Құранның алғашқы нұсқасының бірін жойылудан сақтап қалған Жаһанша Досмұхамедұлы
Құранның алғашқы нұсқасының бірін  жойылудан сақтап қалған Жаһанша Досмұхамедұлы
6 жыл бұрын 7731
Айгүл ІСІМАҚОВА

Досмұхамедұлы Жанша (Жаһанша 1885-1938) Орал облысы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды өзені бойында туылған. Мемлекет қайраткері, жоғары білімді алғашқы заңгерлердің бірі, саясаткер. Тана руы ішінде қарақұнан. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне белгілі дәулетті, көзі ашық азамат болған. Ауыл молдасынан хат танып, жәдид мұғалімнен кейін болыстық орыс-қазақ мектебінен алғаш білім алған. 

1896 жылы Орал қаласындағы реалдық әскер училищесінде үздік оқып, мақтау қағаздарына ие болған. Училищедегі әуесқой драма үйірмесіне қатысып, Н.В.Гогольдің «Ревизорын» сахналауына атсалысып, мәнерлеп оқумен көзге түскен. Осы училищеде Жанша Халел Досмұхамедұлы, Жалмұхаммед Сүйінтұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетов, Нұрғали Досбайұлы, Ғұбайдулла Бердиев, Шавһадкерей Құсенқалиев сияқты болашақ қоғам қайраткерлерімен жақындасып саяси-қоғамдық өмірге араласа бастады. 1904 жылы училищені үздік бітіріп, 1906 жылы қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың ақылымен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түскен. Мұнда орыс және батыс ғалым-заңгерлердің озық еңбектерімен танысып, заңдық-құқықтық қоғам жетістіктеріне көз жеткізіп, өз елінің саяси құқықтары тапталып жатқанына көзі ашылады. Сол кезде танылған С.А.Андреевский, И.П.Карабчевский, А.Ф.Кони, Н.Плевако, В.Д.Спасович сияқты Ресейдің атақты шешендерінің өмірі мен шығарма еңбектерін зерттейді. Осылай кәсіби заңгерге қажет шешендік өнердің қыр-сырын меңгерді. 1911 жылы Санк-Петербург университетін үздік бітіріп, Оралға қызметке келеді. Бірақ «Уральский листок» газетінде жарияланған батыл мақалаларынан сескенген Орал губернаторы оған губернияда тұруына тыйым салып, Том қаласына жер аударады. Жанша (1911-1917) Том округтық сотының Каинск уезі бойынша прокурор болып істейді. Сауатты прокурор адвокат ретінде де күрделі істерге араласады. Жайық бойындағы белгілі би – Шойтас Бәдікұлының ісіне қатысуымен де елге мәлім болады.

1916 жылы дүрбелең кезінде самодержавие өкілдерінің зорлық-зомбылығына Ж.Досмұхамедұлы ашық наразылық білдіреді. 1916 жылдың соңында Б.Қаратаев, Ж.Сейдалинмен бірге Петроградқа келіп, ІҮ Мемлекеттік дума алдында қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуды шегере тұруды мәселе етіп көтереді. 1917 жылы ақпан революциясынан кейін Каинск уездік атқару комитеті төрағасы орынбасары болып тағайындалады. Осы жылы Оралдағы уақытша қазақ өкіметінің шақыруымен келіп, І қазақ Орал облыстық съезін өткізуге қатысқан. 1917 жылдың 19-22 сәуірінде өткен бұл съезде Жанша 800 делегат тарапынан бірауыздан съезд төрағасы болып сайланған. Съезд Жанша Досмұхамедовты Мәскеуде өтетін І Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат етіп сайлайды. Бұл кездегі Саяси платформа – Уақытша үкіметті қолдай отырып, Ресей құрамында қазақ елін автономиялы ету, және осы жолда елдің ықпалды, белгілі адамдарының қолдауына сүйену.

