Абдульқадир Гәйләни хазреттің айтқан өсиеттері...
Абдульқадир Гәйләни хазреттің айтқан өсиеттері...
4 жыл бұрын 7091

Ей, балам! Саған тақуалық қажет. Сондықтан да, тақуалықтың міндеттемелерін амалға асыруға тырысқын, соның арқасында жүрегің ішкі жаулардан және жаман мінездерден құтылсын.

Ей, балам! Дүниелік нәрселерді жинау кезінде, түнде отын жинап, бірақ қолына не түскенін білмейтін адам секілді болма. (Қолыңды шағып алар жылаң да кездесуі мүмкін. Сол себепті) қолыңа түскен дүниелік нәрселердің халал ма, харам ба, дінде рұқсат етілген нәрсе ме, жоқ па, соған маңыз аударғын. Бүкіл ісіңде «тақуалық күншуағымен» бірге бол.

Ей, балам! Құранға амал жасау – сені Құранның орнына (дәрежесіне) көтереді. Сол орынға отырғызады. Сүннетке (хадиске) амал жасау – сені Алланың расуліне жақындатады. Расулалланың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жүректік, һәм, рухани һимметімен*[1] Алланың достарының жүрек шеңберлерінен бір сәт те болса, айырылмайтын боласың. Алланың достарының жүректерін әсемдететін де Өзі.

Ей, балам! Арам жеу жүректі өлтіреді. Адал нәрсені жеу жүректі тірілтеді. Кейбір тілім нан бар, сені дүниемен мәшғұл етіп қояды. Кейбір тілім нан бар, сені ақыретпен мәшғұл етеді. Және кейбір тілім нан бар, сенің ықыласыңды дүниені және ақыретті жаратқан Құдайға аударады.

Ей, балам! Нәпсіңмен күресу жолында саған жәрдемші болар кісімен жолдас бол. Оның сұхбаттарына қатыс. Нәпсіңнің бұзылуына итермелейтін адаммен достық құрма. Алдымен өз нәпсіңмен алыс. Өз нәпсіңе пайдалы бол. Өз нәпсіңді түзе. Кейін басқалармен айналысасың. "Басқаларды жарқыратқанымен, өзі еріп жоқ болар шырақ тәріздес болма!"[2].

Дүние – базар және сауда орны іспетті. Көп ұзамай жабылып, тарқасады. Сізге тек пәни нәрселерді көрсететін және оларға байланып қалуыңызға себеп болатын есіктерді жабыңыз. Алланың құдіретін көруіңізге және тек Оны жақсы көруіңізге себепкер болар есіктерді ашыңыз.

Ей, балам! Ұлы адамдарды жығып, жоқ еткен нәрсе, ол – майда-шүйде қаталар, сүрінулер мен жаңылысулар. Заһиттерді құртқан – нәпсәни қалаулар. Хаққа жеткендерді құртқан – жалғыз кездеріндегі жаман ойлар мен ойға келген жаман пікірлер. Шыншылдарды құртқан – бір сәттік жаман іс.

Ей, балам!  Дүние теңізіне түсуден сақтан. Ол теңізде көптеген адамдар тұңшығып, азы ғана құтыла алды. Дүние - терең теңіз іспетті. Әр нәрсені батырып, тұңшықтырады. Тек, Алла қалаған құлдары ол дүние теңізінен құтыла алады. Құдды қиямет күні мүміндерді тозақтан құтқарғаны сияқты.

Ей, балам! Барлық іс-әрекеттеріңде таухид күншуағымен, шариғат күншуағымен және тақуалық күншуағымен бірге бол. Өйткені бұлар – құмардың, менмендіктің, нәпсінің, шайтанның және жаратылғанға арқасүйеушіліктің себеп болған ширк тұзағына түсіп қалудан сені сақтайды. Бұл күншуатар сені Алла жолында ілгерілеу барысында асығыстыққа барып қоюдан сақтайды.

