Төлепберген хазіреттің ерекше өмір тарихы
Төлепберген хазіреттің ерекше өмір тарихы
5 жыл бұрын 3292
Дайындаған Алмас Кизиров

Ол қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Ленинский маңындағы Шәкей ауылында Ілияс Құсайынұлының отбасында 1903 жылы дүниеге келген. Шын есімі – Төлепберген Ілиясұлы. Тегі – Қанжығалы елінің ішіндегі Киікбай тайпасы. Төлепберген хазірет Шәкей ауылында төрт сыныпты тәмамдады. Кейін Сәкен халпеден 4 жылдай дәріс алды. 1944-1945 ж.ж. Атбасар маңындағы Станция-Адырда Синий пунктке қызмет атқарды. Соғыстан кейін сол жерде 1958 жылы зейнетке шыққанға дейін директор болып істеді.

1958 жылы Ерейментау қаласына, ал 1959 жылы Ерейментау ауданындағы Еңбек ауылына көшіп келді. Зейнетке шықса да мал шаруашылығымен айналысты.

Жұбайының аты – Зейнеп Құдабайқызы, руы – Найман. Төлепберген хазіреттің 10 баласы болып, 9 баласы сәби кезінде үш-үштен бірінен соң бірі шетінеп кетті. Тек Раушан деген қызы аман қалды. Раушан Төлепбергенқызы қазіргі Ерейментау ауданы, Еңбек ауылында тұрып жатыр. Жұбайы 1986 жылы 27 желтоқсан күні 77 жасында қайтыс болды.

Төлепберген хазірет ингуштар жер аударып келгенде, соларды киіммен қамтамасыз ететін. Атбасардағы ингуштарды басқарып, олардың арасында орын алатын дау-дамайларды тәртіп сақшылары емес, өзі жалғыз шешіп, оларды татуластыратын.

Адам психологиясын жетік білген. Өз мәселелерімен келген адамдарға майда сөйлеп, мәселелерін шешіп беретін. Сондықтан халық оған Майда Төкен деген лақап ат қойған. Дін мен саясатты бірге алып жүретін. Саяси талас-тартыстарда жеңіп отыратын. Коммунизмді қолдады. Бір күні бір бастықпен келіспегенде, сол бастық: «Сен коммунист емессің бе? Коммунистігің қайда?», - дегенде, Төлепберген хазірет коммунистік билетті бастықтың бетіне лақтырып: «Мә, сендердің коммунистіктерің мынау екен, менің коммунистігім, міне, мында, жүрегімде», деп айтқан.

Төлепберген хазірет іс-сапармен Кеңес Одағының барлық аймақтарын түгел аралап шыққан. Өзі: «Аяғым тимеген жерім, баспаған тауым болмады»,- деп айтатын.

Кеңес өкіметі ораза тұтуға тыйым салғандықтан Төлепберген хазірет оразаны жасырын ұстайтын. Әртүрлі сылтаулар тауып, тамақ жемейтін. Рамазан айында ауызашар беретін. Халық ауызашарда ішіп-жеп болғаннан кейін «Тарауықты қалай оқимыз?», деп сұрасқанда Кеңес өкіметінің тәртіп сақшылары тарауық намазын оқуға кедергі болмас үшін Төлепберген хазірет: «Ленин мен Сталинді дұғаға қосып оқиық», деп, сайға шығып, жайнамаз төсеп, Тарауық намазын өткізетін. Рәкағаттар арасында тәсбих айтқанда Ленин мен Сталинді дұғаға қосып отыратын. Сонда тәртіп сақшылары соларды аңдып тұрғанда: «Ленин мен Сталинді айтып отыр екен, онда оқи берсін» деп жамағатты жайына қалдыратын.

Аңшылықпен де айналысты. Бір күні бір қасқырды Атбасардың көшелеріне айдап әкеліп, сол қасқырды тірідей қамшымен ұстаған еді. Ерейментауда да аңшылығын тастамаған. Бір күні қасқырдың 3 күшігін тірідей ұстап алған. Түлкі, қасқырларды аулап, солардың терісін пайдаланатын.

Абай өлеңдерін жатқа білген. Абайдың әрбір сөзін дәлел ретінде келтіріп, пікір таластырған адамдарды  жеңіп отырған. Қазақ, орыс, татар, түрік, араб, парсы тілдерін жетік білген. Төлепберген хазірет фотосуретке түсуді ұнатпайтын: «Қайтем, «соған жан сал» дейді ғой» деп. Намазда көп тұрғандығы сонша – жайнамаздың аяқтары тұратын бөлігі жыртылып қалған. Соны көрген кісілер: «Жайнамаз жырту оңай емес қой, әркімнің қолынан келе бермейді» деп айтатын.

