Сәләфилердің көсемі Шейх әл-Әлбәний жайында
Сәләфилердің көсемі Шейх әл-Әлбәний жайында
2 жыл бұрын 4437
Доктор Абдульмәлик ибн Абдуррахман әс-Сәъди

Шейх Насыруддин Әлбәний – қазіргі заманның хадис саласындағы ең әйгілі кісілердің бірі. "Риуаят" жөнінен де, "дироят" жөнінен де хадис саласында оның өзіндік орны бар. Әрине, оған қарата айтылған сын пікірлер де жоқ емес, өйткені күнәсіз емес. Оның да алынатын жері, алынбайтын жері бар. Дұрыс жөнімен қоса, қателескен тұсы да жоқ емес. Оның ізбасарларының сенетіні сияқты ол «қатесіз емес». Дегенмен, хадиске белгілі мөлшерде еңбегі сінді.

Бірақ, әттең, осы бағытынан ауытқымай, ертеректегі хадисші ғалымдардың жолымен кете бергенде ғой, мұсылман ғұламалары қажетсінердей бүкіл Ислам әлеміне үлкен қызметі тиер еді. Оның оғаш тұсы – саласы басқа болса да фиқһи мәселелерге араласуы еді. Фиқһ саласының өз маманы болады. Фиқһ маманы басқа, хадисші маман - басқа. Ал Шейх әл-Әлбәний "Фиқһи қазылықтарға" араласып, көп қателікке бой алдырды. Соның нәтижесінде мұсылман әлемінің бірлігін бұзды. Мұсылман баласын - «оны мойындаушылар» және «оған қарсы шығушылар» қылып, екіге жарды. Бір қарасаңыз, әл-Әлбәний өзі сахих деп санаған хадиске сүйеніп, әлдебір мәселе жайында былай үкім береді де, біраз уақыттан кейін, басқа бір нақтырақ және алдыңғысына қайшы хадиске қарай, одан бұрын айтқан пәтуасынан бас тартып жатады. Әлдебір мәселеге қатысты бір кітабында былай деп пәтуа айтса, келесі кітабында тура соған қатысты басқа бір үкім айтқанын байқайды оқырман.

Шейх Али Тантауидің Әлбәнийға қатысты айтқан сөзін оқығанымда «оған қатысты осындай пікір айтқан бір мен ғана емес екенмін ғой» деп, Аллаға шүкір еттім. Шейх Али Тантауи да Шейх Насыруддин әл-Әлбәнийға байланысты тура мен сияқты айтқан. Және де, ол өзінің кітабында: «фиқһ саласын өз мамандарына қалдыр» деп ақылын да айтқан екен[1].   

Ол нәрседе (яғни, фиқһ саласын өз мамандарына қалдыру мәселесінде) бөтен еш нәрсе жоқ. Өйткені, бұрынғы заманғы Хадис имамдарының басым көпшілігі – оның арасында Имам Мүслім, Имам Тирмизи, Имам Нәсәи сынды хадис майталмандары бар – фиқһи мәселелерді фиқһ мамандарына қалдыратын еді. Олар хадистерді зерттеу арқылы фақиһтарға (фиқһ мамандарына) фиқһи дәлелдер ұсынып отыратын. Бұрынғы хадисшілердің фиқһ мамандарына қатысты ұстанған позициясының қандай болғанын, фақиһтерге қарасты айтқан мына бір әйгілі сөздерінен-ақ анық байқауға болады:

«Біз – аптекарьмыз. Сендер болса – дәрігерсіңдер».

Хадисші маманның мысалы – бір нәрсе өндіру үшін шикізат, материал алып келуші кісіге ұқсайды. Ал фиқһ мамандарының мысалы – сол материалдан бір зат жасап, оны адамдарға дайын зат күйінше ұсынатын өндіруші іспетті. Шынын айту керек, ескілікті хадисші ғұламалардың көпшілігі «фақиһ» делінетіндей фиқһ саласын да жақсы меңгерген ғалым еді. Оған қарамастан олар, өзге фақиһ ғалымдардың пәтуасын алумен шектеліп, «тақлид» шеңберінен шықпайтын.

Менің Шейх әл-Әлбәнийға айтар насихатым: «фиқһи» мәселелерді осы салада тереңдеген фиқһ мамандарына қалдырғаны жөн. Құдды, Имам Мүслім, Имам Тирмизи, әл-Хәкім, ән-Нәсәи, Ибн Мәжә сынды «жәрх уәт таъдил» мәселесінде шейх Әлбәнийлардың өзі олардың қасында шәкірт болып қалатын хадис білгірлері сияқты. Бұлар кезінде, фиқһи мәселелерге пәтуа айтпай, ондай жауапты істі - Имам Әбу Ханифа, Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Шәфиғий, әл-Мүзәний, әл-Бууәйтый сынды фиқһ ғұламаларына қалдыратын тұғын (рахимаһумуллаһ).

«әл-Бидға филь мәфһумиль Исламий әд-дәқиқ» атты еңбегінен. (Араб тілінде).
Қазақшалаған: А. Қасым


[1] Фәтәуә әш-Шәйх Али Тантауи. 158 бет. Хижри 1405 жыл.

0 пікір