Сүйегі 17 жыл жәшікте жатқан Махамбет батыр
Сүйегі 17 жыл жәшікте жатқан Махамбет батыр
8 жыл бұрын 66686
Марфуға ШАПИЯН
Абайға дейінгі қазақ поэзиясында Махамбеттен асқан ақын жоқ

Белгілі сыншы Зейнолла Қабдоловтың: “Абайға дейінгі қазақ поэзиясында Махамбеттен асқан ақын жоқ. Бұл шындықты әр қазақ та, бар қазақ та мойындап болған”, - деген сөзі бар. Біреу келісер, біреу келіспес, бірақ бұл – Махамбетке берілген үлкен баға. Бұл пікірді ары қарай заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің: “Махамбет – қазақ ақындарының ішіндегі ең бір күштісі. Махамбет жырлары - өз заманындағы ең қанды, ең әсерлі сөз, көпшіліктің өз үні, өз тілі, өз арман талабы. Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей жырлаған ақын болған емес. Алды да, арты да – бір өзі”, - деген сөзі қуаттай түседі.

Махамбет – ақын ғана емес, батыр, жырау, күйші де. Оның өлеңдеріне де батылдық, өткірлік тән. Содан да болар, ақын өлеңдері еңсесі түскен адамның жанына қуат береді, жігерін жаниды.

 

Пайғамбар есімін иеленген ақын

Елінің азаттығы жолында асау жырымен де, ержүрек ерлігімен де күреске түскен Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Махамбеттің әкесі - Өтеміс шешен, би адам болған екен. Оның төрт әйелінен Тоқтамыс, Бекмұхамбет, Махамбет, Қожахмет, Ыбырайым, Әйіп, Хасен, Ысмайыл, Сүлеймен, Досмайыл атты 10 ұлы болыпты. Махамбеттің: 

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік, - деп жырлауы осыдан болса керек.

Өтеміс діни сауатты жан көрінеді. Шариғат рұқсат берген төрт әйелді алуы ғана емес, ұлдарына Ибраһим, Аюп, Исмаил, Сүлеймен секілді пайғамбарлар есімін беруі, тағы бір баласын Пайғамбарымыздың (с.а.у.) немересі Хасеннің атымен атауы соның айғағы сипатты. Ал Махамбет есмінің бастауы Мұхаммедте (с.а.у.) жатқанын біреу білер, біреу білмес. Халқымыздың Пайғамбар есімін құрметтеп, “бадырайтып атау көргенсіздік болар” деп, алдына немесе соңына “бек”, “қали” сөздерін жалғауы яки “Махамбет”, “Махмұд” деп өзгертіңкіреп айтуы бұрыннан бар үрдіс. Белгілі ақынымыз Мұқағалидың да азан шақырып қойылған аты Мұхаметқали еді ғой. Сол секілді Махамбетті де әкесі өзі құрмет тұтатын Пайғамбардың есімімен әдейі атаған секілді. Ол ғана емес, өзге де бауырларына Бекмұхамбет, Қожахмет деп ат қойған Өтеміс би Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.у.) деген ерекше сүйіспеншілігін білдіргендей.    

 

Мұсылманша жазу-сызу мен орыс тілін қатар үйренген Махамбет

Өзге замандастарындай емес, өжет, батыл боп өскен Махамбетті әкесі алдымен, мұсылманша оқуға береді. Махамбет туралы біраз еңбектерге қалам тербеген жазушы Әнес Сарай: “Махамбет қана емес, Өтемістің барлық балалары шағатайша, мұсылманша оқу-жазуға өте сауатты болған. Махамбеттің өз қолымен жазған екі хатының мұрағаттан табылуы – бұған дәлел. Әсіресе ақынның Хиуа сапарынан қайтып оралған соң күрескер серіктеріне жолдаған хаты – сол кездегі жазу өнерінің үлгісіндей”, - деп жазады. Осы деректің өзі Өтеміс балаларының замандастарынан озық болғанын дәлелдейді.

Махамбет мұсылманша хат танығаннан кейін орысша жазу-сызуды үйренеді. Шешендігімен, ақындығымен ерте көзге түскен Махамбетті Жәңгір өз жанында ұстауға тырысып, сарайға алдырады. Тұңғышы Зұлқарнайынның жанына қосып, ұлының тәрбиесін, орыс тілін үйренуін оған тапсырады. Солай-солай Махамбетті сарай ақыны етуді көздеген Жәңгірдің мақсаты орындалмады. Ақын Ордада жүріп, қарапайым халыққа жасалған небір қиянаттар мен зұлымдықтарды көріп, ханның жанынан кетіп, онымен ашық күреске көшеді. Жәңгір ханның озбырлықтарын ашып көрсететін өлеңдер жазып, аяусыз сынға алып, халықтың сөзін сөйлей бастайды.

