«Бір Аллаға сыйынып» оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин неге «шоқынды» атанды?
«Бір Аллаға сыйынып» оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин неге «шоқынды» атанды?
8 жыл бұрын 37109
Марфуға ШАПИЯН

Қазақ Ыбырай Алтынсаринді ағартушы-педагог, ақын, жазушы, этнограф ретінде таниды. Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан адам ретінде біледі. Оның “Кел, балалар, оқылық!” атты өлеңімен білімге құштарлығымыз артқан біздер “Бір Аллаға сыйынып” деген алғашқы жолдарының түсіп қалғанын кейін білдік. Осындай өлеңдері, тәлім-тәрбиелік мәні зор әңгімелерінің көптігіне қарамастан, кезінде Алтынсариннің “шоқынды”, “өлгенде үйінен крест шықты” деп айыпталғаны белгілі. Бұл әңгіменің түп төркіні қайдан шықты, Ыбырай расымен діннен алыстау адам ба еді, міне осы сұрақтарға мақаламызда жауап іздеп көрдік.

 

Ыбырайдың азан шақырып қойылған аты Ибраһим

    Исі қазақтың ұстазына айналған Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Аталары оған  “Ибраһим” деген есім беріп, пайғамбар атымен атапты. Дәл сол уақыттары “Ибраһим” жиі қойылатын есімдердің бірі болса керек. Өйткені Семей өңірінде дүниеге келіп жатқан қазақтың тағы бір данышпаны - Абайдың да есімін Құнанбай осы бір пайғамбар атымен байланыстырыпты. Алайда үлкен кісілерінің, қайын аталарының аттарын атамайтын, оны өрескел қателік көретін қазақ келіндері пайғамбарлар есімін қалай құрметтемесін?! Міне, осы себепті Зере әжей Ибраһим атты немересін Абай атаса, Айғаным әже Мұхаммедқанафиясына Шоқан деп ат қойыпты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ыбырай да азан шақырылып қойылған “Ибраһим” есімінен солай көз жазып қалса керек.

    Ыбырайдың әкесі Алтынсары молдадан сауат ашқан қарапайым жан болса, анасы Аймен ертегілер мен жырларды жатқа білетін көкірегі ояу, сауатты адам болыпты. Алтынсары 1844 жылы көтерілісшілердің қолынан қаза табады да, Ыбырай атасы Балғожа бидің бауырында өседі. Балғожа би ұзақ уақыт қыпшақ руына старшын болған, бай, елге сыйлы, беделді кісі екен. Ғалым Нәзилә Іргебаева Ыбырай бойындағы ата тәрбиесі туралы: «Немересін адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған Балғожа оны өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Жасынан зерек Ыбырай да атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшіліктің үмітіне айналады. Атасы Балғожа төңірегіне ақын-жырауларды жинап, өзі де өлең жазған, яғни Ыбырай бала кезінен туған халқының мәдениеті мен әдебиетінен сусындаған. Білімнің парқын білген Балғожа Жаңбыршин табысқа жетудің ендігі жолы – оқу деп біліп, кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп отырған орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты – әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда қызмет істеп, шенеунік, орысша оқыған төре болып шығуы, ата-анасын асырауы”, - деп жазады. Балғожа би оқудағы немересіне хат жолдап, бір Құдайға тапсырғанын былай суреттейді

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің? дейді. Ата үміті ақталды. Білімге құштар тоғыз жасар Ыбырай 1857 жылы мектепті Алтын белгіге бітіріп, мектеп әкімшілігінен бірнеше рет алғыс алып, мақтау қағаздарымен марапатталады. Ең қызығы, сол мектепте орыс, татар тілдері, кеңсе қатынас хаттарын жазу үлгілерімен қатар, Ислам діні сабағы жүргізілген екен. Деректер Ыбырайдың ана тілінен өзге орыс, араб, татар, парсы тілдерінде еркін сөйлегенін айтады.

