Әлемдік тұлғалардың Ислам өркениеті жайлы пікірлері
Әлемдік тұлғалардың Ислам өркениеті жайлы пікірлері
6 жыл бұрын 5155
Арайлым ӘБУБӘКІРОВА

Тарих сахнасына шыққалы адамзатқа, жалпы әлемге ақиқат шуағын ала келуімен ерекше әсер етіп, үлкен ықпалға ие болған Ислам дінінің негізінде құрылған, санына жетіп болмас ғалымдар, ғылыми жаңалықтар, еңбектер, өмір сүру салтын, дүниетаным сыйлаған ұлы Ислам өркениетіне көкірек көзі ояу кез келген адам ой жүгіртіп қараса керек. Осы мақалада біз Батыс әлемінің, тек Батыстың ғана емес, тұжырымдарына, еңбектеріне қазіргі кезеңге дейін жалпы әлем жұртшылығы назар аударып, жетекшілікке алып жүрген түрлі салалардағы бетке ұстар ірі тұлғаларының Ислам өркениетіне қатысты айтқан пікірлерін танымал еңбектерінен, яғни сенімді дереккөздерден теріп ұсынғалы отырмыз.

Наполеон БОНАПАРТ

«Мұса Құдай бар екендігін өз ұлтына жеткізді, Иса Рим әлеміне жариялады, ал Мұхаммед мұны ескі дүние бөлігіне (яғни Еуропаға) жеткізді...»

«Исадан алты ғасырдан кейін, Мұхаммед Ибраһим, Исмаил, Мұса, Исалардың Құдайына құлшылық етуді таныстырғанға дейін Арабия мүшріктер аймағы еді. Арийліктер және басқа да секталар Әке, Бала және Қасиетті Рух болмысы жайлы сұрақтарды қозғап, шығыстың тыныштығын бұзды. Мұхаммед жалғыз ғана Құдай бар екендігін, оның әкесі, баласы жоқ екендігін, ал үштік сенім пұтқа табынудың алғышарты болып табылатындығын жариялады...»

«Мен бүкіл елдердегі барлық дана, оқыған адамдарды жинап, жалғыз өзі ғана ақиқат және жалғыз өзі ғана адамдарды бақытқа жетелей алатын Құран ұстанымдарына негізделген билікті орнатып, біріктіре алуға қабілетті болатын уақытттың алыс еместігінен үміттенемін».

Дереккөз: «Correspondance de Napoléon Ier Tome V pièce n° 4287 du 17/07/1799...»

Бернард ШОУ

«Келесі жүз жылда Англия, тіпті бүкіл Еуропаға билік жүргізер дін болар болса, ол тек қана Ислам діні бола алады».

«Мен Мұхаммедтің дінін оның тамаша өмірсүргіштігі үшін үнемі жоғары бағалап, құрметтейтінмін. Мен үшін бұл дін болмыстың өзгеру кезеңінде әр заманға өзін бейімдей алатын ассимиляциялық сыйымдылыққа ие жалғыз дін болып көрінеді. Мен ол жайлы зерттедім – таңғаларлық адам және ол анти-Христ деп аталудың орнына Адамзат Құтқарушысы деген атауға ие болуы керек».

«Оған ұқсайтын адам заманауи әлемде диктаторлыққа ие болар болса, ол бұл әлемнің мәселелерін шешуде және соншалықты қажетті бейбітшілік пен бақытты әкелуде табысқа жетер еді деп сенемін. Мен Мұхаммедтің сенімі жайлы ол бүгіннің Еуропасына қалай тиімді бола бастаса, ертеңгі Еуропаға да тиімді болатындығы жайлы көріпкелдік жасай аламын».

Дереккөз: «The Genuine Islam», Vol. 1, No. 8, 1936.

Бертран РАССЕЛ

«699 жылдан 1000 жылға дейінгі аралықты айқындау үшін біздің «Қараңғылық дәуірі» деген сөзді қолдануымыз Батыс Еуропаға шектен тыс назар аударуымызды көрсетеді...»

«Үндістаннан Испанияға дейін Исламның таңғажайып өркениеті қанат жайды. Христиандықтың қазіргі таңдағы кейін қалуы өркениетке қатысты емес, қайта керісінше...»

«Бізге Батыс Еуропалық өркениет қана өркениет ретінде көрінеді, бірақ бұл тым тар көзқарас».

Дереккөз: «History of Western Philosophy», London, 1948, p. 419.

Уильям ДРЕПЕР

«Халифалар дәуірінде христиандар мен яһудилер арасындағы оқыған адамдар жоғары бағаланып қана қойған жоқ, үлкен жауапкершілігі бар қызметтерге, үкіметтегі жоғары билік өкілдерінің орнына тағайындалды. Ол (Халифа Харун Рашид) ешқашан ғалым адам қай елге тиісті болғанына, оның діні мен сеніміне қараған емес, тек оның білім саласындағы артықшылығына мән беретін».

