Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріне жасалған қастандықтар
Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) өміріне жасалған қастандықтар
8 ай бұрын 2758

Бисмилләһир рахманир рахим

«Елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, Оны қабатын екі ит қоса туылады» деп атам қазақ айтқандай, Мұхаммед пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алладан бұйрық келгеннен соң, дұшпандары да күрт көбейді. Олар жергілікті жұртты Мұхаммед пайғамбарға қарсы түрлі тәсілмен айдап салып, дін Исламның жайылуына тосқауыл болуға тырысты. Алайда, қанша кедергі болуға тырысса да Құдайдың хақ дінін дұрыс көрушілер қатары көбейе түсті. Соңында, Исламның тамырына балта шабудың бір ғана жолы Әзіреті Мұхаммедті (с.а.у.) өлтіру деп ойлаған олар, сол мақсатта түрлі қастандықтарға жүгінді. Алайда "адамның дегені емес, Алланың дегені болады" демекші, Жаратушы Құдай Тағала дін дұшпандарының арам пиғылдарын жүзеге асыртпай, өзінің сүйікті құлын әркезде аман алып қалып отырды.

Төменде ардақты пайғамбарымыздың өміріне жасалған қастандықтардың бірсыпырасын беріп отырмыз.

1) «Нәдуә» үйіндегі қастандық. Ұлы көш қарсаңында, Құрайыш руының бетке ұстарлары Қаси ибн Кәлләбтың үйінде жиналып, Мұхаммед пайғамбарды (с.а.у.) қалай өлтіреміз деп ақылдасады. Ақылдаса келе, әрбір тайпадан мықты бір жігіт шығарып, түнде Мұхаммед пайғамбарды өлтіруге жолдауға байлам жасасады. Байлам бойынша, әрбір жігіт Мұхаммед пайғамбарға бір-бірден қылыш сермеуі тиіс еді. Ондағы мақсат, ертеңгі күні қан дауы туа қалса, жақындарының барлық тайпаға қарсы құнын даулап шыға қоюы екі талай еді. Сонымен, жиналған бір топ жігіт түнгі сәтте ұрланып келіп, Мұхаммед пайғамбарымызды (с.а.у.) ұйықтап жатқан сәтте төсегінде өлтірмекші болады. Алайда, Жебірейіл періште олардың сұрқия жоспарын Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) алдын-ала білдіріп, ардақты пайғамбарымыз құтылып кетеді.

2) Умейр ибн Уәһәбты жалдаулары. Тағы бірде, Құрайш ру басыларының бірі болып есептелетін Сафуан Әзіреті Мұхаммедті (с.а.у.) өлтіру үшін Умейрді жалдайды. Умейр Мединеге келіп, қаруын асынған күйі, мешітке кіреді. Мешітке кіріп, Мұхаммед пайғамбарға жолығуға рұқсат сұрайды. Сол заматта Әзіреті Омар (р.а.) орнынан тұрып, оның мойнына қылышын тақайды. Оны көрген Пайғамбарымыз (с.а.у.) Омарға: «Оны қоя бер, уа, Омар! Ал сен Умейр бері жақында» дейді. Умейр жақындап, қасына келеді. Пайғамбарымыз одан келу мақсатын сұрайды. Ол бір тұтқынды іздеп келгенін айтады. Алайда, Мұхаммед пайғамбарымыз оған: «Шыныңды айт, не үшін келдің?» деп қайта сұрайды. Ол тұтқын үшін келгенін айтады. Сонда Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сен, Сафуан екеуің Қағбада отырып, Бәдір соғысында қайтыс болған құрайыштықтарды еске алдыңдар. Сонда сен оған: «Егер менің отбасым және мойнымдағы қарыздарым болмағанда, Мединеге барып Мұхаммедті өлтірер едім» дедің. Сонда Сафуан саған мені өлтірер болсаң сенің қарыздарыңды өтеп беруге уәде берді және егер саған бір нәрсе бола қалса, отбасыңа қарайласатындығын да айтты. Сен келістің» - деп, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) оның келгендегі мақсатын тәптіштеп түгел айтып береді. Мұны жай адам білуі мүмкін еместігін түсінген Умейр, сол жерде: «Сен шынынан да Пайғамбар екенсің!» дейді де тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болады.

3) «Бәну ән-Надыр» яһудилерінің қастандығы. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабасы Амр ибн Умеяның «Амір» тайпасынан екі адамды өлтіріп қойғаны себепті, сахабасының қан дауында жәрдемші болулары үшін Бәну Надыр Яһудилеріне барады. Алайда, яһудилер жәрдем берудің орнына оңтайлы сәтті құр жібермей, Мұхаммед пайғамбардың өзін өлтіруді жоспарлайды. Олар өзара ақылдаса келе, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір үйдің қабырғасына жақын отырған сәтінде, тамның төбесіне бір жігітті шығарып, үстінен үлкен бір тасты тастатпақшы болады. Алайда олардың арам ойларын Құдай Тағала Мұхаммед пайғамбарымызға сездіреді де, Ол (с.а.у.) лезде отырған жерінен тұрып, қасындағы жолдастарын ертеді де Мединеге қайтып кетіп қалады.

