Самарқанды ғылым ордасына айналдырған Ұлықбек (Фото)
Самарқанды ғылым ордасына айналдырған Ұлықбек (Фото)
7 жыл бұрын 7198
Марфуға ШАПИЯН

Өзбекстандағы саяхатымыз ежелгі қалалардың бірі Самарқанда жалғасын тапты. Бұхарадан Самарқанға атақты "Афросяб" жүрдек пойызымен келіп табан тіреген біздерді қаланың тазалығы таңғалдырды. 

 Бұл жерде сонау есте жоқ ерте заманда Афросяб деген ғажап қала болыпты. Оның зәулім сарайлары, көз тартар ғимараттары көрген жан есінен танарлықтай сұлу болған деседі. Жолбасшымыз Афросябта құбырлар жүргізілгенін, канализация болғанын айтып, өздеріне өркениеттің тым ерте жеткенін тілге тиек етіп, бір мақтанып алды. Бүгінде, сол Афросябтан әр-әр жерде осы секілді үйінділер ғана қалған. Тақта кірпіштерден қатталған мәдени қыртысы он метр болатын бұл мекен археологтардың ғана сүйікті орны емес, сонымен бірге, Афросябтың сан ғасырлық өмірін паш ететін шежіре де. Бұл қаланың іргесінде Александр Македонскийдің әскері болған, бұл жерге Кушан патшалығы мен алғашқы халифтердің шолғыншылары келген. Қазба жұмыстары небір керемет сарайлар мен кесенелердің бетін ашты.

Көне Римнің құрдасы Афросяб 1220 жылы Шыңғысхан тұсында, Моңғол шапқыншылығы кезінде жермен-жексен етілді, су құбырлары бұзылып, үйлері өртке оранды. Кейін бұл шаһардың орнына Самарқан қаласы бой көтере бастады. Арада жылдар өтіп, XIV ғасырдың соңында бұл өлкеде Әмір Темір патшалық құрып, Самарқанды жер жаһанның астанасына айналдыруды ойлайды. Ол өзі жаулап алған қалалардың сәулетші, ағаш шеберлері, зергер, өнерпаздарын тірі қалдырып, Самарқанға айдаттырып алып келеді. Олардың өнерін пайдаланып, Самарқанды әлемде жоқ қалаға айналдырмақ болады. Тіпті, қала маңындағы ауылдарға Шам, Каир, Бағдат деген атаулар беріп "Менің Самарқанымның жанында әлемнің ең керемет қалалары ауыл секілді ғана" дейтін көрінеді. Небәрі 20-30 жыл ішінде  Самарқан сауда мен қолөнердің ғана орталығы емес, сонымен бірге, алыс-жақындағы халықтар тағдырының тізгінін қарына ілген Азияның астанасына айналды. Қаланың  сол кездегі түсі қызыл күрең болған деседі. 

 

Бұл қалаға Әмір Темір патшалығы кезінде ұзақ жолдан шаң жұтып испан елшілері келген. Олар Самарқанның көркіне қайран қалған деседі. Елшілердің көргені орта ғасырдағы теңдесі жоқ ғажайып қала болатын.  Солардың арасындағы Рыцарь Рюи Гонсалес де Клавихо деген саяхатшы: “Бұл жерде бау-бақша мен жүзімдіктің көптігі сонша, қалаға тақалған кезде зәулім ағашты орманды және сол орман ортасына салынған қаланы көргендей боласың”, - деп жазды. 

Ал осы оқиғадан арада 8 ғасыр өткенде саяхаттап келген біздердің алдымыздан университеті, мектептері, театрлары бар, тас жолдарын көк желек көмкерген уақытпен үндес қала шықты. Сөйте тұра, қалай десек те, Темірдің Самарқаны да сақталған, ғажайып мешіттердің тұлғасы қаланың қазіргі келбетімен біте қайнасып кеткен. 

 

 





 

 

 


Жауып тұрған жаңбырға қарамастан, Әмір Темірдің қолтаңбасы қалған қаланы аралап кеттік. Алғашқы аялдамамыз атақты Регистан болды. Самарқанға Темірдің өлімі де көлеңкесін түсіре алмапты. Қала көркейе берген. Әсіресе Темірдің немересі Ұлықбек билік құрған кезде Самарқанда салынған ғимараттар ұлы атасының тұсындағы ғимараттардан кем емес еді. Негізінен медреселер көп салынды. Солардың бірі осы Регистанда 1417-1420 жылдары бой көтерген Ұлықбек медресесі (сол жақтағы).   

