Армения екі оттың ортасынан аман шығудың амалын қарастыруда
Армения екі оттың ортасынан аман шығудың амалын қарастыруда
6 жыл бұрын 4284 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Армения Түркиямен дипломатиялық қатынас орнатуға дайын. Бұл жайында жұма күні, яғни, кеше - шідде айының 27-і күні жарияланған Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Естеріңізге сала кетсек, бұл бастаманы алдымен түріктер болатын. Нақтырақ айтқанда, Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым мамыр айының бас кезінде осындай мәлімдеме жасаған еді. Яғни, алғашқы қадамды Түркия жасап отыр. Түркия неліктен мұндай қадамға барып отыр? "1915-1932 жылдар аралығында армян халқына геноцид жасағандарыңды мойындаңдар" деген армяндардың бұл түбі шикі, саяси орынсыз талабына түріктер екі ел арасындағы шекарасын 1993 жылы жауып, жауап қайтарған болатын. (Сөз орайы келгенде айта кету керек, Түркияның тұқыртап қалу үшін бұл геноцидті Ресей де, Франция да, Италия да, Германия да армян геноцидін мойындаған болатын). Енді келіп, Армения премьері "Армениямен арадағы шекараны түріктер жапқан. Біз жақтан шекара әрқашан ашық. Түркия шекараны ашу туралы шешім қабылдауы тиіс",- деп, бұрынғы талабынан тайқып шыға келді. Әлбетте, қазіргі жаһандану әрі интеграция замамында шекараны жауып отыру көп жағдайда геосаяси әрі экономикалық жағынан тиімсіз. Тіпті, орны толмас қателікке жол беріп жатады. Оның үстіне, түріктермен түбі бір әзірбайжан тарапынан Таулы Қарабақ жер дауы бойынша төнген қауіптің бетін қайтару үшін Түркияның арағайындығы керек. Жауының жақтасын өзіне қарату үшін де саяси шегініс жасауға тура келеді. Армения мұндай қадамға неліктен барып отыр? Бұл сауалды қайыра қойып отырғанымыздың астарында Әзірбайжанның тұтқиылдан шабуыл жасау қатері жатқанын аңғару қиын емес. Мұны Армения басшысы да жасырмай, мойындап отыр. Жуырда ғана ол өткен жылдың соңғы айының мәліметі бойынша халқының саны 3 млн-нан асқан армяндарға "Мәскеу жаңғырығы" радиостансасынан әзірбайжандармен соғыс болу ықтималдығы жоғары екенін және соған сақадай сай болуға шақырып, үндеу тастағанын айта кету керек. Ал Түркияның армяндарға қарата достық ниетін ұсынуының астарында бүгінгі күннің кейбір тарихи жағдайларға көз жұма қарауды талап ететін шындығы жатыр. Ол қандай шындық дейсіз ғой? Аймақтың қауіпсіздігі мен тыныштығы. Ең алдымен түріктерге өз қауіпсіздігі үшін іргесіндегі мемлекеттердің татулығы қажет. Десе де әзірбайжан факторы тұрғанда Армения Түркиямен қаншалықты жақындасады? Бұл Таулы Қарабақ даулы аймағының қалай шешім табатынына байланысты. Бұдан бөлек, Ресей мен Түркияның жақындасуы да армяндарға ой салып отыр. Яғни, Таулық Қарабақ жер дауында Түркияның қолдауына ие әзірбайжан тарапынан төнген қаупте Армения Ресейге арқа сүйеп келген еді. Ендігі жерде түріктермен жақындасқан Ресей Арменияға бұл жер дауында қаншалықты сенімді одақтас бола алады? Ресей билігі де армяндардың батысқа бет бұруға дайын екенін білмей отырған жоқ. Бұл тарапта ресейліктер Таулы Қарабақ мәселесі бойынша армяндардан сырт айналып кетуі ғажап емес. Бәрі мүмкін. 

0 пікір
Мұрағат