 

Исатай мен Махамбет ұлтын бостандыққа бастаған батырлар

Махамбет 1829 жылы жас ақын Жәңгірдің билігін іштен әлсіретпек болған Қайыпқали мен Шөке Нұралыханұлына ілесіп, халық ішінде үгіт-насихат жүргізеді. Қозғалыстың насихатшысы болғаны үшін 1829 жылдың көктемінен 1831 жылдың күзіне дейін Калмыков түрмесінде отырады. Ақынның:

Кеше біз зынданда жатып құбылдық,

Қамалған көп дұшпанға қор болдық.

Терезеден телміріп,

Ағайын мен туғанды,

Бір көруге зар болдық, - деп келетін “Зынданда” атты өлеңі осы кезде жазылған. 

Орынбор түрмесінен қайтқаннан кейін де біраз уақыт Жәңгірдің жанында жүрген Махамбет ел билігіне араласып, 1834 жылы старшын болып сайланады. Соған қарамастан хан сөзінен гөрі, халық үніне көбірек құлақ асқан Махамбет ақыры, ханға қарсы келген Исатайдың сөзін сөйлеп, оның жағына шығады. Ал қамалып, кейін 60 атан айып тартып, қысымға қарсы келген батыр елден кеткенде:

Алдияр тақсыр, ханымыз!

Исатай батыр кеткелі

Келмеді біздің сәніміз.

Тілімді алсаң, тақсыр-ай,

Шайтанның мойнын жұлдырып,

Ордаңа қайтып алыңыз.

Арыстан еді-ау, Исатай!

Нетесің, тақсыр, табалап,

Құйттайымда өсіп ем,

Бауырында паналап, - деп ханның бетін бері қаратпақ болады. Алайда, айтқанға көнетін хан ба? Екеуінің талас-тартысы, бүгінде бізге жақсы таныс “Хан емессің, қасқырсың...” өлеңімен бітеді де, Махамбет Мыңтөбедегі Исатайға барып қосылады. Нәтижесі патшалық Ресейдің бөлшектеуіне, отарлау саясатына қарсы халықтың 1836-1838 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласады.   

 

Махамбеттің батырлығы туралы аңыз

Әдетте, Исатайдың жанында Махамбеттің ақындығы алға шығады да, батырлығы кейін қалып қояды. Аңыз Махамбетті керемет найзагер болған дейді. Арасы екі кез жерге түйенің екі құмалағын тастағанда, соның ортасымен шауып өткен Махамбет екеуін де найзаға шаншып әкетеді екен.

Жазушы Сәбит Мұқанов: “Махамбеттің тамаша, ірі адамгершілік қасиетінің біреуі – ол досына жанын қияды, досының дәрежесін өзінен жоғары ұстап, досының атақ-абыройын, жігер-қайратын өзінің алдына сала, өзінен жоғары көтере сөйлейді. Махамбеттің ондай досы – Исатай. Өз басына келгенде Махамбет аса сыпайы адам, ол өзін ешуақытта көтере сөйлемейді, жауына мейірімсіздігін айтқаны ғана болмаса, “мен пәлен бітірдім” деп мақтанбайды. Ал Исатайдың істерін, ерліктерін, сипатын айтқанда да Махамбеттің сөздері нөсер жауындай ақтарылып, аруағы қозып кетеді. Көтерілісті басқаруда Исатаймен бірдей бола тұра, Махамбет өзін Исатайдың қасында кіші санайды”, - деп жазады. Расымен де, ақын өз басын мақтағаннан гөрі қандыкөйлек жолдасы Исатайдың ерлігін жиірек жырлап отырады. Бұл – Махамбет батыр болмады деген сөз емес, ақынның кішіпейілділігі болса керек. Өйткені Махамбеттің ерліктері көзі тірісінде-ақ аңызға айналған көрінеді. Бірде Исатай:  

– Жұрт осы сені “батыр-батыр” дейді. Кәні, батыр болсаң, мені қорқытшы, - депті-мыс.

