Айуан үшін адам құрбан болуда
Айуан үшін адам құрбан болуда
5 жыл бұрын 2390 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жануарларды қорғау керек..Табиғатты аялап, көздің қарашығындай сақтау керек. Оған сөз бар ма. Алайда, ең алдымен адамның амандығы керек. Айналып келгенде, бәрі адам үшін емес пе?! Құрып бара жатқан аңдарды қорғаудың жөні осы екен деп, адамның өмірі мен тағдырын, денсаулығын қатерге тігіп, «құрбандыққа шалу»... көңілге қонбайды, ақылға сыймайды.

Африка құрлығында орын тепкен Танзания аумағындағы басты қорықта автокөлік пен мотоцикл қозғалысына қатаң тыйым салынған. Жануарларды қорғау үшін. Браконьерлерден. Алайда, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, аталған өңірде тұратындар үшін бұл тыйым оларды әлемнен оқшаулап тастағанмен бірдей болып отыр. Дерті жанына батқан науқастар емханаға жеткенше демі үзіліп кетеді. Бұл жайында Nipashe мерзімді басылымы Аруша облысында орналасқан Нгоронгорот қорығының тұрғындарының арыз-шағымына, талап-тілегіне, мұң-зарына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Дәлірегі, аталмыш ақпарат көзінің тілшісіне сұхбат берген кимангати тайпасының өкілі Мария Гутумухога осы заманғы өркениеттің ең қажетті игілігінен (автокөлік пен мотоциклді айтып отыр) қағылғандарын ашына жеткізді. Осылай дей келе ол аяғы ауыр әйелдер үшін бұрын мотоциклді пайдалануға рұқсат етілгенін тілге тиек етті. Кейін аталған қорық аумағындағы мотоциклдердің бәрін тәркілеп алып кеткен. Жергілікті билік өкілдері. Сөз орайы келгенде айта кету керек, аталмыш қорық аумағындағы 25 ауыл орын тепкен. Осы 25 елді-мекен үшін тек бір-ақ медициналық пункт жұмыс істейді. Эндулен ауданында. Осы өңірдегі жалғыз медициналық мекеме жүз мыңға тарта адамға, дәлірегі, 93 136-нан аса адамға қызмет көрсетуге мәжбүр. Күн сайын соғыссыз, табиғи апатсыз бұл өңірде кем дегенде бір адам бақилық болып жатады.

0 пікір
Мұрағат