Ей, балам! Ақыл иесі бол. Ақылыңды қолдан. Асықпа. Сөзсіз, асығыстықпен ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Қанша асықсаң да уақытынан бұрын кешті батыра алмайсың, таңды атыра алмайсың.

Ей, балам! Қарсы алдыңда ашылмаған есік қалмасын десең, аса қадірлі, ұлы Алладан қорық! Өйткені, Аллаға деген қорқыныш - әр есіктің кілті. Ол әр есікті ашады.

Ей, балам! Жақсы істер істеуде жалқауланба. Себебі, жалқаулыққа салынғандар өмір бойы (жақсылықтан) махрұм болады, әрідесе, әрдайым өкініш сергелдеңі соңдарынан қалмайтын болады. Істеріңді ең көркем түрде жаса. Алла дүние өмірінде де, ақырет өмірінде де саған өте жомарт.

Ей, балам! Дұға жібін ұзын қыл. Алланың ризалығына қайт. Жүрегің қарсы болып тұрып, тіліңмен дұға жасайтындай жағдайға түспе. Аузыңмен жасаған дұғаңа жүрегің де қатыссын.

Ей, балам! Ақыреттік уайымыңды дүниелік уайымынан бұрын қой. Егер, солай істесең екеуіне де қол жеткізесің, екеуінде де табысты боласың. Ал, егер, дүние уайымын ақырет уайымынан бұрын қойсаң, онда екеуінде де шығынға ұшырайсың. Дүниеге деген сүйіспеншілігіңді жүрегіңнен шығарып тастасаң, бір дүниелік нәрсенің өзінде береке болады.

Ей, балам! Мұсылман адам дүниесі үшін де, ақыреті үшін де жұмыс істейді. Дүниесі үшін қажетінше кәсіп етеді, қанағат етеді. Құдды жолаушының қажетінше ғана азық-түлік алғаны сияқты... Наданның бүкіл ойы дүниеде, дүниелік нәрселерде. Арифтың ойы болса, ақыретте және Аллада.

Ей, балам! Істеген әлдебір күнәң себепті, Алланың рахымынан күдер үзбе. Дін киіміңдегі кірді тәубе суымен жуып тазала. Тәубеңде табанды бол, әрі ықыластылық таныт. Одан бөлек, дін киіміңді «марифатулла» иіс суымен хош иістендір.

Ей, балам! Дүние – теңіз. Иман – кеме. Ғибадат пен тағаттар – кемеші. Ақырет – осы теңіздің аралы. Аллаға жүрегіңмен қайт. Аллаға тәуекел еткен адам - Оған қайтқан адам.

Ей, балам! Ешкімге жапа шектірме және ешкімге залал тигізбеуге тырыс. Әркімге ақ көңілді, ақ ниетті бол.

Ей, балам! Ешкіммен дүниелік істерде таласып, тартыспа. Ешкімнің несібесіне кедергі жасауға тырыспа. Өйткені, әркімнің несібесі міндетті түрде иесіне жетеді.  

Ей, балам! Алланы ең әуелі жүрекпен зікір ет. Кейін қалыбыңмен, одан соң, тіліңмен зікір ет. Алланы жүрегіңмен мың рет, ал тіліңмен бір рет зікір ет.

Ей, балам! Дініңді дүниеге сатпа. Патшалардың, билік иелерінің, байлардың және харам жейтіндердің ұсынған дүниесіне дініңді сатпа. Дініңді бір рет сатар болсаң, жүрегің қараяды. Қалай қараймасын, егер дүниеге бола дініңді сату арқылы, панилерге құл болып жатсаң?![3].  

Аударып, дайындаған: islam.kz 


[1] Химмет – сөздікте «бейімділік», «икемділік», «қалау», «ниет білдіру» деген мағыналарға саятын бұл сөздің тасаууфтағы мағынасы: «Өзін немесе басқасын кәмілдікке жеткізу жолында жүректің бүкіл рухани күш-жігерімен Құдай Тағалаға жөнелуі».
[2] Osman Nûri Topbaş, İmandan İhsâna Tasavvuf.
[3] https://www.ilmedavet.com/

0 пікір