Имам Әбу Юсуф кім?
Имам Әбу Юсуф кім?
3 жыл бұрын 1010
Абдусамат Қасым

Толық аты – Яғқуб ибн Ибраһим әл-Әнсари. Юсуф есімді ұлы болғандықтан, «Әбу Юсуф» яғни, «Юсуфтың әкесі» деген күниясымен әйгілі. Һижри 113 жылы (миләди 731 жыл) сол заманда ғылым ошағы саналатын Куфа қаласында кедей бір отбасында дүниеге келген. Куфа қаласы Хазіреті Омардың халифалығы кезінде Абдулла бин Масғұд сынды ғұлама сахабалардың қоныс тепкен жері. Абдулла бин Масғұд Куфада Хазірет Осман халифалығының соңғы кезеңіне дейін өмір сүреді. Осы уақыт аралығында ғалым Абдулла бин Масғұд сахабаның мектебінен көптеген ислами құқық мамандары мен діннің өзге де саласында жетістікке жеткен шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Бұл қалада фиқһ ғылымын меңгерген ғалымдардың көптігіне таңқалған Әзірет Али: «Мына қаланың аузы-мұрны ілім мен фиқһқа толы екен», – деген. Әзіреті Али басшылық тізгінді қолына алғаннан кейін осы қалаға қоныстанады. Алимен бірге көптеген сахабалар келеді. Деректерге қарағанда, тек Куфа қаласының өзінде 1500-ге жуық сахаба болған екен. Сондықтан, бұл қалада ғылым бұрынғысынан да қатты дами түсті. Әбу Ханифа, Ибн Әбу Ләйла сынды алып ғұламалар шыға бастайды.

Өзінің зеректігімен танымал Әбу Юсуф та ғылым бұлағынан сусындаудан кенде қалған жоқ. Ата ибн Әс-Саиб, Мухаммад ибн Исхақ және Ләйс ибн Сағд сынды үлкен хадисші ғұламалардан хадис ғылымын оқиды. Көптеген хадис жаттап, «Хадис Хафизы» деген атақ алады. Оның зеректігі мен жаттау қабілеті өте күшті болған. Ибн Әл-Жаузидің айтуы бойынша, Имам Әбу Юсуф бір естігенде елу-алпыс хадис жаттап, соны сәнәдімен (келу жолы) қосып жатқа айтып беретін болған. Хасан ибн Мәлик деген кісінің айтуына қарағанда, хадистегі бір мәселеге байланысты өзара таласқа түсіп, шешімін білу үшін Әбу Мағауия деген маманға барғанда, әлгі маман: «Сендерде Әбу Юсуф бар емес пе? Әбу Юсуфтан аттап қалайша маған келесіңдер?!», – деп Имамның хадис ғылымына жетік маман екенін меңзеген. Дауд ибн Рашид деген замандасының бірі былай дейді: «Әбу Юсуфтың бір өзі Әбу Ханифаның барлық шәкірттеріне татиды. Ол ғылым үйрете бастағанда, ғылым үйренуші адам өзіне теңізден шелектеп су беріп жатқандай сезінеді. Ол хадис, фиқһ, кәләм (ақида) секілді барлық ғылымды меңгерген еді».

Әбу Юсуф алғашында фиқһ ғылымын Әбу Исхақ әш-Шайбани, Суләйман әт-Тәмими, Яхя ибн Саид әл-Ағмаш, Ибн Әбу Ләйла сияқты фиқһ ғалымдарынан алды. Соңында Әбу Ханифаға 17 жыл шәкірт болып, бойына құқық жүйесін сіңіреді. Құқық жүйесінің қыр-сырын толықтай меңгерген ол өз алдына бір ғұлама дәрежесіне жетті. Әбу Юсуф кедей болғандықтан, ақша табу үшін дәрістерді жіберіп ала беретін болған. Кейінен ұстазы Әбу Ханифа оның ғылым алуына қаржылай да жәрдем көрсетіп отырды. Бұл жайында Әбу Юсуф былай дейді: «Мен хал-тұрмысымның нашарлығына қарамастан хадис ғылымы мен фиқһ ғылымын оқып жүрдім. Бір күні әкем маған: «Ұлым, сен өзіңді Әбу Ханифамен салыстырма! Ол «не ішем, не жеймін» демейді. Ал сен наныңды тауып, күн көруің керексің», – деді. Мен әкемнің айтқанына қарсы келмедім. Бір күні дәрістерінде көрінбей жүрген мені Ұстазым іздеп тауып алды. Мен дәрісіне келуге уәде бердім. Дәрісіне қайта барған күні ұзтазым маған жүз дирхам (күміс ақша) берді де: «Сен ілім алқасына үнемі келіп тұр. Мына ақша бітісімен маған білдір», – деді. Көп кешікпей тағы да жүз дирхам берді».

Әбу Юсуфтың ғылымның әр саласы бойынша жүзден аса ұстазы болған. Алайда, солардың ішінде екі ұстазын ерекше жақсы көретін. Оның бірі – Әбу Ханифа, екіншісі – ибн Әбу Ләйла. Әбу Юсуф ол екеуіне өмірінің соңына дейін әр намазында дұға етіп жүрді.

