Сүннетті сақтап, саулықта болыңыз!
Сүннетті сақтап, саулықта болыңыз!
3 ай бұрын 1406
Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы

Ислам- барлық уақыт пен барлық жерге ортақ кемел дін болып табылады. Оның заңдарын басшылыққа ала отырып, әлемдегі мұсылмандар руханият биігіне жетіп, өзге де  игіліктердің шыңына қол жеткізді.

Құранның әрбір сөзі үлкен шындықтың тәжірибесі, ал ғылым бұл шындыққа қолданылатын күш. Білім шексіз, оның көкжиегі  күн өткен сайын кеңейіп, соңғы жаңалықтарды ашуда әрі Құранға сәйкес ғылым, дін, ауыл шаруашылығы, технологиялар мен медицинаның барлық салаларын қамтитын толыққанды мәтін болып табылады.  Бұл жайында Құранда былай делінген: «Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине, олар түсінер»  (Нахл, 44).

Осы мақалада біз Құран мен сүннетте келтірілген адамдардың физикалық денсаулығын нығайтудың негізгі қағидаларына тоқталып, оның бүкіл әлемдегі заманауи медициналық ғылыми зерттеулермен расталғанын түсіндіруге талпындық.

1. Намаз, ғибадат.  Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала намазға ұқыпсыздық танытқандарды, өзгеге көрсету үшін оқитындарды айыптайды. Ғибадат етудің шынайы мақсаты - Аллаға бойсұну, рухани жақындау болса, адам денсаулығына да қосымша көптеген пайдалары бар.

2. Жаттығулар. Бізге күніне кемінде үш рет тамақтанатындықтан, ағзадағы холестерин деңгейін төмендетуге арналған жаттығулар қажет. Оның мөлшері тамақтан кейін қанда жоғарылайды әрі қоюланады және артерияларда холестериннің жиналуына әкеледі. Намаз күнәларымыздан  тазалануға және рухани биіктерге көтерілуге  ықпал етіп, физикалық денсаулығымызды сақтауға жәрдемдеседі. Ол біздің ағзамыздың қызметін белсендіреді, асқорытуға көмектеседі және тұрақты теңдестірілген тиімді жаттығулардың арқасында бұлшықеттер мен буын ауруларынан сақтайды. Жаттығу, қозғалыс қан айналымын жақсартады, сондай-ақ холестериннің зиянды әсерін азайтады. Намаз инфаркттың, сал ауруының, мерзімінен бұрын қартаюдың, деменцияның, қант диабетінің т.б. дерттердің алдын-алу шарасы ретінде маңызды рөл атқарады. Намазда болатын жүйелі және теңдестірілген қимыл-жаттығулар арқылы коллатералды  қан айналымын жеделдетуге болады. Намаз- жүректің ишемиялық ауруын  алдын-алудың тиімді шарасы ғана емес, сонымен бірге осындай жүрек соғысы бар немесе соған бейім адамдардың қан айналымын реттеуге тиімді ықпал етеді. Жүрек-қантамырлары ауруы бар науқастар дәрігерден төсектен тұруға рұқсат алғаннан кейін, бес парыз намазын үнемі толық орындауы тиіс. Себебі, намаздардың жүйелі тәртібі оның оңалуына әсер етеді, аш қарынға жасалынатындар қысқа, тамақтанып болғаннан кейін ұзағырақ  орындалып, денеге үлкен жүктеме түсіреді. Мәселен, Рамазан айында кешкі намаздан кейін тағы жиырма ракағат намаз (тарауих) қосылады, өйткені, ауызашардан кейін әдетте көп тамақ ішіледі. Алла Елшісі (с.а.у.): «Тамақты Алланы зікір етіп, намаз оқып сіңдіріңдер»,- деген (Бәйһақи). 

Намаз дененің барлық бұлшықеттерін белсенді етеді. Намаз кезінде әртүрлі бұлшықет топтары белсендіріледі. Сәжде кезінде мидың қанмен қамтамасыз етілуі жақсарады. Остеоартрит кезіндегі тізедегі жүктемені азайту мақсатында тізе буындарының бұлшықеттерін нығайтудың пайдалы әдістерінің бірі - намаз кезінде осы бұлшықеттердің тұрақты қимылдар арқылы жаттығуы.