Дереккөз: «History of Intellectual Development of Europe»

Томас КАРЛЕЙЛЬ

«Кедей, ауыр жұмысқа жегілген, жағдайы жақсы емес адам, басқа дүниеқұмар дөрекі адамдардың не үшін жұмыс жасайтынына мән бермейтін адам. Жаман адам емес екендігін мойындауым керек. Оның бойында кез келген аштықтан артық болар бірнәрсе болғаны анық. Әйтпесе 23 жыл бойы оның қол астында, онымен үнемі тығыз байланыста болып, күресіп, шайқасып жүрген жабайы арабтар оны бұлай қатты құрметтемес еді. Олар таласқа, ызалы шынайылыққа еш тартынбастан кірісе кететін жабайы адамдар болған; ерекше қасиеттерсіз, адамгершіліксіз ешбір адам бұларға әмір ете алмас еді. Олар оны пайғамбар деп атады дейсіңдер ме? Ол олармен бірге иық тіресе тұрды; жалаңаяқ, ешбір мистикамен құпияланбай; көзге көрініп, өзі пішкен шапанын, өзі тіккен аяқ киімін киді; күресті, кеңесті, араларында жүріп бұйрық берді: олар оның қандай адам екенін көрсе керек, сендер оны қалай атағыларың келсе де! Ешбір патша өз тәжімен өзі тіккен шапанды киген осы бір адам секілді құрметтелген емес, әсіресе оның 23 жыл ғана билік жүргізгенін назарға алар болсақ. Мен бұл дәрежеге ие болу үшін адам бойында шынайы Батырға тиісті қасиеттер болу керек деп білемін...»

«Бұл арабтар, Мұхаммед деген адам, сол бір ғасыр – бір найзағай сияқты, жарылғыш ұнтақтай болған әлемге түскен найзағай, сөйтіп олар Делиден Гранадаға дейін аспанмен астасқан жарылыс жасады. Мен үнемі айтамын, әрдайым бір ұлы адам Аспаннан жасын секілді келеді, адамзаттың қалған бөлігі оны жанармай ретінде күтеді, кейіннен олар да жарқырап жана бастайды...»

Дереккөз: «Heroes, Hero Worship, and the Heroic in History, Lecture 2, Friday, 8th May, 1840»

Филипп ХИТТИ

«Орта ғасырлардың алғашқы бөлігінде ешбір ұлт арабтар секілді адамзат дамуына маңызды үлес қоса алған жоқ, егер де біз бұл терминді ана тілі араб тілі болғандар үшін қолдансақ, тек Араб түбегінде өмір сүретіндерге қатысты емес. Ғасырлар бойы араб тілі Алыс Шығыс елдерінен басқа бүкіл өркениетті әлем бөлігі үшін ғылым, мәдениет, интеллектуалдық даму тілі болды. ІХ ғасырдан бастап ХІІ ғасырға дейін философиялық, медициналық, тарихи, діни, астрономиялық, географиялық жұмыстар араб тілінде адамдардың өзге тілдерінің бәрінен көп мөлшерде жазылды».

Дереккөз: «Short History of the Arabs»

 

 

Марсель КЛЕРДЖЕТ

«Ұлы Сүлеймен патша билігі кезіндегі Осман империясының жоғары мәдени деңгейінің көптеген дәлелдерін ғылым мен заңның дамуынан, араб, парсы, түркі тілдеріндегі әдеби шығармалардың деңгейінен, Стамбул, Бурса, Едирнедегі сол кезеңге тән ескерткіштерден, қазылар мен жоғары билік иелерінің салтанатты өмірінен және діни толеранттылықтан таба аламыз. Түрлі ықпалдар – түркілік, византиялық, италияндық – өзара араласып, таңдай қақтырарлық Осман дәуірінің қалыптасуына себепкер болды».

Дереккөз: «La Turquie, Passe et Present, Paris, 1938»

Сэр Джон Багот Глабб

«Халифа әл-Мамунның билік жүргізген кезеңін (813-833) ғылым мен білімнің «алтын ғасыры» ретінде қарастыруға болады. Ол әрдайым кітаптарға және ғалымдарға адал болды. Оның таңғажайып миы интеллектуалдық іс-әрекеттің кез келген түріне қызықты. Тек поэзия емес, философия, теология, астрономия, медицина, заң да оның уақытының біраз бөлігін алатын».

«Мамун кезінде Бағдатта медициналық мектептер ерекше белсенділікке ие болды. Бағдатта ең алғашқы тегін қызмет көрсететін қоғамдық аурухана Харун әр-Рашид халифатының кезінде ашылған еді. Жүйе дамығаннан кейін, терапевтер және хирургтар медициналық білімді үйренушілерге дәріс оқып, іс жүзінде қызмет етуге қабілеттілеріне дипломдар бере бастады. Мысырдағы алғашқы аурухана 872 жылы ашылып, одан кейін бүкіл империя бойынша, Испаниядан Мағриб, Парсы аймағына дейін қоғамдық ауруханалар таралды».

 

0 пікір