Соңғы Аудиолар
1 пікір
  • Әр қазақ біліп жүрсін бес нәрсені!

    Орындаушы: Әшірбаев Кеңесбай Сүлейменұлы
    Сөзі: Серік Сейтман

    Ұлтымның ойындағы ұлықты арман
    Төрінде Ұлытаудың ұлықталған.
    Өз ұлы оятпаса кім оятар
    Тарихты әр тасында тұнып қалған?!

    Қаратқан тұлғасына ел назарын
    Азамат демейді ме ер ғажабын.
    Ішіңнен ұлтым деген ұл табылса,
    Ізіне бірің қалмай ер, қазағым.

    Алаштың сын сағаты келді міне,
    Жар болсын Тәңір өзі теңдігіне.
    Әр қазақ көкейіне тоқып алсын,
    Бес нәрсе тұғыр мәңгі елдігіне.

    Қазағым, бір тұғырың – Ана тілің,
    Сөзбенен тәпсірлеген дана ақылын.
    Тілімен Төле, Қазыбек, Әйтекенің
    Күмәнсіз қазақ болып қалатының.

    Қазағым, бір тұғырың – Ата дінің,
    Жандырар бағын Құдай баталының.
    Иманы мұсылманның жүрегінде,
    Өлшенбес көлемімен сақалының.

    Қазағым, бір тұғырың – баба дәстүр,
    Дәстүрсіз дін ұстаған жарамас құр.
    Халқымды тура жолдан адастырар
    Ғұрыптың құнын білмес қара басқыр.

    Қазағым, бір тұғырың – тарихың да,
    Тарихсыз өзді-өзіңді танисың ба?
    Сол тарих жүрегіңді елжіретіп,
    Сол тарих жігеріңді жанитын да.

    Ұлтымның бас тұғыры – ынтымағы,
    Бейбіт ел болашаққа ұмтылады.
    Жұмылған жұдырықтай бірікпесең,
    Қанаты қыраныңның қырқылады.

    Дос санап, бауыр санап бір-біріңді,
    Сақтаңдар сары майдай бірлігіңді.
    Бастауы берекеңнің – осы бірлік,
    Бірліксіз түлетпессің тірлігіңді.

    Кеудемде арман оты алаулайды,
    Ертеңге үмітсіз боп қарау қайғы.
    Іштегі бірлігіңе бекем болсаң,
    Сырттан кеп елдігіңді жау алмайды.

    Сақтасаң бірлігіңді ел боларсың,
    Дұшпанға асу бермес бел боларсың.
    Алты Алаш араз болса бір-бірімен,
    Көлденең көк аттыға жем боларсың.

    Әрқашан әр нәрсенің анығын біл,
    Ақ жолын ақиқаттың тағылым қыл.
    Бәрінен «Алтын ұяң – Отан қымбат»,
    Алтынның қолда барда қадірін біл.

    Алашым, Айтөбелім, Аймаңдайым,
    Тұғырым болсын десең Айдан дайын,
    Қазақстан дейтұғын тайқазанда
    Бірлігің ұйып тұрсын айрандайын.
    2 жыл бұрын