3. Жүрек. Бұл өмірлік маңызы бар орган, ол әрқашан сау болуы керек, себебі, ол қан айналымына жауап береді. Ауру жүрек денсаулықтың нашарлауына әкеледі. Бұл біздің ғасырлар бойғы ғылыми зерттеулерден кейін алған біліміміз, алайда бізге жеткен мәліметті он төрт жүз жыл бұрын Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан болатын. Расулалла (с.а.у.) хадисінде: «Шындығында, адамның денесінде бір жапырақ ет бар. Егер осы бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі,сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса онда ол адамның денесі де, тәні де, жаны да бұзылады, ол бір жапырақ ет - жүрек», - деп айтуы да адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.

4. Түскі ұйқы. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) түскі астан кейін біраз уақыт мызғып алатын, ал оның сахабалары да осы амалды ұстанған. Бұл қысқа ұйқы дененің өмірлік маңызды мүшелерін, жүрек пен мидың қызметін жеңілдетеді.

5. Тамақтағы мөлшер, тұрақтылық. Құранда осы жайында мынадай аяттар кездеседі: «Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді». (Ағраф, 31). Пайғамбарымыз тамақ ішу әдебінде «Тамақтың үштен бірін суға, үштен бірін тамаққа, үштен бірі ауаға қалдыруды» өсиет еткен.

Келесі бір өміршең хадисінде: «Мүміннің бір асқазаны болса,  ал кәпірдің жеті асқазаны бар» - деген. Артық тамақтану көптеген аурулардың, сондай-ақ мерзімінен бұрын қартаюдың себепкері екендігі дәлелденді. Бұл семіздікті, қант диабетін, гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен сал ауруы  сияқты қауіпті ауруларды тудырады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Тамақтарыңды Алланы зікір етумен бастаңдар және одан кейін ұйықтамаңдар, жүректерің қатайып кетеді»,– деді (Табрани).

Артық тамақтану қандағы холестериннің мөлшерін арттырады. Шошқа еті мен сиыр етінде холестерин көп, ал құс етінде аз кездеседі. Құранда құс еті жұмақтың бір ерекшелігі деп айтылады. Зәйтүн жайында Құранда бірнеше рет баяндалған және қазіргі статистика көрсеткендей, оңтүстік  Италияда тамақ дайындауда зәйтүн майын жиі қолданылатындықтан, инфаркт аз мөлшерде ұшырасады, ал күнбағыс майы мен маргариннен дайындайтын солтүстік Италияда инфаркт жиі кездесетіндігі анықталды.

6. Дәрет алу. Дәреттену, жуыну- ғибадаттың маңызды бөлігі, гигиеналық процедуралардың бірі. Ол дененің ашық жерлерінің тазалығын, сонымен қатар инфекцияны болдырмауға көмектесетін ауыз бен мұрын сияқты дененің табиғи саңылауларын да қамтамасыз етеді. 

7. Инфекцияның алдын-алу. Инфекция лас қолмен немесе лас тамақ арқылы берілуі мүмкін. Тамақтану алдында және одан кейін қолды жуу өте маңызды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Астың алдында және астың соңында қол жууда береке бар»,-делінген (Әбу Дауд, Тирмизи). Сондай-ақ,  тамақ ішер алдында қолымызды сүлгімен сүртпеуге кеңес берді, бұл инфекцияны бір адамнан екінші адамға жұқтыруы мүмкін, әсіресе жұқпалы сары ауру немесе іш сүзегі мен тырысқақ сияқты бактериялық инфекциялар. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ұйқыдан тұрған кез келген адам қолдарын үш рет жумай тұрып, ыдысқа салмауы керек, өйткені, ұйқы кезінде  қолын қайда тигізгені белгісіз», - деген (Бұхари, Муслим, Әбу Дауд, Ән-Нисай).