Имам Әбу Юсуф өте ақылды еді. Алдына келген дау-дамайға әділ шешім беретін. Және өзіне қойылған сұраққа толықтай, қанағаттанатын жауап қайыратын. Бір күні сол кездегі халифа Харун Рашид өзінің әйелі Зубайдаға «Бұл түнде осы аймақта түнейтін болсам, сенімен үш талақпен ажырасам» дейді. Бірақ артынша айтқан сөзіне өкініп, Әбу Юсуфтан пәтуа сұрайды.  Сонда Әбу Юсуф Құранда келген аятқа сүйене отырып, оған «Сіз мешітке ұйықтаңыз! Өйткені, мешіттер сіздің емес, Алланың үйі» деген екен.

Оның ғалымдығына таңырқаған ғұламалар Әбу Юсуф жайында өз лебіздерін былайша білдірген. Әбу Юсуф қатты ауырғанда Имам Ағзам: «Егер Әбу Юсуф қайтыс болса, ғылым ақсайды. Жер бетіндегілердің  ғылымдағы ең білгірі – осы Әбу Юсуф», – деген. Ибн Муғин: «Әбу Юсуф – хадисші әрі сүннетші. Фақиһтардың арасынан ондай хадис ғылымын жетік білетін әрі сенімді кісіні кездестірмедім», – дейді. Ұстаздарының бірі болған Ағмаш Әбу Юсуфтан бір мәселенің үкімін сұрайды. Оның берген жауабына таңырқап: «Бұны не нәрсеге сүйеніп айттың?», – деп сұрағанда Ол: «Сізден үйренген хадистен шығардым», – дейді. Сонда Ағмаш: «Мен бұл хадисті сен туылмай тұрып білетінмін. Бірақ оның мәнін енді түсіндім» деген екен.

Ибн Самаға: «Ол қазы болғаннан кейін күнде жүз ракағат намаз оқитын», – деген.

Имам Әбу Юсуф өзге Имамдар сияқты үкім шығарарда әуелі Құран, сосын сүннеттен іздейтін. Бұнымен қоса, «қияс» жолымен үкім шығаруды да көптеп колданатын. Үкімді сахабалардың айтқан сөздерінен қарайтын. Егер бұдан да табылмаса, «Ұстаз не деген екен?» деп соның тұжырымдарын қарастыратын. Табылмаған жағдайды өзінше тұжырым жасап, бір пәтуаға келетін. Сондай-ақ, Әбу Юсуф бір нәрсеге үкім берерде жергілікті салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа да көптеп мән беретін. Ханафи мәзхабының әлемге жайылуына Имам Әбу Юсуфтың еңбегі орасан зор. Себебі, қазылық қызметінде ханафи мәзхабын негізге алатын. Сондықтан, қазіргі мамандар Имамның берген пәтуалары өміршең, өзектілігін жоғалтпаған, яғни қазіргі күнмен сәйкес келеді дейді.

Имам көптеген шәкірттер тәрбиелеп, көптеген еңбектер қалдырды. Солардың кейбірін атап өтсек: «Китабуль Әсәр», «Ихтилафуль Әмсәр», «Әдәбуль Қазы алә мәзхаби Әби Ханифа», «Китабуль Буюғ», «Китабуль Жауами», «Китабуль худуд», «Китабуль Хараж», «Китабур Рад ала Малики бин Әнәс», «Китабуз Закат», «Китабус Сала», «Китабус Сиям» т.б.

Имам Мұхаммедтің еңбегі деп танылған «Әл-Мәбсутты» да Имам Әбу Юсуф жазған деген дерек бар. Ал Имам Мұхаммед оны ретке келтірген. Бұл кітапты ханафи мәзхабының төл кітабы десек те болады. Әбу Юсуфтың «Китабуль Хараж» деген кітабында мемлекеттің кіріс-шығысын егжей-тегжейлі жазылған. Ал «Китабуль Әсәр» Әбу Ханифаның риуаят еткен хадистерін фиқһ бабтарына қарай бөліп жазған еңбек. Бұл кітапта Әбу Ханифаның үкім шығарарда сүйенген хадистерін, оларды қабылдау шарттарын табуға болады.

Көптеген шәкірттер Әбу Юсуфтың ғылым қайнарынан сусындаған. Атап айтсақ: Ахмад бин Ханбал, Мухаммад әш шайбани, әс-Сукути, Ибн Муниғ әл-Хафиз, Ибн Фират әлКинди,  Ибн Әби Исраил,  Әсәд бин әл Фират, Ибн Сағид ән-Нисабури, әл-Хасан Зияд Әллу-лу-а, Хасан бин Әбу Мәлик, Хасан бин Мәшһур т.б.

Имам Әбу Юсуф һижри 182 жылы (миләди 798 жылы) 68-69 жасында бейсенбі күні Бағдад қаласында дүниеден озды. Алла оған разы болсын![1]

1. Әз-Зәһәби, Манақибу Әби ханифа, «Әбу Юсуф»; Әл-Кәусәри, Сирату Әби Юсуф; Islam Ensiklopedisi: “Ebu Yusuf”.

0 пікір