1917 жылы Мәскеуде Асадуллаев үйінде өткен І Бүкілресейлік мұсылман съезінде Ж.Досмұхамедов ерекше танылады. Съезд оны Ресей мұсылмандарының кеңесі – бүкілресейлік «Шуро-и-ислам» комитеті төрағасының орынбасары етіп бірауыздан сайлады. Осы күндері уақытша өкіметтің Предпарламентіне мүше болып кіреді. 1917 жылы жазда және желтоқсанда өткен І және Ү жалпықазақ заң жобасына қатысты съездеріне Оралдан делегат болып қатысып, соңғы съезде алашорда өкіметіне мүше, «Шуро -и-исламға» ІІ жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланады.
Петроград кезеңінде І жалпықазақ съезінің ұйғаруымен «Шуро-и-исламдағы» қазақтармен бірге қазақ ұлттық саяси партиясының (болашақ «Алаш» партиясы) бағдарламасын жазуды қолға алады.

Заңгердің Жер комитеті, ішкі істер министрлігі, сот министрлігі, халық соттарына өзгерістер енгізу, Оқу министрі, халық комитетіндегі істері туралы құжаттары, Ресей мұсылман қайраткерлері арасында да беделге ие болады. Петроградтағы Қазан төңкерісін көзімен көрген, кеңес өкіметі алғашқы айларында ХКК төрағасы В.И.Ленинмен таныстығын пайдаланып, оған Петроград Көпшілік кітапханасында сақтаулы тұрған ислам жәдігері – Халидә Осман жиғызған Құран Кәрім нұсқасын қайтару жөніндегі «Шуро-и-ислам» комитетінің тілегін жеткізіп, Лениннен рұқсат алады. 1869 жылы кітапханаға губернатор фон Кауфман тапсырған қасиетті Құран нұсқасы (ғылымда «Самарқандағы кия куфа жазулы Құран» деп аталған) В.И.Ленин үкімімен алдымен Уфаға келіп, кейін Ташкентке жеткізіледі.

1918 жылы сәуірде Алашорда үкіметінің кеңес өкіметімен байланыс жасау ниетімен Ж.Досмұхамедұлы бастаған Алашорда делегациясы Мәскеуге келіп, Халық Комиссарлары Кеңесінің және Ұлт істері халық комиссариаты басшылары Ленин және Сталинмен ұлттық автономия жариялау жөнінде келіссөз жүргізеді. Келіссөз тұйыққа тіреледі, қалай болғанда да Алаш азаматтары совет үкіметімен саяси шаруашылық бағытында келісімге келу жолдарын іздестіреді. Қазақ комиссариаты Орал земствосындағы Доссор мұнай кәсіпшілігіне қатысты келісім шартқа қол қойылады. Осының бәрі Ж.Досмұхамедұлының дипломатиялық әрекеттерімен іске асқан. Өзі бірге оқыған Саратов жұмысшы депутаттары кеңес төрағасымен де келіссөзге келген. Бірақ Оралға келісімен Ж.Досмұхамедұлы Әскер үкіметі тарапынан тұтқындалды. Бұл жолы да сауатты заңгер өзін босатып алады.

1918 жылы мамырда Жымпитыда өткен ІVқазақ Орал облыстық съездіне Төраға және «Ойыл уалаяты» уақытша өкіметіне төраға болып сайланады. Алаштың сауатты заңгері Ж.Досмұхамедұлы сыртқы күштермен ымыраға келу, ішкі күштерден ұлттық бірлікті сақтау саясатын шебер жүргізе отырып, ІІ жалпы қазақ съезінің ұлттық-ау- мақтық автономия құру шешімін жүзеге осылай асырды. Ж.Досмұхамедов ақтар жағында тұрды, большевиктер ойға алған түзім қазақ ұлттық мүддесіне қиғаш келетінін дер кезде түсінген тұлға.

Ж.Досмұхамедұлы социалист-революционерлер Эсерлер мен де Самарада қарым-қатынасты болғаны айқындалды. 1918 жылы 8-23 қыркүйекте өткен Уфа кеңесіне қатысып, Алашорда үкіметінің төтенше мәжілісін өткізді. «Ойыл уалаяты» таратылып, оның орнына «Батыс Алашорда» деген ірі әкімшілік бөлім құрылды. Басқару билігі Ырғыз, Маңғыстау жеріне ұйғарылды. Уақытша үкіметпен де келіссөз жасалды. 1919 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен қазақ Орал облыстық съезді адмирал Колчакқа өкіл жіберіп, Жымпиттыға 80 қылышпен келген Колчак өкілі генерал Лебедевке Ж.Досмұхамедұлы билікті бермеді.