 

Аллаға ұнамды қасиеттерге ұмтылған Алтынсарин

         Дінімізде оқу, білу, білгеніңді өзгеге үйрету құрметті іс саналады. Имам Мүслімнің сахих хадистер жинағында Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисінде: «Адам баласы дүние салған соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салиқалы перзент», - делінген.

    Ыбырай Алтынсарин екінші жолды таңдады. Шәкірт тәрбиелеп жетілдіруге, оған ғылым-білім үйретуге, қараңғы халқының көзін ашуға бар жан-тәнімен кірісті. Білгенін балаларға үйретуді өзінің борышы деп ұғып: «Мен қазақ жастарының классикалық гимназияларда, ауыл шаруашылық академияларында оқып білім алуын, өз халқына қызмет етуін, жаңалықты іс жүзінде көрсете білуін жоғары мұрат деп білемін», – деп жазды. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтарға арналған бастауыш мектептер ашылады дегенде, 19 жасар Ыбырай солай қарай баруға сұранып, ақыры Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алады. Торғайда мектеп ашу оңай болмады. Ел-жерді, ауыл-ауылды аралап, қаржы жинаған Ыбырай1864 жылы 8 қаңтарда мектебін ашып, көптен күткен мақсатына жетеді. Осы кезде рухани ұстазына шығыстанушы, профессор Н.И.Ильминскийге жазған хатында Ыбырай: “Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады. Міне, ақын осыдан кейінгі 25 жылдық өмірін қазақ балаларына арнап мектеп ашу, оларды оқыту, тәрбиелеу, оқу құралдары мен әдістемелік кітаптар жазуға арнады.

   Ыбырайдың білім беру жолы оңай болған жоқ. Алдынан түрлі кедергілер кездесті. Оқудың парқын түсінбеген кей қазақ балаларын бергісі келмей біраз әуреледі. Оған “орысшыл” деп айып тақты. Бірақ алған бетінен қайтпаған Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы қазақ балаларына арналған “Қазақ хрестоматиясын” жазып шығарды. Кітаптың алғашқы беттерінде білім-ғылымның маңызы айтылатын “Кел, балалар, оқылық!”, “Өнер-білім бар жұрттар” өлеңдері жазулы тұр еді. Даңқты жазушымыз Мұхтар Әуезов Алтынсариннің бұл еңбегін: Ыбырай – жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты аса шебер, өнерлі түрде қабыстырушы,” – деп бағалады.

   Қазақ даласындағы мектептердің санын арттырғаннан кейін Алтынсарин оларға мұғалім дайындаудың маңызын айтып: «Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін» дейді. Нәтижесінде, 1888 жылы оның ұсынысымен Ор қаласында мұғалімдер даярлайтын мектеп ашылады. Мектеп ашып қана қоймай, нағыз мұғалім қандай болуы керектігін: Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлауға тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен түсінікті етіп түсіндіруі керек, орынсыз терминдерді қолданбауы керек, мұндай сөздер оқушыларға түсініксіз болады да, жалықтырып жібереді», - деп айқын көрсетіп берді.

   Бір адамның білімге деген осыншалық құмарлығы, сол жолдағы жанкештілігі таңдандырмай қоймайды. Өзі Ильминскийге жазған хатында: “Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады», - деп ұлтының қажетіне жарағанына көңілі қуанады. Осы жолдардың өзінен Ыбырайдың нағыз иманды жан болғанын бағамдаймыз. Ол Аллаға ең ұнамды қасиеттерге ұмтылды. Алтынсариннің мұғалім достарының бірі Федор Соколов ол жөнінде былай деп еске алады: “Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын», - деп еске алады...

 

Ыбырай Алтынсарин шығармашылығындағы дін тақырыбы

         Ыбырай Алтынсариннің қай туындысын алып қарасақ та, оның негізі жақсылыққа, ізгілікке құрылған. Ол өз шығармалары арқылы оқу, білімге ғана шақырып қоймайды, жақсы адам болуға да үндейді. Ыбырайдың халық арасына кеңінен тараған:

Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық, - деген өлеңін, шолақ жаттап келіп, тәуелсіздіктен кейін ғана “бір Алласын” қайта қосқанымыз барлығына аян. Осы өлеңнің ары қарайғы жолдарында:

Оқу білген таниды,

Бір жаратқан Құдайды.