1974 жылы 2 желтоқсан күні 71 жасында Еңбек ауылында қайтыс болды. Сол ауылдың қабірстанында жерленген. Бастапқы кезде Төлепберген хазіреттің мазарында жұма күндері бірнеше жыл бойы шамшырақ жанып тұратын.

ҰСТАЗДАРЫ
  1. Сәдуақас Сәлменұлы Ғылмани (1890, Ақмола облысы, Ерейментау маңындағы Малтабар ауылы, 1972, Алматы) — ел арасында Сәкен қалпе атанған көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. Ерейментаудағы бірнеше мешіттің имамы. 1952—1972 ж.ж. Қазақстан қазиятының қазысы, Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының мүшесі болған. Төлепберген хазірет Сәкен халпенің қолбаласы және ең жақын шәкірті болған. Сәкен халпенің қолында қарилігін тәмамдады. Сәкен халпенің кітаптарын түні бойы шаммен отырып, қауырсынмен жазып көшіретін. Жазып алған кітаптарын Сәкен халпеге қайтарып, басқа кітаптарын көшіру үшін алатын.
  2. Қосай халпе. Бір ретте Төлепберген хазірет түсінде ақ көйлегі, жыртық шапаны, гүлді тақиясы бар бір адамды көреді. Соған барып бата сұрап: «Маған үш тілек айтыңыз» - дегенде, ол кісі: «Қолдарыңды жай!» – деді де – «Рызығың мол болсын, абыройың жоғары болсын», - деп бата бергенде Төлепберген хазірет оянып кетеді. Оянғаннан кейін таң намазын оқып, базарға шығады. Сол жерге барса, түсіндегі гүлді тақиясы бар кісі түр екен. Төлепберген хазірет сол кісіге жақындап: «Сен түсімдегі пірімсің ғой», деп қоймай, артынан қалмайды. Ол адамның есімі Қосай халпе болған. Қосай халпенің ұлты түрік еді, бірақ өзі түрік тілімен қоса қазақ тілін де меңгерген екен. Кейін Төлепберген хазірет Қосай халпеден дәріс алып, көп нәрсені үйренді. Қосай халпе қайтыс болғанда, Төлепберген хазірет оның жаназасын өзі шығарды. Қосай халпе қари болған. Ол Құранды жатқа оқып отырғанда,Төлепберген хазірет Құран жүзіне қарап, артынан тексеріп отыратын. Сол кезде бір де бір қате таппайтын. Төлепберген хазірет өзі де қари болды.
 ШӘКІРТТЕРІ
  1. Қайыркелді Баймұқанұлы Жүсіп немересі.
  2. Мәшкен Бекмолдаұлы. Ол Құранды жүзінен оқып отырғанда Төлепберген хазірет еш жерге қарамай, қателерін түзетіп отыратын-тұғын.

 

ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ

Төлепберген хазіреттің бір шабадан үлкен көлемде қолжазбалары болған. Мүбәрак Жапарұлы деген молдадан алған кітаптары бар. Төлепберген хазірет пен Мүбәрак хазірет екеуі Еңбек ауылында молда болды. Мүбәрак хазіреттің әкесі Жаппар ғалым болған, жындарды қуатын. Мүбәрак хазіреттің өзі де ғайып ілімдерімен айналысқан-тұғын.

  1. «Қанжығалы елінің дінбасшылары»
  2. «Мүбәрак дұғалар» (қызы Раушанға арнап жазған)
  3. «Әһли суннат уәл жамағат»
  4. «Расулулланың өмір тарихы»
  5. «Түрікше-қазақша сөздік»
  6. «Пайғамбарға салауат»
  7. «Хаят бақшасы»
  8. «Ахуал қиямат. Қиямат халынан»
  9. «Өлік мәселесі»
  10.  «Хадис-тәпсір мәселесі»
  11.  «Нағт Расул Екрам (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм)»

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  • Муминов Әшірбек. Заманамызда болған ғұламаларымыздың тарихтары, Дайк-Пресс баспасы. 1-басылым. Алматы, 2014.
  • Қанжығалы шежіресі. 
0 пікір