1919 жылы тамыздың соңында Омбыда Колчактың қабылдауында болып қазақ әскерінің мүддесін қорғады. Осы жылы Жымпитыда қорғаныс комитетін құрып, сонымен бірге Жоғары сотқа төраға, Батыс бөлімшенің Әскери бөліміне басшылық жасады. Ж.Досмұхамедұлы Әскери істерге де дарынды екенін танытты. Совет өкіметі мен ақтар арасында шебер дипломатиялық келіссөздерге бара отырып Ембі мұнай орындарын аман алып қалуды іске асырды. Майдан астында қалған қазақ ауылдарын ақ әскердің қырғынынан қорғау – басты мәселе болды:

1. Совет өкіметімен бірлесе өлкені басқару ісін жолға қою;

2.Советтік тұрпатта ұйымдастыру;

3. Ұлттық интеллигенция өкілдерін орталыққа жұмысқа алу;

4. Алаш әскерін елді ақтардан қорғау ісіне қатыстыру;

5. Земстволық және қалалық өзін-өзі басқару жүйесін құру.

Бірақ көпке ұзамай М.Фрунзенің нұсқауымен Батыс Алашорда басшылары халықтан оқшауланып, ал Ж.Досмұхамедов бастаған беделді бес азамат Ойылға, кейін Оралға, 1920 жылы ақпанда Орынборға әкетілді. 1920 жылы наурызда ресми «делегация» деп аталған топ Кирревком төрағасы Пестковский бастауымен Мәскеуге келіп, Петровка көшесіндегі қонақ үйінде жатып, «Батыс Алашорда үкіметінің қызмет-әрекеті туралы баяндама хат» әзірлейді. Баяндама хатты Ж.Досмұхамедұлы Ленинге, Сталинге және Л.Д.Троицкийге өз қолымен табыс етеді. 3 шілдеде бұл хат
негізінде Батыс Алашорда басшыларын қызметке пайдалану туралы қаулы шығады. 1921-1922 жылдары әйгілі мешін-тауық жұты кезінде аштыққа ұшыраған батыс және солтүстік аймаққа азық-түлік жөнелтіледі.

1922-24 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары Білім комиссиясы жанынан құрған «Талап» мәдени-ағарту қауымының тапсырмасымен «Жауыздық низамы» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы кеңестің Қылмыстық кодексі әзірленеді. 1924-1927 жылдары Қызылордада банкіде заң кеңесшісі, астана Алматыға көшкенде 1930 жылдың басына дейін осында болады.

1930 жылдың ақпанында Надежда Константиновна Колоссовскаяның шақыруымен аға экономист болып істеп жүргенде Шаболовкадағы үйде тұтқындалып, Бутыркаға қамалады, кейін Алматыға әкелінеді. 1932 жылы 20 сәуірде үштіктің шешімімен «1921 Ташкенте М.Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30 жылдары совет үкіметіне қарсы болды» деген айыппен Воронежге 5 жылға жер аударылады. Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ береді. 1938 жылы ұсталып атылған.

Ж.Досмұхамедұлы 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғары соты шешімімен ақталды. Ж.Досмұхамедұлы тапсырған Құран Кәрім – Құранның бастапқы толық нұсқасы. Бұл басылымға негіз болған бірінші Халиф Әбу Бәкірдің тапсыруымен Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың хатшысы Зайт ибн Сәбит Пайғамбардың (с.а.у.) айтуынан сүйекке, тасқа, теріге, пальма жапырағына, жазылған аят-сүре нұсқалары жинаған түпнұсқа негізге алынған.