Танымаған Құдайды

Неғылғанда ұнайды...

«Шырағым, адам болғай» деп,

Ата-анаң жылайды.

Баладан қайыр болмаса,

Баланы неге сұрайды?! деп оқу-білім арқылы Құдайды танудың маңызын айтып қана қоймай, ата-анаға қайырлы бала болуға үндейді. Ал енді бірде:

Ел қыстап, күн көреді жаныбында,

Дәм болар алуан-алуан балығында...

Тас таста, алтын таста сынамаққа,

Сонда да аққан өзен қалыбында.

Құдіретін Құдайымның көресің бе?

Не нәжіс тоқтар өзен денесінде...

Арыстан демалуға суға кірсе,

Балықтар шымшып ойнар төбесінде, - деп, өзенді өзгеше жырлап, табиғат құбылыстарын Құдайдың құдіретімен байланыстырады. Ыбырайдың қай жырын алып қарасақ та, оның тәлім-тәрбиесі, айтап ойы мол. Оның өлеңдеріне пайғамбарлар қиссасы да арқау болады:

Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,

Өзінің пенде екенін сонда біліп.

Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,

Отыз ұлға бір өзін жора қылып, - деп өлеңмен өрген ақын оны балаларға жатық тілмен жеңіл, әдемі етіп баяндайды.

       Ыбырай Алтынсарин өлеңдерін жан-жақты талдаған алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақова: “Ақын балаларға пайғамбарлардың тарихын жеткізу арқылы замандастарын арам мен харамды, оң мен солды, ақ пен қараны, әділдік пен әділетсіздікті тани білуге шақырады.

Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды,

Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.

Мекенін білемісіз, қайда қалды?

Жомарттық қылған үшін Атымтайды.

Қазақтың тарихи жырларында Қарынбай мен Атымтай туралы нұсқалар бар. Бірақ Ыбырай осы бір-ақ шумақпен Қарынбай мен Атымтайдың басты ерекшеліктерін айтып өткен.

Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,

Кете бар, кессе басың шындықпенен.

Қорек тап бейнеттен де, Тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңдықпенен.

   Осынау ғибратты сөздер қай заманда да маңызын жоймайтыны белгілі. Америкалық «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген хайуандық түсінікке қарсы Ыбырай Алтынсарыұлы осылай адал еңбекпен өмір сүру қажеттігін алға тартады. «Ұрлық түбі – қорлық» екені осылай еске салынады және маңайындағы кедейлерді осы харам істен сақтандырады”, - деп жазады.

   Ыбырайдың шағын ғибратты әңгімелерінен де жастардың алары көп. Ол жазған “Асан мен Үсен оқиғасын” кешегі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті немерелері Хасан мен Хұсейіннің есімдерімен байланыстырып атаған болса, “Асыл шөп” әңгімесіндегі Зылиха мен Бәтима да Ислам әлеміне белгілі есімдер. Ыбырай Алтынсарин осы шағын әңгімелері арқылы адам бойына ізгіліктің дәнін сеуіп қана қоймайды, біз білуге тиіс тұлғаларымыздың есімдерін бойымызға сіңіре түседі. 

   Ыбырай жазған мақал-мәтелдерден имандылық, мұсылмандық қасиеттер тыс қалмайды. Ол бір мақалында: “Халықтан ұял, Құдайдан қорық” десе, енді бірінде: “Құдайдан сұрасаң - кешірер, кісіден сұрасаң - екі көзіңді өшірер” немесе “Қорық Құдайдан, қайт райдан” деп, бәзбіреулерді райынан қайтарғысы келеді. Ақырында көңілі қалған күйде “Ісің ақ болса, Тәңірік жақ болар” деп, немесе “Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірім табады” барлығын бір Құдайға тапсырады.