Мемлекет астанасы Самарқаннан Бұхараға көшсе де, бұл шаһарда құрылыс тоқтаған жоқ. Әсіресе, мұнда өз атамыз - Жалаңтөс баһадүрдің ізі қалғанын мақтанып айтамыз. 1581 жылғы аштықтан аман қалу қамымен Жалаңтөс батырдың әкесі Сейітқұл туыстарымен бірге Бұхараға жақын жердегі Бұраты тауына қоныс аударыпты. Жастайынан батырлығымен көзге түскен Жалаңтөстің даңқы есейгенде тіпті жер жарады.Талай жорықтардан түскен олжа, жан-жақтан ағылған сый-сияпатпен батыр әскерді қамтамасыз етіп қоймай, Самарқанда зәулім сарайлар мен медреселер салуға жұмсайды. Солардың бірі дәл Ұлықбек медресесіне қарама-қарсы бетке, тура сондай дизайнмен 1619-1636 жылдар аралығында салынған "Шердор" (Арыстан) медресесі. 

 Ал 1647-1660 жылдары "Тіллә Қари" (Алтынмен апталған) медресесін салдырды. Кейінірек олар бүкіл елге әйгілі болды. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады. Бүгінде Регистанның ғана емес, бүкіл Өзбекстанның көркі, туристер ағылып келіп, сүйсіне тамашалайтын орын. 

 


 Самарқанның салтанатына өз үлесін қосқан Жалаңтөс батырдың сүйегі қаладан 12 шақырым жерде орналасқан Дагбит қыстауындагы зиратқа қойылған екен. Барып, батырға Құран бағыштаудың сәті түспеді. Десек те, батыр бабамыз әр қазақтың дұғасында деген сенімдеміз. 

 Самарқан өзбектері Әмір Темірден кейін Ұлықбекпен мақтанады. Және ол мақтаныштары орынды да. Қаланың қақ ортасында көрген көз сүйсінетін Ұлықбектің еңселі ескерткіші. 

 

 


1394 жылы 22 наурыз күні Темір әулетінде Мұхаммед Тарағай деген сәби дүниеге келіп, кейін оған Ұлықбек деген лақап ат беріледі. Оның әкесі Шаһрух Темірдің үшінші баласы еді. Ұлықбек жастайынан поэзияға, тарихқа, астрономия мен математикаға ерекше ынта қояды. Оның ғалым ретінде қалыптасуына атасы Темірге ілесіп мәдениеті мен ғылымы бай Армения, Әзірбайжан, Грузия, Иран, Түркия және Ауғанстан секілді елдерді аралауы да себеп болды. Сонымен қатар, Самарқанда әкесі Шаһрух жинаған қоры бай кітапхана бар еді. Ұлықбек сол кітапханадан шықпай, Платон, Аристотель, Птоломой секілді грек ғалымдарының еңбектерімен танысады. Оған қоса Орта Азиядан шыққан атақты оқымыстылар Хорезми, әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина секілді ғалымдардың жазғандарын да жетік біледі. 

Бірақ айналасындағылар Ұлықбектің ғылымға бет бұрғанын онша құптамай, 15 жасар баланы Мәуренахрдың билеушісі етіп сайлайды. Оған Қазақстанның Отырар, Тараз секілді оңүстіктегі қалаларының біразы қараған. Алғашында айналасындағылардың сөзіне еріп, біраз жорықтарға қатысып, әскери қабілеттілігімен де көзге түскен Ұлықбектің көңілі ғылымға қарай ауа берді. Қанқұйлы соғыстан гөрі, әлем сырын ашуға ынтыққан ғалым туралы профессор Т.Н.Қарыниязов өзінің "Ұлықбектің астрономиялық мектебі" атты кітабында:“Ұлықбектің қызмет-әрекеттері көп жағынан ілгерілерінен бөлек болды, оның өз кезінде, әсіресе, ғылым саласында прогрестік рөл атқарған сөзсіз”, - деп жазды. 

 Ұлықбектің мемлекет қайраткері ретінде атқарған ең ірі жұмысы деп ғалымдар Самарқандағы астрономиялық обсерваториясын атайды. Толық сақталмаса да, қалпына келтірілген бұл обсерваторияны бізге де көру мүмкіндігі туды. 

 

 

 


 Ұлықбек обсерваториясы одан бұрынғы батыс және шығыс елдерінің обсерваторияларының бай дәстүрлері негізінде салыныпты. Обсерваторияның салынуына XV ғасырдағы аса дарынды ғалым Жәмшид Ғиясэддин әл-Кәшидің көп көмегі тиді. Ұлықбек обсерваторисының негізгі мақсаты - дәлдігі өте жоғары бақылаулар жасай отырып, Марага обсерваториясында жасалған астрономиялық таблицалардың қателерін түзету болды.

