынның қайсысы көмекке зәру, ал қайсысы қаскөй деп абдырап қалған.  «Осы ретте қазақстандықтар қолда бар алтынның қадірін түсінсе», – дейді әскери қызметкер Айтқали Есенғұлов.  Айтуынша, миллиондаған адамды өз Отанынан кетуге мәжбүрлеген жағдай кез келген елде белең алуы мүмкін.  Айтқали Есенғұлов, ҚР Генералдар Кеңесі президиумының мүшесі: - Әлемнің алпауыт елдері әскери қақтығыстардың өзге елдерде де өрбуіне әрекеттенуде. Осы арқылы бүкіл жерде өз үстемдігін жүргізуді көздейді. Біріншіден, қауіпті аймақтарға Солтүстік Кавказ, Орталық Азия елдері, Корей түбегін жатқызуға болады. Бүгінгі жағдай Африка, Таяу Шығыс пен Балқан маңындағы жоспарда бассыздық орнап, дүрбелеңге айналғанынан болып отыр.   Еуропаға қауіп төнген сәтте НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Әскери құрылымның теңіздегі қарулы күштері Жерорта теңізінде өз бақылауын жалғастыру керек», – деген мәлімдеме жасады. Грекия ресми ақпаратта: «Кәрі Құрлыққа жетем деген мигранттардың жолын бөгеу үшін», – делінген.  Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы -Эгей теңізінде контрабандалық жолмен адам тасымалдау әлі де бар. Егер біздің әскери күштеріміз өңірден кететін болса, трафик жаңа қарқынмен жалғасатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, біз Түркия, Грекия және Еуроодақпен тығыз байланыста әрекет етудеміз.  Еуроодақтың НАТО әскерінің аймақта әрекет етуіне жұмсаған шығынын санамағанда, мигранттардың жағдайына жұмсалған қаражаты 10 млрд еуродан әлдеқашан асып кеткен.  Ал Кәрі Құрлыққа жетуді діттегендер азаяр емес. Әзірге Түркиямен келісімге келіп, босқындар легін тоқтатудың сәті түсті.  Дегенмен, сарапшылардың ойы бір жерден шығып тұр. Жыл соңына дейін мигранттар былтырғы рекордты көрсеткішті қайталауы әбден мүмкін. 

 

0 пікір
Мұрағат