Еуроодақ әр мигрантқа 50 еуродан салық салмақ (видео)
Еуроодақ әр мигрантқа 50 еуродан салық салмақ (видео)
8 жыл бұрын 2657 24.kz Е. Қашқынов, Ю.Гончар

Еуропалық одақ кәрі құрлыққа келетін әр мигрантқа 50 еуро салық салғалы жатыр. Италия премьері Маттео Ренци мен Германия канцлері Ангела Меркель Римде аталған стратегияны талқылады. Италия премьері Маттео Ренци, Ангела Меркельді ниеттес әріптесі ретінде қабылдады. Қос елдің көші-қонға қатысты көзқарасы бір жерден шығады. Рим Африка елдерінің экономикасына қаржы құю, инфрақұрылым жасақтау, жаңа технологияларды енгізуді ұсынып отыр, ал қара құрлық өз кезегінде мигранттар нөпірін бөгеуі керек. Маттео Ренци, Италия министрлер кеңесінің президенті: - Африкалық бағытты жабу үшін Балқанда қолданылған стратегия қажет. Африкаға инвестиция салғаны жөн. Егер проблеманы алдағы бірнеше жылда шешуді қаласақ, жаңа жұмыс орындарын ашып, дамуға үлес қосу керек. Бұл тұрғыда Ангела екеуміздің ойымыз бір жерден шығады. Бұл жоспарды Еуроодақ елдерінің басым бөлігі қуаттайды. Бірақ бұл шараға шамамен 15 млрд еуро қажет. Еуропа қорлары бұл қаржының жартысын ғана өтей алады. Қосымша қаржы табудың бірнеше жолы бар. Бірі – шетелдіктер үшін 50 еуро көлемінде салық енгізу. Бұл шара Еуропаға келгендердің бәріне қатысты болмақ және виза төлеміне кіреді. Екіншісі – еуропалық қалаларға ұшаққа алынған әр билет ақысына 10 еуро қосу. Бұл табыс көздерінен Еуроодақ қазынасына 4 млрд еуродан астам кіріс кірер еді.  Еуроодақ елдері бұл стратегияны әлі жан-жақты талқылауы керек. Ал Нигер заңсыз көші-қонның жолын бөгеу үшін қазірдің өзінде 1 млрд еуро сұрап отыр. Әлемдегі ең кедей елдердің қатарына жататын мемлекеттің аумағы – африкалық мигранттардың басты өткелдерінің бірі. Германия мен Франция сыртқы істер министрлері таяуда осы Нигерде болып қайтқан. Ибрагим Якуба, Нигер Республикасының сыртқы істер министрі: - Біз француз және неміс министрлерінің елімізге келгеніне өте разымыз. Олармен экономиканы дамыту, қауіпсіздік, қарым-қатынасымызды нығайту және көші-қон туралы сөйлестік. Себебі бұл тек Еуропа елдері үшін ғана емес, сондай-ақ, біз үшін де үлкен проблема. Аталған стратегияда тағы да бір шарт бар. Еуроодақ экономикалық мигранттарды квоталар бойынша қабылдауға міндеттеледі. Маттео Ренци мен Ангела Меркель де бұл талапты мақұлдауға әзір. Германия канцлері айтқандай: «ең бастысы – біртұтас Еуропаны құтқару қажет».

 

0 пікір
Мұрағат