Мазарды паналаған тірі мұсылмандар (фото)
Мазарды паналаған тірі мұсылмандар (фото)
6 жыл бұрын 5684 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Мысыр астанасы - Кайр қаласында халық тығыз көп шоғырланған - 19 млн тұрғын. Халқы кедей әрі көбісінің баспанасы жоқ. Олардың дені қаланың әр түкпіріндегі мазарларды паналауына тура келген. Жоқтықтан. 

 

Мәселен, мына суретте нені байқадыңыз? Әкесі мен қыздары сәбиді құшақтаған анасына емес, қабырғаға тіреп қойылған теледидардағы футболды тамашалауда. Ал олар паналаған бейіттің тұсынан табыт көтеріп, қайғыдан қан жұтқан қаралы топ өтіп барады. 

 

Бұл - Каир қаласындағы Өлілер мекені атанып кеткен аудандағы бір күннен көрініс. Мазарда тұрса да олар қаралы топтарға "еті өліп" кеткен. Назар аудармайды. "Алғашында маған бұлай өмір сүру ауыр соғатын. Кейін бойымыз үйреніп кетті. Қалыпты нәрседей қабылдаймыз",- деді ағынан ақтарылған үш баланың анасы Сабрин. "Кейде біз бәріміз өлген адам секілді сезінемін. Тек бізді әлі көмбегені болмаса",- деді артынша. Ол осы мазарды өмірге келген. Оның балалары да осында өмірге келген. Олар да атасы мен әкесінің жолын қайталап, мазарда ұрпағын өрбітуі мүмкін.  Кей бейітте шағын бөлмелер болады. Ауқатты мысырлық отбасылар марқұм болған туған-туысқандарына зиярат етіп келгенде бел жазып, аяқ суытатын орынды да ескеріп, кеңірек етіп сатып алады. Міне, осындай шағын бөлмелерге кедейлер жайғасып алған. Мазарды қарауылдайтындар кедей отбасыларына арзан бағаға осындай шағын бөлмелерді заңсыз жалға беріп жатады. Сондай-ақ, ең қылмысты аудан да осы Өлілер мекені болып отыр. Есірткі саудалаушылар мұнда оңай із суытып кете алады. Полициядан бой тасалауға қолайлы орын.

0 пікір
Мұрағат