8. Сусындар. Сусындарды абайлап қолдану керек. Егер олар ашық ыдыста болса, оны ластамау үшін оны жауып қойыңыз. Сонымен, Алла Елшісі (с.а.у.) Жәбир (р.а) жеткізген хадисте:  «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жайып қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп  ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын...» десе, тағы бір хадисте: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауыруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауыруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі» деген.

9. Ауыз қуысының гигиенасы. Расулалла (с.а.у.) мұны аурудың алдын-алу үшін өте маңызды болғандықтан атап өтті. Ол мисуакқа, яғни, тістерді тазалау үшін қолданылатын ағаш таяқшаға, үлкен мән берді. «Үмбетіме ауыр соғады-ау демегенімде әр намаздың алдында мисуакпен тіс тазалап тұруды бұйырар едім» (Бұхари).

Қазіргі заманауи стоматологияға сәйкес мисуакты немесе тіс щеткасын қолданудың ең жақсы әдісі - тістің бүкіл ұзындығы бойынша жоғары және төмен жылжыту, ал Алла Елшісі (с.а.у.) мисуакты дәл осылай қолданған.

10. Асқорыту жүйесінің аурулары. Асқорыту жүйесіне байланысы Мұхаммед (с.а.у.)-ның көптеген хадистері бар: «Базарда тамақтану дұрыс емес», «Жерде жеген адам өзінің өліміне ықпал етеді» (Табарани). Ол сондай-ақ: «Тез тамақ ішпеңдер. Сонымен қатар, сізге ең жақын нәрсені жеу керек»,-деген (Бұхари, Муслим). «Дәмдеуіштерді тамақпен бірге пайдаланыңыз, ол сұйық болса да» (Табарани). «Сірке суы - бұл өте жақсы дәмдеуіш», «Ең жақсы дәмдеуіш-ас тұзы". 

Жазда терлеу кезінде ағзадан тұздың шығуы артады, сондықтан бұл кезеңде ас тұзын мөлшермен қолдану тиімді. Біздің Пайғамбарымыз (с.а.у.) асқабақты жақсы көретін, өйткені, ол оңай сіңіріледі және іштің кебуін болдырмайды. 

10. Эпидемиялық алдын-алу. Гигиенаның денсаулық үшін маңыздылығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тазалық инфекцияның адам ағзасына енуіне жол бермейді әрі бізді түрлі аурудан қорғайды. Ұлы Жаратушы «Мүддәссир» сүресінде Пайғамбарымызға (с.а.у.) былай деп бұйырады: «Киіміңді тазала! Әр түрлі лас істерден аулақ бол». (Мүддәссир, 4-5). Алла Елшісі (с.а.у.): «Алла пәк және тазалықты жақсы көреді» деген (Тирмизи).

«Алла Тағала шаңды, кірді және ұйысқан шашты ұнатпайды», «Шынында да үш нәрсе қарғысқа ұшыратады- су көзіне,  көлеңкеге, жолда зәр шығару». (Ибн Мәджа).

11. Көшелер мен жолдар. Қалалық жоспарлау көліктің қозғалысына кедергі келтірмеу және аурудың таралуына ықпал ететін көлік қозғалысын, тобырды болдырмау мақсатында кең жолдарды қарастыру қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) он төрт ғасыр бұрын: «Көшелердің ені жеті шынтақ болсын», - деп айтып кеткен.

12. Инемен емдеу. Бұл әдіс бірнеше ауруларды тиімді емдеу ретінде сенімді  хадисте айтылған. Емдеу әдісін қолдану жайында Қытайда және басқа елдерде зерттеулер жүргізілуде. Исламда медицинаның басқа да аспектілері бар. Пайғамбар сырқатты емдеуді және алдын-алуды ұсынған, өзі тәжірибеде қолданған. Түйіндей келгенде, Құран мен хадисте адамзаттың өміріне үлкен пайда әкелетін білімнің көптеген құнды інжу-маржандары бар. Ендеше, сүннетті сақтап, саулықта болыңыз!  

Дереккөз: islam.plus

 

0 пікір