Бір тәулікте бір елде 350 млн ағаш отырғызылды
Бір тәулікте бір елде 350 млн ағаш отырғызылды
5 жыл бұрын 1919 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Эфиопия халқы ағаш отырғызудан рекорд орнатты - бір күннің ішінде 350 миллионнан аса ағаш отырғызылған. Бұл жайында VOA Africa ақпарат көзі хабар таратты. Африка құрлығында орын тепкен аталмыш елдің инновация және технология жөніндегі министрі Гетахун Мекурия бұл жайында Твиттер әлеуметтік желісінде мәлім етті. Дәлірегі, 12 сағат ішінде 353 633 660 көшет отырғызылған. Аса ауқымды шараға Эфиопия премьер-министрі Абия Ахмед көтерген "Жасыл мұра" деп аталатын бастамасы түрткі болған еді. Мұндай экологиялық науқан мамыр айынан қазан айына дейін 4 млрд-тан аса ағаш отырғызу мақсаты аясында қолға алынып отыр. 4 млрд ағашты ел тұрғындарының жан басына шаққанда бір адамға 40 көшеттен айналады екен. Яғни, аталған мерзім аралығында әрбір эфиопиялық 40 ағаш отырғызуы тиіс. Бұл шара ең алдымен жаһандық жылынудан пайда болған климат өзгерісінің салдарын азайту әрі құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарды жасылдандыру мақсатында қолға алынып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген мәлімет бойынша 2000-шы жылдары Эфиопиядағы орман-тоғай аумағы ел территориясының тек 4%-ын ғана алып жатқан болатын. Ал бұл көрсеткіш өткен ғасырда 35%-ды құраған болатын. Эфиопиядағы бұл шараға іскерлік орта, халықаралық ұйым өкілдері атсалысты. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 2017 жылы Үндістанда 12 сағат ішінде 66 млн ағаш отырғызылған болатын. 

0 пікір
Мұрағат