Табиғатқа мұсылманша көзқарас
Табиғатқа мұсылманша көзқарас
8 жыл бұрын 4275
Қанат Тілеубек

Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) қиямет орнаса да қолдағы шыбықты отырғызып үлгеру керектігін айтуда. Ол кісінің қоршаға ортаға жанашырлықпен қарағанын өзен суын ысырап етуге тыйым салуынан және жолдан жүргіншілерге зиян тигізетін тікенді алып тастауға шақырғанынан-ақ көреміз.

Алла Тағала «Нәба» сүресінде: «Сендерге дәнді дақылдар, тұқымдар, өсімдіктер мен ағаштары бір бірімен айқасып өскен бақшалар өсіру үшін тығыздалған бұлттардан молынан жаңбыр жаудырдық», - деп бұйырған («Нәба» сүресі, 14-16).

Аятта құлдары үшін жаратқан әрі адамның иелігіне берген табиғат туралы хабар беруде. Қасиетті кітабымызда қоршаған орта туралы айтылғанына қарағанда, соңғы пайғамбардың табиғатқа мұқият қарамауы мүмкін бе? Расулалла (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) маңайдағы тіршілік иелерінің бәріне де ерекше сергек қараған.

Расулалланың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шыбық отырғызуды бағалауы, ағашқа көңіл бөлуі біздердің қоршаған ортаға деген мұқияттылығымызды арттыруда. Неге десеңіз, бірқатар хадис бізді маңайды көгалдандыруға ынталандырып: «Әлдекім ағаш егіп, қандай да бір адам не аң сол ағаштың жемісінен жесе, желінген жемістер міндетті түрде ағашты отырғызған адам үшін садақа таратқандай саналады» (Ахмед ибн Ханбәл). «Қолдарыңда бір ағаш көшеті болса, қиямет орнай бастаса да егер үлгерсеңдер, міндетті түрде отырғызыңдар» (Бұһари).

Тек осы екі хадистің өзі Пайғамбарымыздың табиғатқа етене жақын болғанын көрсетуде. Кімнің жері болса, дән егуін, оны өзі істемесе, егетін басқа діндес бауырына беруі керектігін айтқан адамзаттың асылы бұнымен де шектелмей соғыс секілді кектеніп, көзге қан толған уақыттардың өзінде де жеміс ағаштары мен егіс алқаптарын өртеп, тып-типыл етуге рұқсат етпеген. Жолда кетіп бара жатқанда, ағаштардың бұтақтарын сындырып немесе ұнаған гүлді жұлып алуды жанымыз қалайтын біздер сәт сайын мейірбан пайғамбардың үмбеті екендігімізді ұмытпауымыз керек.

Адам баласының қоршаған ортаға құрметпен қарауы, маңайындағы тіршілік иелерін қорғап-бақылауы, оның жер бетін басқарудағы қажетті міндеті. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі уақытта бұл міндетімізді тиісінше орындамадық. Экологиялық тепе-теңдікті бұздық, осының нәтижесі ретінде ғаламдық жылыну секілді мәселемен бетпе бет келдік. Осындай мәселелер туындамасын деп Расулалла тура бір өз дәуірінде алдын алуға әрекет жасағандай.

Мәдинада шалғайдағы орманнан қажеттілік үшін ағаш кескісі келгендерге жаңа ағаш отырғызу шартымен рұқсат еткен, сөйтіп табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуына жол бермеген. Пайғамбарлар падишасы суды сақтауға шақырып, ысырапқа жол бермеген.

Бірде суды ысырап етіп дәрет алған сахабасына ескерту жасаған. «Дәрет алғаннан су ысырап бола ма?» деп сұраған оған былай деп ескерткен: «Иә, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаңдар да…» (Ибн Мажә).

Пайғамбарымыз тек ағаш немесе су емес, Алланы ұлықтайтын жан-жануарларға да мұқият қараған. Бірде сахабалардың бірі: «Уа, Алланың елшісі, қолымызда ұстап отырған малымыз бар. Оларға жақсы қарау да сауап па?» - деп сұрағанда: «Көкірегінде жаны бар кез-келген тіршілік иеcіне аяушылықпен қарау сауап» деген жауап естіген (Бұһари).

Иә, жымиюдың өзін садақа есебінде қабыл алған Раббымыз ағаштан жан-жануарларға дейін барлық тіршілік иелеріне аяушылықпен қарауды, біз сияқты құлдары үшін сауапқа себеп еткен.

Жолдан жұртқа кедергі келтіретін нәрсені алып тастау, қоршаған ортаның таза әрі ретті болуы Пайғамбарымыздың әсіресе көп тоқталған мәселелерінің бірі. Бір хадисінде былай деген: «Бір кісі жолда кетіп бара жатып, жол үстінде жатқан тікенді көріп, шетке алып тастады. Жаратушы ие құлының осы ісін ұнатып, оған кешірім етті» (Бұһари).

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз жол үстінде жатып, көрген адамның жиіркенішін тудыратын түкірікті де нашар істер қатарына жатқызып былай деген: «Маған үмбетімнің жақсылығы мен жамандығы, барлық істері көрсетілді. Жақсы істердің арасында жүргіншілерге зиян тигізетін нәрсені жолдан алып тастау да бар еді. Нашар істердің арасында жерге көмілмей мешітте жатқан түкірік те болды» (Mүслим).

0 пікір