Мұхаммед Баласағұни әт-Түрки - Сирия мен Палестинада қазылық қызметін атқарған түркі ханафи ғалым (1040-1112 ж.)
Мұхаммед Баласағұни әт-Түрки - Сирия мен Палестинада қазылық қызметін атқарған түркі ханафи ғалым (1040-1112 ж.)
9 ай бұрын 1822

Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Бәләсағуни әт-Түрки әл-Хәнафи әл-Ләмиши - Хижри жыл санауы бойынша VI (6) ғасырда өмір кешкен түркі дін ғалымдарының бірі (миләди 11-12 ғасыр). «Ләмиш» деген ауылдың тумасы, Баласағұн қаласының тұрғыны. "Ләмиш" ауылының орналасқан жерін кей зерттеушілер қазіргі Әндіжан мен Таластың екі арасындағы бір ауыл деп танытады. Ал ескілікті араб Ислам ғалымдарының энсиклопедияларында «Ләмиш» ауылына: «Ферғана ауылдарының бірі» деп анықтама береді1

Мұхаммед Баласағұнидің бір лақап аты «әт-Түрік» болған. Осыдан да, оның түбінде түркі халқынан шыққандығын анық ұғыну қиын емес. 

Мәліметтерге қарағанда Мұхаммед әл-Баләсәғуни өзінің туып өскен жердегі медреселерден дін ілімін оқығаннан кейін, білімін одан әрі тереңдету мақсатында Бағдат (Ирак) қаласына сапар шегеді. Орта ғасырлық араб тарихшыларының мәліметіне қарағанда қазы Мұхаммед Баласағұни Бағдат қаласына барғаннан соң, жергілікті ғұламалардың бірі - «Қазыларының қазысы» деген лақап аты бар Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Әли әд-Дәмиғани есімді Ханафи ғалымына шәкірт болып, одан Ханафи фиқһ саласын терең меңгереді. Сондай-ақ, хадис саласында да өзін жетілдірген ол, сол заманғы «Хәфиз», «Хужжа» деген атақтарға ие Әбу Фазл Ахмед ибн Хәйрун2 есімді ғұламадан хадис саласын да үйренеді. 

Қазы Мұхаммед Баласағұни Ислам құқық саласының «Ханафи мектебін» жетік меңгеріп, алғашқыда Палестинаға барып қазылық қызметін атқарады. Одан кейін Сирия жеріне жолданып, Дамаск қаласының бас қазысы қызметіне тағайындалады. 

Қазы Мұхаммед Баласағұнидің заманында Сирия мен Мысыр аймағында Шәфиғи құқық мектебі үстемдік құрып тұрған шақ тұғын. Сол кезге дейін аталмыш аймақтарда мешіт имамдығына да, қазылық қызметіне де тек Шәфиғи мәзхабындағы мамандар ғана тағайындалатын болған. Алайда Мұхаммед Баласағұни қазы болып келгеннен кейін, бұл үрдісті өзгертуге кіріседі. Сөйтеді де, «Үмейяд мешіті» деп аталатын Дамаск қаласының бас мешітіне Ханафи мәзхабын ұстанатын имамды тағайындап қояды. Онымен қоймай мешіттерде «қаматтың» Ханафи мәзхабына сай нұсқасын айтуды бұйырады. Бұған жергілікті халық наразы болып, мешітке келмей қойғандар болған. 

Мұхаммед Баласағұни Ханафи мәзхабына деген аса беріктігімен әйгілі болған. Тіпті кейбір замандас Шәфиғи мәзхабының ғалымдары кітаптарында ол жайында әңгімелей келе, оның: «Егер маған қалса, Шәфиғи мәзхабтағыларға қосымша салық төлетер едім» деген сөзі келтіреді. 

Қазы Мұхаммед Баласағұни әт-Түрки әл-Ханафи Хижри 506 жылы (1112-1113 жылдары), «Джұмадаль Ахир» айында, қасиетті жұма күні қайтыс болады. Атақты Ислам тарихшысы Ибн Ъасакир өзінің «Дамаск қаласының тарихы» атты кітабында, кішкене күнінде Қазы Мұхаммед Баласағұнидің жаназасына қатысқандығын айтып өтеді. Жаназасы мешітте өткен3

Дайындаған Абдусамат Қасым


1  Имам Суюти: «Луббуль Лүбәб фи тәхририль Әнсәб»; «Муъжамуль Бүлдән».
2  Имам Зәһәби: «Сияру Аъләмин Нүбәлә».
3  Ибн Ъасакир: «Тарих Димашқ», 56/76 бет.

0 пікір