 

Ыбырайдың “шоқынды” деп айыпталуы

       Ыбырай Алтынсариннің тағы бір діни еңбегі “Мұсылманшылықтың тұтқасы” деп аталады. Ол өзінің Ильминскийге 1882 жылы 12 қыркүйекте жазған хатында: «Ұлы мәртебелі, мархабатты төрем Николай Иванович! ...Қазіргі кезде қазақ арасында Мұхамбеттің діни оқуы жайылып, етек алып барады. Бұл діни оқуды көбінесе татар және Бұқар молдалары немесе татар, Бұқар медреселерінен оқып шыққан қазақтар жүргізіп отыр. Діни оқуға пайдаланатын құралдары – көбінесе қазаққа түсініктірек татар кітаптары. Бірақ онда ешқандай жүйе, көбінде мағына жоқ. Сондықтан, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін оларға өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына толық сай, дін оқыту құралы бола алатын «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітап жазып шықтым. Кітап төрт бөлімнен құралды. Бірінші бөлімде иман туралы, екінші бөлімде Құдайға құлшылық ету, яғни намаз оқу, ораза ұстау, кедейлерге садақа беру, қажыға бару жағы көрсетілді. Үшінші бөлімде – адамгершілік жайы, төртінші бөлімінде – намаз, ораза үстінде, басқа жағдайларда оқылатын арабша аяттар қазақ тіліне аударылып берілді. Аса қайырымды Николай Иванович, осы кітабымды сізге жіберіп, мұны бастыру ісіне өзіңіздің араласуыңызды сұраймын», – дейді. Айтса айтқанындай, кітап 1884 жылы Қазан қаласынан араб әріпімен жарық көрді. Халықты адасудан сақтау мақсатында шығарған кітабын онсыз да қазақ балаларын орысша оқуға үндеп жүргенін ұнатпайтын дүмше молдалар үлкен сынмен қабылдады. Түрлі айыптар тақты. Бұл жөнінде ыбырайтанушы ғалым, профессор Жамал Бәшірова: “Ыбырай Жаратушының барына шек келтірген емес. Бірақ ол дүмше молдаларға, сауатсыз діндарларға ашық қарсы шықты. Өйткені ол кездері халыққа білім беретін имамдар еді. Ыбырай халықты соқыр сенімнен алыстатқысы келді. Иман деген – сенім екені белгілі, біз бұл тұрғыда Абай, Ыбырай, Шәкерімдердің еңбектерін зерттей келіп, «иман тек діни ғана емес, сондай-ақ ғылыми сенімді де білдіреді» деген тұжырым жасадық. Ы.Алтынсариннің  «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабының кіріспесінде «Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ... Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігіне көңілі дұрысталмаса, әлбетте, ол намаз болып табылмайды. ...Бес парызды орындауды тек мұсылман болып көріну үшін жасаған болса, ол да күнә», – делінген. Яғни, Ыбырай халықты адал өмір сүруге шақыра отырып, оның негізі ғылым-білім мен имандылықтың ұштасуында екендігін баса көрсеткен, - дейді.

       Ыбырайды бұл жаладан тек 1923 жылы сол кездегі жас жазушы Мұхтар Әуезов “Шолпан” журналында “Ыбырай Алтынсарин” атты мақала жазып, қорғап шықты. Онда: «Ыбырай жайында осы күнге шейін тым-тырыс болып келе жатқанының себебі бар шығар. Ол себеп – Ыбырай жайындағы ел арасындағы алыпқашпа өсек. Ол өсек, қысқасынан айтқанда, мынау: «Ыбырай орысқа сатылды. Шен алып, шекпен кию үшін Ильминский сияқты қаражүректермен жақын болды. Ақысына қазақ жұртын шоқындырып бермекші болды. Тірі күнінде осы бағытта қызмет қылды. Өлгенде үйінен бір сандық крест шықты. Өзі шоқынған. Аты-жөні Иван Алексеевич еді». Ыбырайға жабатын жаланың түрі осы», – дейді де, жазушы ол кісі туралы өсектің шығуының себептерін талдап, жоққа шығарады. Мұхтар Әуезов Ыбырайдың өзі өлген соң үйінен шыққан бір сандық крест дегені бір сандық қағаз екенін айтады. Бұл - әрине, Ыбырайдың дұшпандарының, дүмше молдалардың таратқан өсегі болатын. Осы деректі өз зерттеулерінде журналист Нәзира Жәрімбетова келтіреді.

