Әлем лидерлері Трамптың Иерусалим туралы шешімін қалай қабылдады?
Әлем лидерлері Трамптың Иерусалим туралы шешімін қалай қабылдады?
6 жыл бұрын 3800

Германия канцлері Ангела Маркель Иерусалимді Израиль астанасы деп таныған АҚШ президенті Дональд Трапмтың шешімін қолдамады. Франция президенті Эммануэль Макрон да бұл шешімге қарсы шықса, Ұлыбритания премьері Тереза Мэй елшілікті басқа қалаға көшіруден бас тартты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі interfax.ruбасылымына сілтеме жасап. 

«Канцлер Маркель Трамптың Иерусалим туралы шешіміне қатысты: федералды билік бұл позицияны қолдамайды. Себебі, Иерусалимнің статусы екі мемлекет шешімі төңірегінде талқылануы тиіс», - деп жазды Германия федералды билік баспасөз хатшысы Штеффен Зайберт өзінің твиттердегі парақшасында.

Ұлыбритания премьері Тереза Мэй де Вашингтон позициясын сынға алды.

«Біз статусқа қатысты соңғы шешім қабылданғанға дейін АҚШ-тың өз елшілігін Иерусалимге көшіріп, оны Израиль астанасы деп тануына қарсымыз. Ұлыбританияның Израильдегі елшілігі Тель-Авив қаласында орналасқан және біз елшілікті басқа қалаға ауыстыруды жоспарлап отырған жоқпыз», - деп мәлімдеді премьер.

Франция президенті Эммануэль Макрон да АҚШ-тың шешімін қолдамайтынын жеткізді.

«Бұлай шешілгені өкінішті және Франция мұны қолдамайды. Ол ББҰ ҚК мен халықаралық құқық нормаларына қарама-қайшы», - деді Франция президенті Алжирдегі пресс-конференцияда.

Ал Сауд Арабия Трамптың Иерусалимге қатысты шешімін жауапкершіліктің жоқтығы деп бағалады. Король сотының ресми мәлімдемесінде бұл шешімнің «салдары жаман болатыны» туралы жазылған. Мұнымен қатар, мәлімдемеде бұл шешім «әділетсіз әрі жауапкершіліксіздіктің белгісі» деп бағаланған.

Естеріңізге сала кетсек, сәрсенбі күні Ақ Үйде Трамп АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы деп танитынын мәлімдеген болатын. Бұдан кейін Трамп мемлекеттік департаментке АҚШ елшілігін Тель-Авивтен осы қалаға көшіруді тапсырды.

0 пікір
Мұрағат