Бақилық болғандарды өртеуден бөлінген жылуды пайдалануды ұсынды
Бақилық болғандарды өртеуден бөлінген жылуды пайдалануды ұсынды
5 жыл бұрын 3220 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Амстердам қаласында жарық көретін «Пароол» мерзімді басылымы таратқан хабарға қарағанда, аталмыш қала басшылығының кезекті жиынында крематориядағы жылуды ғимараттарды жылытуға пайдалану мәселесі көтерілген. Бақилық болған адам мәйітін өртеуден бөінген жылу босқа кеткенше, оны кәдеге жарату арқылы қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосуға болады. Осылайша бір оқпен екі қоянды атып алуға болады. Қала басшылығындағылардың бұл ұсынысы талқыланып жатыр. Д66 деп аталатын солшыл либералды партия атынан сайланған депутат Ян Берт Врухе (Jan-Bert Vroege) кремацияның экологияға қаншалықты салмақ салып отырғанына назар аударуды талап етті. Оның айтуынша, кремация парникті газбен ауаны ластаудағы деңгейі өте жоғары. Голландиялық қолданбалы ғылыми зерттеу ұйымы келтірген дерек бойынша бір мәйітті өртеу 208 келі көміртек диоксидін бөлсе, Амстердамнан Стамбұлға әуе кемесімен бір рет қатынау 188 көміртек диоксидін бөледі. Бүгінгі таңда аталған ел аумағында бақилық болғандардың 76% өртеледі екен. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артпаса, кемімейді. Өйткені, адам жерлейтін жер тапшы. «Жасыл солшыл» деп аталатын тағы бір партия атынан сайланған депутат Яспер Грун (Jasper Groen) әріптесіне қолдау білдіріп, крематория маңындағы ғимараттарға бақилық болғандардың сүйегін өртеуден бөлінген жылуды пайдалануды жақтады.

0 пікір
Мұрағат