Үшінші Халиф Осман ибн әл-Аффан (644 ж) Алланың кітабын әр жерде әртүрлі оқудан туындаған толқуды басу және мұсылмандарды біріктіру үшін толық нұсқа жасауды тапсырған. Бұл іске Зайт ибн Сәбитпен бірге Абдолла ибн Зубейра, Сайд ибн әл-Асқа, Абдуррахман ибн әл-Харис қатыстырылады. Осман жиғызған Құран 4 дана етіп көшіріліп, ғалифалықтың басты 4 шаһары – Мекке, Шам, Куфа және Басраға жіберілген. Бастапқы нұсқа Мединада сақталады. Құран Кәрімнің асыл канондық негізі саналатын бұл нұсқа яхудилер мен арабтарды жікке бөлушілер дінсіздер тарапынан мойындалмады. Исламдағы шиғи (шиизм) бағытын жасаған бұл топ Осман Халифті Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбармен қатар
оның туысы және күйеу баласы Әли ибн Әбу Талиб дәріптелетін «ан-Нұр» (Екі Нұр) сүресін Құран Кәрімге енгізбей алып қалды деп кінәлады. Соңынан бұл сүре Құранның әр тұсында келтірілетін орамдардың басын қосқан кейінгі екені дәлелденді. Осман Халиф 656 жылы айтылған топтың құрбаны болды. Халифаның үйіне басып кірген бүлікшілер өзі жиғызған Құран нұсқасын оқып отырған Осман Халифаға қанжар сұғып өлтірген. Халифаның қаны Алла Тағаланың «Алла сені олардан құтқарады» деген сөзінің үстіне төгілген. Халифа қаны төгілген осы нұсқа ұзақ уақыт құрайыштардың ұрпағы нақшбандиа софылық тарихатының Самарқандағы Қожа Ахрар мешітінде сақталған. 1869 жылы Түркістан өлкесі күшпен алынғанда өлке генерал-губернаторы фон Кауфман ғылымда «Осман жиғызған Құран» («Самарқандық Куфа Құран») аталатын нұсқаны Санк-Петербургтің көпшілік кітапханасына өткізген. Бұл нұсқаны зерттеушілері В.Р.Розен, А.Ф.Шебунин, С.Н.Писарев зерттеген 1917 жылы қарашада Петроградта өткен ІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өкімет орындарынан Осман жазғызған Құран Кәрімді қайтаруды мәселе етіп қаулы қабылдайды. Мұсылмандардың атқару органы – «Шура-и-ислам» шешімімен Смольныйға келген бұл топта Шура ислам төрағасы А.Салихов, орынбасары Халком кеңес төрағасы Ленинмен жақсы таныс Жанша Досмұхамедұлы бастап барды. Халық комиссарлары кеңесі өтінішті дереу қанағаттандырып, қаулы шығарады. 1917 жылы 9 желтоқсанда Ленин Ағарту халық комиссары А.В.Луначарскийге оның орындалуын тапсырады. Құран Кәрім көпшілік кітапханадан алынып Шура-и-ислам өкілдеріне табысталады. Совет кезінде Өзбек тарихи музейінде сақталған. 1990 жылы мұсылман қауымына қайтарылды яғни Өзбекстан дін басқармасына.

 С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» былай депті: «Жаһанша Досмұхамедұлы – қара сөздің шешені болса, Міржақып Дулатов – жазба сөздің шебері, ал Халел – нағыз теоретик, көп сөйлемейтін, бірақ өз ісіне мығым адам». Отанына осыншама бізге үлгілі болатын істер атқарған Жаһан-
ша Досмұхамедұлының есімі тәуелсіз қазақ елінің тарихында ерекше орны бар тұлға. Отанды сүю, оған қызмет ету, қандай жағдайда да қара басының қамы емес, елдің абыройын, аман болуын тілеу ғана емес, осы жолда нақты істер атқаруды өз өмірімен дәлелдеп кеткен Алаш азаматына Алла разы болғай.


Пайдаланған әдебиеттер:
1. Зиманов С. Ленин и советская национальная государственность в Казахстане. – Алматы: 1978.
2. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм и Россия: история движения Алаш. – Москва, 1994.
3. Боранқұлов А. Алашорда – тәуелсіздік бастауы. – Орал, 1999.
4. Қарабалин Ғ. Ағайынды Досмұхамедовтар туралы – //Ақиқат, 1995. № 2.
5. Рысбеков Т., Рысбекова С. Батыс Қазақстандағы Алаш зиялылары. – Алматы, 1998

0 пікір