Экономикалық қатынастарға қатысты пәтуалар қабылданды
Экономикалық қатынастарға қатысты пәтуалар қабылданды
5 жыл бұрын 2935 muftyat.kz

Түркия Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Стамбул қаласында 21-22 желтоқсан күндері Еуразия мұсылман ғұламаларының ІІІ жиыны өтті. Оған Еуропа мен Орталық Азияның 22 елінен келген 50-ге жуық делегат қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан аталмыш іс-шараға Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Х.Аманқұлов барып қайтты.

Жиынның ашылу рәсімінде Еуразия пәтуа мәжілісінің басшысы проф. Ахмет Яман, Түркия Дін істері Ғұламалар кеңесінің басшысы док. Екрем Келеш және Түркия Дін істері басқармасының төрағасы проф. Али Ербаш сөз сөйледі.

Отырыстың бірінші күні проф. Ахмет Яманның «Қазіргі заманда діни сұрақтарға жауап берудің әдістемелік мәселелері» және Түркия Дін істері Ғұламалар кеңесінің мүшесі проф. Кашиф Хамди Окурдың «Заң тұрғысында бекітілген мәселелерде пәтуа беру саясаты» атты баяндамалары тыңдалды. Әр екі баяндамадан соң жиын қатысушылары өз пікірлерін білдірді, түрлі ұсыныстар айтылды.

Жиынның екінші күнінде экономикалық қатынастар және оның шариғи үкімдеріне қатысты пәтуалар, атап айтқанда, желілік маркетинг, криптовалюта (биткоин және т.б.), облигация, жылжымайтын мүлікті жалға беру, форекс нарығы, харам заттардың саудасы мәселелері талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Басқосу соңында Еуразия мұсылман ғұламалары отырысының арнайы қарары жарияланды. Қабылданған пәтуалардың мәтіні алдағы уақытта  Еуразия пәтуа мәжілісінің арнайы сайтында жарияланатын болады.  

0 пікір
Мұрағат