Исламның қасиетті алтын бесігінде... шіркеу ашылатын болды
Исламның қасиетті алтын бесігінде... шіркеу ашылатын болды
6 жыл бұрын 5138 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ватикан Сауд Арабиясы аумағында шіркеу ашуға қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, Ватиканның ресми өкілі,  кардинал Жан-Луи Тауран мен Ислам лигасынан Мұхаммед бин Әбдікәрім әл-Ыссы христиандардың Саудия аумағында шіркеу ашуға мүмкіндік беретін келісімге қолдарын қойды. Бұл оқиғаны әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары христиандардың жеңісіндей көріп, тарихи шешімге балап, сүйінші сұрағандай жарыса жазып жатыр. Сәл шегініс: өткен айда кардинал исі мұсылман қастер тұтатын исламның алтын бесігіне айналған елге арнайы сапар шегіп, Саудия билігін түрлі наным-сенімдегі өз азаматтарын бөле-жармай, бірдей қарауға шақырып, "уағыз" айтып кеткен болатын. Ол ол ма, Саудияның билік басындағыларға жөн-жоба үйретіп, ақыл-кеңесін үйіп-төкті: "Меніңше, сіздерде екі жау бар: экстремизм және надандық. Мен өркениеттер қақтығысы дегенге сенбеймін, надандық қақтығысы деген дұрыс. Адамдар көп жағдайда өздерінің кім екенін білмейтіндіктен экстремист болып жатады". Сөз орайы келгенде айта кету керек, Саудия - Таяу Шығыстағы ең ықпалды мемлекет. Геосаясатқа өз әсерін тигізетін оқиғалардың дені аталған аймақтан тарайды. Соңғы жылдары монархиялық елдің патриархалдық-консервативтік тәртіптен біртіндеп бас тартып, түрлі реформалар жүрзізіп жатқанын әлем алақайлап қарсы алғанымен бұл өзгерістердің мұсылмандарға берері де бар. Саудияның өркендегені ең алдымен исі мұсылманның мерейі. Десе де шектен шығып, батыстық құндылықтардың жетегінде кетуі де исі мұсылманның бұл мерейін бір-ақ сәтте жермен-жексен етуі мүмкін. Бәрі мүмкін. Тақ мұрагерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл өзгерістердің салдары қандай болатынын алдағы уақыт көрсетеді. 

0 пікір
Мұрағат