–  Қой, ағасы, сізді қорқыту қайда, біз сияқты жаман ініңізге? – деп әдеп сақтаған Махамбет әуелде оның сөзіне көнбейді. Исатай да айтқанынан қайтпайды. Ақыр болмағасын:

–  Жарайды, ендеше, - дейді Махамбет. – Мен қазір мына төбенің ар жағына кетейін. Сосын соның басынан бері қарай шауып түсемін. Мен атойлап келе жатқанда кім осы орнында тапжылмай тұрып қалса – сол менен қорықпағаны.

Соны айтады да, Махамбет төбені айналып өтіп, көзден ғайып болады. Сәлден кейін төбенің басында аппақ ала шаң бұрқ етеді де, Махамбет “Ағатай! Ағатай!” деп ұрандап, төбеден төмен қарай құлдилап, бұларға дүрсе қоя береді. Сонда шаңның ішінде 40 найза самсап келе жатыр екен дейді. Исатайдың қасындағы сарбаздарының бәрінің аттары осқырып-пысқырып, кейін шегіншектейді. Тек астында Жолдыкүрең деген аты бар Исатай ғана тапжылмай тұрып қалады. Көміп кеткен шаңның астынан жұрт “Ассалаумағалейкүм, ағасы!” деп атынан түсіп, Исатайдың алдына тізерлеп отыра кеткен Махамбетті көреді.

Ал белгілі Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы: “Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған. Өте қызулы адам екен. Бағыт алған жағынан тайынбайтын қарыспа ер екен. Исатай жұртты ақылмен, дәлелмен, түрлі әдіспен соңына ерткен адам болса, Махамбет көпті қыздырып, көңілін аударып ертетін адамның түрі болған. Махамбет мінезі сотқар, қалжыңқой, бетің-көзің демей, ойына келгенін айтып салатын батыл болған. Жауласқан мезгілде өте батыр, айлакер болған. 1838 жылы Байкөлікте Бекайдар деген жерде Исатайды 30 жолдасымен орыстың отряды қамайды. Махамбет жолдасымен мылтық атып, садақ атып, найза жұмсап отрядты қайырып, Исатайды екі жолдасымен шығарып жібереді. Исатай құтылған соң Махамбет жолдастарымен орыстан қашады. Қуғыншылар соңынан қалмай қуып, Махамбетті ұстауға таянады. Сонда Махамбет астындағы бұлық көпшікті жарып жіберіп, ішіндегі мамығын жақындап қалған қуғыншылардың көзіне шашып жіберіп, құтылып кетеді. Махамбеттің мінезі Исатайдікі секілді көптің басын құрастырып, бүтін елді соңына жүргізетін мінез емес. Махамбет – жақсы үндеуіш (әгитетір), жақсы бастықтың қолында өте ыңғайлы қолбасы”, - деп оның айлакерлігі мен жырымен халқын соңынан ерткен ақындығына ерекше ден қояды.  

 

Махамбет жырларындағы дін тақырыбы

    Махамбет ақын өлеңдері негізінен ерлікті, елдікті, батырлықты жырласа да, кей жолдарынан оның діннен терең хабары болғанын байқауға болады. Өйткені, ақын аузынан “Құдайын” тастамайды. “Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай” өлеңінде:

Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай,

Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.

Зеңбірек үш атқанда дарымады,

Құдайдың міне, қара, сақтағаны-ай, - десе, “Мұнар күн” өлеңінде досы Исатайдан айырылған сәтті:

 Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден,

Бұрынғы бақыт тайған күн

...Сандық толы сары алтын,

Сапырып судай шашқан күн

Түс қыла гөр Құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға,

Біздің ер Исатай өлген күн! деп суреттейді, “түс болса екен” деп, Жаратушысына жалбарынады.

Махамбет тіпті Баймағамбет сұлтанға айтқан атақты “Мен, мен едім, мен едім” өлеңінде де ауық-ауық Құдайды еске алып, қарсыласының да есіне түсіріп отырады.

...Есігіңнің алдына

Ұрмай-соқпай келтірген

Арманың бар ма, Құдайға?