Обсерватория үш жылда салынып біткенімен, небәрі 27-28 жыл ғана жұмыс істейді. Обсерватоияның басқарушысы әл-Қәши өлгеннен кейін Қазы-Заде Руми, ол өмірден өткен соң әл-Құсшы басқарады. Ұлықбек обсерваториясынан бұрын да шығыстың түрлі елдерінде әркезде бірнеше обсерваториялар салынған-ды. Бірақ, олардың бірде бірі көлемі, жабдықталуы, алдына қойған мақсаты жағынан бұл обсерваторияға тең келе алмайды. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі астрономиялық аспап-құралдардың барлағы да - горизонталь дөңгелек, биіктігі 50 метрге жуық алып квадрант. Күн және астрономия сағаттары, сан түрлі бұрыш өлшегіш нәзік құралдар болды. Міне, осылардың көмегімен обсерваторияда көптеген сындарлы астрономиялық бақылаулар мен зерттеулер жүргізіледі.

Тек соңғы кезде ғана Ұлықбектің ең ғажайып мұрасы – обсерваторияны ғалымдар байыбына барып зерттей бастады. Кезінде бұл жерде өз заманының айтулы ақыл иелерінің еңбек еткені, обсерваторияда телескоптың болмауына қарамастан, Ұлықбектің басқаруында “Жұлдыздар кестесінің кітабы” жазылғаны, бұл кітаптың күні бүгінге дейін құнын жоймағаны қазір мәлім болып отыр.

 Обсерваторияның қарсы бетінде музей орналасқан екен. Сонда кіріп, Ұлықбек әлеміне одан әрі бойлай түстік. 

 Музей ішінде Әмір Темір заманынан сақталған көне жәдігерлер орналасыпты. 

Мынау Әмір Темір заманына тиесілі мыс теңгелер.

Бізге жеткен аңыздарға қарағанда, Ұлықбектің есте сақтау қабілеті өте күшті болған. Бірде ол жоғалған жазбасын есінде қалғаны бойынша қайта жазып шығады. Арада біраз уақыт өткенде табылған қолжазбасы мен кейінгісін салыстырғанда еш айырмашылығы болмаған. 

Ұлықбек аспан денелерінің қозғалысын да дәл есептеп шыққан деседі. Оның есептеуінше, жыл 365 күннен, 6 сағаттан, 10 минут, 8 секундттан тұрған. Қазіргі астрономдар Ұлықбектің тек 58 секундтқа ғана қателескенін дәлелдеп отыр. Бүгінгідей заманауи қондырғылар жоқ заманда Ұлықбектің бұл табысы адам таңғаларлық. 

 

 Ұлықбек обсерваториясы ұстындарының бірі болған мына тас та музейде тұр.

 Ал мынау Ұлықбек обсерваториясында қолданылған глобустың моделі.

Жасы ұлғайған соң Ұлықбек биліктен кетіп, уақытын тек ғылымға арнады. Мұнысын әрине, биліктегілер ұнатқан жоқ. Дін басшылары да  прогресшіл, еркін ойлы ғалымның жетістігін құптамады. Олардың ойынша, Ұлықбектің бұл ісі дінге қайшы екен. Райынан қайтармақ болды. Бірақ дін мен ғылымнан қатар сусындағын Ұлықбек: “Дін тұманша сейіледі, патшалық жойылады, ал ғылыми еңбек мәңгі бақи сақталады”, -  деп, обсерваториясындағы зерттеулерін жалғастыра берді. 

Мынау Ұлықбек обсерваториясының макеті. Оның биіктігі төбесіне дейін есептегенде 30-35 м, диаметрі 46 метрден асатын, дөңгелек пішінді үш қабат үй болғандығы археологиялық зерттеулер нәтижесінде анықталған. Мұнда телескоп ойлап табылғанға дейінгі негізгі аспап-құралдар - радиусы 40,2 м мәрмәрдан жасалған секстант, Күн және астрономиялық сағаттар, әр түрлі бұрыш өлшегіш дәлдігі жоғары құралдар болған. Аспаптың градустарға бөлінген төменгі бөлігі ғана сақталған. Аспап ені 2 м, тереңдігі 11 м шамасындағы орға орнатылып, негізгі бөлігі жер бетіне шығып тұрған. Бұлардың көмегімен бұрын мүмкін болмаған көптеген астрономиялық бақылаулар  жүргізілген.