4) Уланған ет беру. Тағы бір кезінде Хайбарлық яһуди дінінің өкілдері Мұхаммед пайғамбарды улап өлтіруді жоспарлайды. Ол істі олар бір яһуди әйелге тапсырады. Ол әйел Алла елшісіне уланған қойдың етін алып келеді. Алла елшісі еттен ауыз тиген заматта, уланған ет екендігін бірден біліп, ауызға салған етті әрі қарай жұтпай шығарып тастайды, сосын айналасындағыларға: «Мына сүйек маған еттің уланғандығын хабар беріп тұрі» дейді. Алайда еттен жеп үлгерген үш сахаба сол заматта көз жұмады. Улаған әйелді шақырып, неге олай істегенін сұрағанда, ол (әйел): «Егер сен жәй ғана қарапайым патша болған болсаң, біз сенен құтылған болар едік, ал егер шын мәнісінде пайғамбар болсаң, саған еттің уланғандығы білдіріледі деп ойладық», - деп жауап береді ол. Алла елшісі ол әйелді жазаламай босатып жібереді. Дегенмен, удың күштілігі соншалықты, үш жылдан кейін барып, бәрібір әсерін тигізбей қоймайды. Ол удың залалын Құдай Тағала Мұхаммед пайғамбарымызға үш жылдан кейін дарытып, сүйікті құлына «шейттік мәртебесін» сыйлады. 

5) Дуалау оқиғасы. Тағы бірде яһудилер Пайғамбарымызды дуалап өлтірмекші болады. Ол жоспарды олар Пайғамбарымыздың қызметшісі Ләбид ибн Аъсам арқылы жүзеге асыруды ойлайды. Яһудилер Ләбидке көп ақша ұсынып, Алла елшісін дуалатады. Ләбид Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шашы мен тарағына дуа жасап, оны пальма қабығына орап, оны «Зәруан» құдығының түбіне жасырады. Көп ұзамай сиқырдың әсері сезіліп, Мұхаммед пайғамбарымыз (.с.а.у.) күннен күнге жүдеп, еріп бара жатты. Ақырында, Жебірейіл періште мен Микаил періште түсіне кіріп, дуаны кім жасағанын және қайтып жасағанын әрі қайда жасырғанын айтып, аян береді. Таң атқаннан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларын ертіп, түсінде білдірілген құдыққа барып, әлгі жасырылған пальма қабығын алып шығады. Ішін ашып қараса, ішінде Алла елшісінің тарағы, шашының бір қылы және шам балауызынан жасалған пайғамбарымыздың мүсіні бар екен. Мүсінге ине қадалған екен. Сондай-ақ, онбір рет түйілген жіп те шығады. Сол арада Жебірейіл періште (ғалейһиссәләм) Фәләқ пен Нәс сүрелерін түсіреді. Пайғамбарымыз аталмыш сүрелерді оқып, түйіндерді шешеді және артынан мүсінге қадалған инені суырады. Содан кейін барып Алла елшісінің ауырғаны басылып, рақаттанады. Дуа жасаған жігіттен неге олай істегенін сұрағанда, ол «динарға деген сүйіспеншілік итермеледі» деп, мойындайды. Алла елшісі оған кешірім береді.

6) Фудәлә ибн Амирдің қастандық жасамақшы болуы. Хижреттің сегізінші жылы Мекке қаласы алынатын жылы, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) Қағба тасты тауаф етіп жүргенде, Фудәлә өлтірмекші болып қасына жақындайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: "Фудәләмысың?" деп сұрайды. Ол: "Иә, Алла елшісі" деп жауап береді. Сонда Алла елшісі: "Сен іштей өз-өзіңе нелерді айтып жатқан едің?" деп сұрайды. Фудәлә: "Ештеңе, жай Алланы зікір етіп тұрғанмын" деп жауап береді. Алла елшісі оның бұл жауабына күліп жібереді де, алақанын Фудәләның көкірегіне қояды. Фудәләның тулап тұрған жүрегі тыныштала қалады. Кейіннен сол сәттегі өзгерісті Фудәлә былай деп айтқан: "Пайғамбар алақанын көкірегіме қойғаны сол еді, мен үшін одан сүйкімді жан жоқтай сезілді" - деп, ағынан жарылған екен.

Бұл айтқандарымыз Мұхаммед пайғамбарымызға жасалған ондаған қастандықтардың бірнешеуі ғана. Ислам дұшпандары қаншама рет Мұхаммед пайғамбарымызға қастандық ойластырса да, Алла Тағала оны аман алып қалып жатты. Осылайша, дін дұшпандары Исламның нұрын қанша сөндіргісі келсе де, оларынан түк шықпай, соңында Алланың дегені болып, Дін Ислам үстемдік құрды. Уассаллаллаһу Тағалә аля Расулиһиль Кәрим Мухаммәдин уа алә әлиһи уәсахбиһи әжмәъин.

Абдусамат Қасым


 

0 пікір