  Міне, ақынның бекер айыпталуы, сосын оны Әуезовтің ақтауы осылай. Бірақ ең өкініштісі, «шоқынды» деген сөз Алтынсаринге күні бүгінге дейін ілесіп келеді. Оның өлеңдері немесе әңгімелерімен, «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабымен таныс жанның мұндай қате қадамға бармасы анық.

 

«Жаназама 100 адам қатыссын...»

       Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде 48 жасында дүниеден өтті. Ол туралы «Оренбургский листок» газетінен «Дала уәлаятының газетіне» көшіріп басқан қазанамада Ы.Алтынсариннің ұзаққа созылған өкпе ауруынан қайтыс болғаны айтылған. Ауырған кезінде ешкіммен сөйлеспеген күйі үнсіз жатыпты. Тек жастығының астынан Құдайға жалбарынып, Құранның бір сүресін еске алып, жанына батқан ауруға медет тілеп жазған бір тілім қағаз табылыпты деседі. Жанында болған адамдар «жаназама 100  кісі қатыссын» деп өсиет айтқанын жеткізген. Өзі айтқанындай, Ыбырайдың жаназасына адам көп жиналған. Тіпті қаладан орыс достары арнайы келіп, кейін Ильминский «Ыбырай Алтынсарин туралы есте қалғандардан» атты кітабын Қазан баспасынан шығартады. Осының өзі Ыбырайдың халық ішінде қаншалықты құрметті адам болғанын көрсетсе керек.

   Ыбырай Айғаныс атты жұбайынан екі ұл, бір қыз сүйген. Ұлдарын Алланың сүйікті есімдерімен Абдолла, Әбдірахман деп атаса, қызына Шәрипа деген ат беріпті. Әбдірахман мен Шәрипа жастайынан қайтыс болып, Абдолла ғана қалады. 1928 жылдары бай тұқымы ретінде қудаланған Абдолла Қырғызстанға қоныс аударып, сонда 52 жасында қайтыс болған. Ал одан қалған Нағима атты қыз 1959 жылы қырғыз елінен Қазақстанға көшіп келіп, 1998 жылы 82 жасында дүниеден көшкен.

  Өмірін қазақ балаларының оқуына, білім алуына арнап, отбасылық тіршілігіне онша көңіл бөлмеген Ыбырайдың кіндігі осылай үзілді... Бірақ әр оқыған қазақ өзінің Ыбырайдың мұрагері екенін білер ме екен, білмес пе екен...       

1 пікір
  • Ыбырай атамыздың мына өлеңін бұрын жарияланбаған өлең деп Жас Алаш газеті 2002 ж 15-қазанда жариялапты:

    ...Аласы ағайынның алаңдатты,
    Көре алмай көп ішінен жамандатты.
    «Шоқынды», «крест тақты», «әйкәпір» деп,
    Аузына келгенді айтып бақты...

    Надандық қандай «қызық» қараптұрсаң,
    Көңлі соқыр көрмейді көзге ұрсаң,
    Бабын қалай табарсың бұл қазақтың,
    Басқа тебед жаныңды құрбан қылсаң.

    Бар айыбым баласын оқытқаным,
    Орыстың біліміне тоқытқаным,
    «Білімсіз кеңілмейді керегең» деп,
    Айтқанымнан атандым «кәпір-залым»...

    Білдірген де сен едің білім жолын,
    Шалқыған жалындай боп көкірегім,
    Қаларсың өзің жанып, өзің сөніп,
    Ғұмырдың аяқтасаң текірегін...

    Ыбырай атамыздың тағы да айтқысы келгені бар шығар. Бірақ жазып алған адамның есінде қалғаны осы екен.
    8 жыл бұрын