Махамбет сынды жетімді-ай! деп бір толғанса, келесі бір жолдарда “хан киген кіреукені үстіме кисем, атандай дауысын ақыртып, басын кессем” дей келе:

Тілекті Құдай бермеді,

Өздеріңдей хандарды

Осылай бір қылсам деп едім! деп буырқана, ашына жырлайды. Осы бір өлеңнен Махамбеттің ажалға қатысты ойын да білеуге болады. Өйткені Алла тағаланың өлшеп берген ғұмыры жетпейінше, ажал да келмейтінін жақсы білетін ақын:

Ханның бетін көру жоқ,

Кәрің қатты, хан ие,

Қанша қаттылық етсең де,

Ажалдан бұрын өлім жоқ, - деп Баймағамбет сұлтан өлтірмекке қанша тырысса да, “ажалы келмей өлмейтінін” ашық жеткізеді. Осы бір ой Махамбеттің өз әскерлерін жауға қарсы үндеген “Айғайласып жауға ти” деген жырында да айтылады:

Батыр болмақ ойдан-ды,

Айғайласып жауға ти.

Тәңірім білер, жігіттер

Ажалымыз қайдан-ды, - деген ақын өлеңде өз батырларына “Өлемін деп қорықпа, ажалыңның қашан келерін Құдай біледі, жауға қырғидай ти” деген ойды меңзеп, екі-ақ жолға үлкен мағынаны сыйдырып тұр.

Ал ғұмырбойы өмірін күреспен өткізіп, “ереуіл атқа ер салып”, “егеулі найза қолға алып” елінің ертеңі үшін “ер төсектен безініп”, отбасынан алыс кеткен Махамбет кейбір кездері алыста қалған ата-ананың алдындағы парызды да ойлап:

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның,

Ризалықпен жайласып,

Қолын алар күн қайда? деп күңіренеді. Теңдессіз сөз зергері  Әбіш Кекілбаевтың тілімен айтсақ: “Қазақ даласындағы азаттықшыл ақыл-ойдың бас сардарларының санатында айбынды ақын Махамбет алдымен ауызға ілігеді. Оның жан-жүрегіңді түгел баурап алатын өжет те өктем жырлары әлі күнге сай-сүйегіңді сырқыратар бостандық дұғасындай пәрменді естіледі”.

 

Бассыз қалған Махамбеттің денесі ғана жерленген

Махамбеттің өмірі қандай трагедияға толы болса, өлімі де сондай қайғы-мұңға толы. Жан жолдасы Исатайдан айырылып, өзін бассыз қалған денедей сезінген ақын бірде:

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос.

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос, - десе, келесі бір өлеңінде:

Махамбеттей зарығып,

Мұңды болған қайда бар? – дейді. Соған қарамастан, ақын халықты қанаушы топпен күресін жалғастыра берді. Нәтижесінде Махамбеттің соңына шам алып түскен Баймағамбет Айшуақов арнайы жасақ құрып, батырды тірідей ұстап әкелген адамға 1000 сом, басын әкелгенге 500 сом сыйақы тағайындайды. Ақынның қалай өлтірілгені туралы Баймағамбет сұлтан 1846 жылы 5 қарашада Орынбор шекаралық комиссиясына жазған хатында: “Мен шекаралық комиссияның талабына байланысты Махамбетті тұтқынға алу мақсатында 15 адамнан жасақ құрдым. Ол жасақта Ықылас Төлеев, Жүсіп Өтеулин, Жаңаберген Боздақов, Төрежан Тұрымов және Махамбеттің ағайыны, жайық беріш Мұса Нұралиндер болды. Жасақ Махамбет ауылына жарты шақырымдай қалғанда киіз үйден Махамбеттің інісі Хасен және бес қазаққа қосылып Махамбет те шықты. Олар қашу мақсатында үй сыртынан қашықтау жерде байлаулы тұрған аттарына қарай беттеген мезгілде Төрежан Тұрымов атымен шауып барып, Махамбеттің байлауда тұрған атын босатып жібереді. Махамбет жасақшыларға қарсыласып, қолындағы қанжармен ұмтылғанда Жүсіп Өтеулиннің қанжарды қағып қалу мақсатында жазатайым тиген бір ғана шоқпар соққысынан қаза тапты”, - деп жазған.