Бізге жеткен деректер бойынша, Ұлықбек 1449 жылдың 24 қазанында Меккеге қасиетті сапарға аттанғалы жатқан жерінен баласы Әбду-Латифтың қолынан қаза тапқан. Бірақ музей қызметкерлері оның баласының қолынан емес, әсіредіншілдердің қолынан қаза тапқанын бүгінде ұлықбектанушылар дәлелдегенін айтты. Ақиқат Аллаға аян. Десек те, мұсылман әлемінің ғылымын жаңа белеске көтерген ғалымның кісі қолынан өлгені өте өкінішті. 

Әйгілі ғалым дүниеден өткеннен кейін оның обсерваториясы талқандалып, кітаптары талан-таражға салынды. Егер Ұлықбектің шәкірті Құсшы сылтау тауып, ұстазының еңбектерін шетелге алып кетпегенде, бізге ештеңе жетпеуі де мүмкін еді. Құсшы кейін Ұлықбек еңбектерін Ыстамбұлда жарыққа шығарды. 

Ұлықбектің сүйегі атасы жатқан Гөр-Әмір кесенесіне жерленген. 1941 жылы Әмір Темір қабірі ашылғанда оның да сүйегіне зерттеу жүргізіліп, басының өткір затпен кесіліп алынғаны анықталған.  

 Самарқанға келген туристер зиярат ететін тағы бір жер - Қожа Данияр кесенесі. Бұл Иерусалимде дүниеге келген адам екен. Басынан өткен оқиғасы Жүсіп пайғамбардың хикаясына ұқсайды. Бауырлары көре алмаған, құлдыққа сатқан, түрмеде отырған, түс жорыған, Иран жеріне келіп, ел билеген. Ол билік құрғанда тоқшылық заман болған. Сөйтіп, өмірден өткен. Аңыз бойынша, Әмір Темір сол жаққа жеткенде осы Қожа Даниярдың қабіріне алып барыпты. Ол жерленген жерде соғыс, ашаршылық болмайды деген сенім бар екен. Сол себепті, Әмір Темір оның сүйегін қаздырып алып, Самарқанда тек молшылық болсын, соғыс болмасын деген ниетпен осында жерлеткен. 

 Қазір бұл жер қасиетті саналады, басындағы бұлақтан су ішеді. Арман-тілектерін осында келіп айтады. Құдайға серік қосу болмай ма дегенге, Қожа Даниярдан емес, Құдайдан сұраймыз дейді. Біз де бардық, көрдік, басында Құран оқыттық, бұлағынан су іштік.

Кезінде белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек: "Самарқанда болған әркімнің өзіне ғана айрықша ұнайтын орындары болады. Біреулерінің түсінен Бибі ханымның әйгілі мешіті шықпайды. Енді біреулер үш медресенің басы шоғырланған Регистан шаршысын ұмыта алмайды. Келесі біреулер өмірбойы Гөр-Әмір кесенесінің асқақ та қарапайым тұлғасын есіне сақтап өтеді. Осы талғамның қай-қайсына да дау айта алмайсың. Дегенмен, жүрек қалауынан жалтару қиын. Тек қана Шаһи-Зинданың тыныштығына шомып, сиқырлы көшелерін көру үшін Самарқанға әлденеше рет келуге болар еді" деп жазған еді. 

 

 

 Мынау сол - Шаһи-Зинда. Қабірлер мекені. 

 Рас, Шаһи-Зинда өзінің көлемімен немесе ғажайып тапқырлығымен мақтана алмайды. 

 Оның көшелерін арнайы салған ешкім жоқ, жүздеген жылдар бойы қабаттаса салынған кесенелер өзінен-өзі ансамбль құрған. 

 Шаһи-Зинда “тірі патша” деген мағынаны береді. Пайғамбардың (с.а.у.) немере інісі Мұхаммед Құсам ибн Аббастың аңыз бойынша салған кесенесі бар. Бұл жерге Темірдің тумалары мен белгілі дін адамдары жерленген.

 Самарқаннан тарихқа кері саяхат жасағандай болып, үлкен әсермен оралдық. Ең кереметі, бұл қала - Ислам әлемінің, оның ішінде Орта Азия мұсылмандарының мақтанышы. Біз Самарқандағы қойнауына талай сыр бүккен көне ғимараттарға қараймыз да, мұсылмандардың басынан өткен талай сырға куә боламыз әрі бір кездері мұсылмандар ғылым-білімімен әлемді таңғалдырғанын еске түсіреміз. Бұл бізді, бүгінгі мұсылмандарды жігерлендіреді, алға қарай ұмтылдырады, ғылым-білімге деген ынтамызды оятады...  

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

0 пікір