Арысының өліміне зар жылаған Махамбеттің туыстары Орынбор шекара комиссиясына Баймағамбеттің үстінен арыз түсіреді. Қылмыстық іске тергеу жүргізген Редькиннің Махамбеттің екі әйелінен алған жауабы сақталған. Сонда әйелдерінің бірі 1846 жылдың 31 қазанында берген жауабында былай баяндайды: “Осыдан 12 күн бұрын тама руының старшинасы Ы.Төлеев, беріштің Есенғұл бөлімінің азаматы Ж.Өтеулин және өз ағайынымыз М.Нұралиндер және тағы 12 адам жайық беріш М.Өтемісовтың үйіне келіп, адай руының биі Мауыттың төрт жылқысын немесе олардың құнын қайтаруын талап етті. Махамбет бұл талапты орындай алмайтындығын білдірді. Осы жөнінде әуелі дау туды. Келген адамдар Махамбеттің Б.Айшуақов алдында жауап беру үшін олармен бірге жүруін талап етті, бірақ Махамбет одан бас тартты. Киіз үй ішінде әуелі керіс, одан кейін опыр-топыр алыс-жұлыс басталды. Жанжалдасумен барлығы ұмар-жұмар алысып, сыртқа шықты. Осы кезде М.Нұралин Махамбеттің қолын қапсыра ұстады да, Ж.Өтеулин оның басын қылышпен төбе тұсынан қатты ұрды. Махамбет мерт болды. Жасақшылар оның басын қылышпен шауып алды. Анадайда ат қазықтың түбінде Махамбеттің денесі қалды. Оның үстіндегі киімі дал-дұл жыртық, басы жоқ. Қоңыр топыраққа қызыл қаны тамған жылы денені құшақтап, жылап-еңіреп, бала-шаға болып біз қала бердік те, келген қанішерлер сандықтағы ақшамыз бен заттарымызды, сегіз жылқы, төрт түйеге қоса, Махамбеттің басын алып, Хасен мен Бітімбайды тұтқындап, Елек өзенінің бойындағы Баймағамбет Айшуақовтың ставкасына кетті”, - деген. Байқағанымыздай, Махамбетті Баймағамбет адамдары әдейілеп өлтірген. Тек Орынбор шекара комиссиясы Айшуақовтың жазған хатына сүйеніп, Махамбет қорғаныс ретінде жұмсалған шоқпар соққысынан қаза тапты деген шешім шығарады да, өлтірушілер жазадан құтылып кетеді. Махамбеттің туыстары ақынның қанша сұрап барса да, Баймағамбет оны бермей қояды. Тіпті Исатай мен Махамбет көтерілісін басып-жаншып, көтеріліс басшыларының бірі Махамбеттің көзін жойғаны үшін патша үкіметінің шақыртуымен Петербургке барып, “Қасиетті Анна” орденін алып қайтады. Іштеріне кек қатқан ақынның туыстары, патшадан қайыр жоқ екенін түсініп, сұлтаннан кекті өздері алмақ болады. Махамбеттің бажасы Асаубай Құдайкеұлы Петербургтен қайтып келе жатқан Баймағамбетті 1847 жылдың 30 наурызында Елек өзенінен пароммен өтіп келе жатқан жерінен күтіп алып, паромның арқанын қиып жібереді. Суға құлаған бес адамның біреуі ғана тірі қалып, етжеңді Баймағамбет суға бірден батып кетіпті. Және батырдың түбіне жеткен жауыздың сүйегі қанша іздесе де табылмапты деседі. Ал Махамбеттің басын туыстары Баймағамбет сұлтанның жылқышысынан сұрап жүріп, қайда көмілгенін тауып, денесінің жанына жерлейді.

 

17 жыл қорапта жатқан сүйек

Патшалық Ресейге түгелдей отарланған, кейін Кеңес үкіметінің құрамына кірген Қазақстанның Батыс өңірінде уақыт өте келе Махамбеттің жерленген жері ұмытылады. Тек 1958 жылы Орал облысына шығармашылық іссапармен барған Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиев “Орал өңірі” газеті арқылы “Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?” деп ел ішіне сұрау салдырады. Сонда қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат шығады. Оның үшінші атасы Бектұрған Исатай мен Махамбеттің қарулы көтерілісіне қатысқан достары екен. Ол баласы Тәшенге, Тәшен өз ұлы Дінмұхамедке Махамбеттің бейітін көрсетіп кетіпті. Ал Дінмұхамед ақсақал баласы Құраққа: “Махамбеттей адамдар еш уақытта ұмытылмайды, ұмытылуға тиісті де емес. Күндердің күні оның жерленген жерін іздейтін адамдар табылар. Сондықтан балам, мен Махамбеттің басына тобылғы тігіп кеткелі тұрмын”, - деп, Дінмұхамед ақсақал өз қолындағы және Құрақтың қолындағы қамшылардың сабын қайысынан ажыратып, тобылғысын Махамбет зияратының бас жағы мен аяқ жағына көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескертеді. Осыны Қ.Жұмалиев пен Т.Жароковқа әңгімелеп берген Құрал ақсақал Қаройдағы ескі қабірлер арасынан Махамбеттің бейітін тауып, басындағы 1951 жылы көмілген қамшының тобылғы саптарын тауып көрсетеді. Солай Махамбеттің қабірі 1958 жылы ғана табылады.

Ең сорақысы, 1966 жылы Ноэль Шаяхметов атты антрополог бет-бейнесін жасау мақсатымен Махамбеттің бет-бейнесін жасаймын деп, қабірін қазуға барады. Бұл туралы жанында бірге болған дәрігер Қабижан Әбисатов “Аңыз адам” журналына берген сұхбатында былай әңгімелейді: “1966 жылы 9 шілдеде Махамбет бейітінің басына келдік. Ноэль Шаяхметовтің басшылығымен қазу жұмыстары басталып кетті. 20-30 см тереңдегенде лақаттың орта шенінде күрек бір қатты нәрсеге тиді. Ноэль қолындағы құралымен күрек тиген нәрсені топырақтан босата бастады, ол адамның бассүйегі болып шықты. Қарақұс сүйегінің үстінде бір мойын омыртқа мен екінші мойын омыртқаның жартысы жатты. Бассүйектен төрт терең жарақат көрдік. Ноэльдің қатыңқы қабағы ашыла бастады: “Денеден бөлек жатқан бассүйектегі жарақаттарға және тістерінің санына қарағанда бұл, біріншіден, айуандықпен мерт болған адамның басы, екіншіден бұл бас денесінен шабылып алып. Кейін жерленген, үшіншіден, жасы шамамен 40 пен 50 арасындағы адамның басы. Осыған қарап бұл Махамбеттің бассүйегі деп айтуымызға болады”, - деді. Тағы да екі күрек биіктігіндей топырақ алғаннан кейін киіз үй сықырлауығының жарықшақтарына тап болдық. Сықырлауық астындағы лақаттың орта шенінен адамның қол сүйектерін, сәл төменірек жамбас, ұршық, бел омыртқаларын таптық”. Сонымен не керек, Ноэль Шаяхметов Махамбет сүйегін Алматыға алып кетіп, 1967 жылы оның скульптуралық мүсінін жасайды. Ал ғалым Мәскеуге көшерінде Махамбеттің сүйегі салынған қорапты Алматыда тұратын апасының үйінің жертөлесінде қалдырып кетіпті. Сұрауы болмай, сүйек 17 жыл бойы қағаз жәшікте, жертөледе жатқан. Тек 1983 жылы ғана Атырау жұртшылығы Махамбеттің сүйегін алдырып, бұрынғы орнына қайта жерлейді.

         Ел үшін жанын қиған асыл азамат тірі кезінде ғана емес, өлгеннен кейін де тыныштық көрмеді. Басынан бір айырылған дене, жамбасы тиген қара топырақтан екі айырылып айдаладағы жертөледе қорапта жатты. Қандай өкінішті... 

Тек түрмеде ғана емес, өзін өмірбойы қапаста жүрген адам ретінде сезінген, содан құтылудың жолында қазақ тарихында басын берген жалғыз ақынның өмір тарихы осындай. Жазушы Берқайыр Аманшиннің тілімен айтсақ: “Махамбет халық көңілінің тұнығындағы  ең асылын – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманын, ата жауына деген қаны қатқан өші мен кегін, азаматтың антқа берік адалдығы мен арыстандай ерлігін көкке көтере мадақтады. Махамбет жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ”.

Ақын аңсаған тәуелсіздікке жеткен бүгінгі ұрпақ әлі күнге дейін Махамбет жырларын оқып бойына қуат алады, жігерін жаниды... Бостандықтың жолында қандай қиыншылық көрсе де, тәуелсіздік – Махамбеттің орындалған арманы. Ал Махамбет – осы тәуелсіз Қазақстанда шындық үшін, ар үшін, тіл үшін күресіп жүрген Мұхтар Шаханов секілді ақындардың рухани ұстазы:

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десектағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл адамдық ұстанымым қалыптасқан талайдан.

Кім таныса Махамбетті шындығынан танысын.
Халқын мұңға қалдырғанмен,
Сатқынға бас алдырғанмен,
Еңкейтпестен сақтай білді ол ұлтының өр намысын.
Жұрт сондықтан пір тұтады Махамбеттей арысын!..
………………………………….
Күрес әлі жүріп жатыр шындық үшін, ар үшін…

3 пікір